- Раушан Нұрханқызы, Иманжүсіп Құтпанұлы туралы айтпас бұрын, батыр-дың ата тегі туралы сөз етсеңіз. Себебі ел аузында «Иманжүсіптің ерлігі атасы-нан дарыған» деген сөз бар...

- Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай Сіргебай-ұлы Қоқан қарауындағы Түркістанның Шілік деген жерінде беделді датқа әрі пансат (бес датқаның үстінен қарайды) болған. Қоқан ұлықтарына қызмет еткен ол өз заманында ықпалы зор адам болыпты. Бірақ Тұрғанбай бабамыз - өкімет адам-дарының айтқанына көніп, айдауымен жүр-меген жан. Оның ұстанғаны - тек әділдік. Қоқандықтардың қазақ халқына жасаған қиянаты мен өктемдігіне шыдамаған ол 1820 жылы көтеріліс жасайды. Қоқан үкімдары Тұрғанбайдың ауылын шауып, малын айдап кетеді. Азаматтарын көгендеп қойып бауыздап, ал датқаның үстіне ыстық су құйып өлтіреді. Бұл тарихи кітаптарда «Шілік оқиғасы» деген атпен жазылып қалды. Қоқан әскерлерінің осы адам төзгісіз қиянатынан кейін Тұрғанбайдың әйелі Малбике тоғыз айлық баласы Баймырзаны және бес жасар қайынінісі Басықараны алып қашады. Сол кезде оларды Ерейментау-ға бара жатқан керуеншілер тауып алады да, сәбиді сол керуендегі Дайрабай батырға береді. Дайрабай батыр оған Құтпан деп ат қойып, өз баласындай қабылдаған екен. Содан кейін ол Құтпан Дайрабайұлы болып кеткен. Иманжүсіптің әкесінің Арқаға келу тарихы қысқаша осылай. Құтпан қайратты, қарымды болып ер жетеді. Ресейдің отарлауына қарсы ұлт-азаттық қозғалысын баста-ған Кенесары Қасымовтың қосынында болып, ұлтымыздың азаттығы үшін талай ерлік көрсеткен. Әкесі Тұрғанбай датқа Қоқан өктемдігіне қарсы күрессе, оның баласы ата жолын қуып, қазақ елінің намысы үшін атқа қонады. Жоғарыдағы «Иманжүсіптің ерлігі атасынан дарыған» деген әңгіменің өзегі осыдан шыққан.

- Иманжүсіп Құтпанұлының өмір-тарихын қазақ жазушылары да көп шығармаларына арқау етті. Жалпы, батырдың тұлғасын қаламгерлер қалай суреттеп жүр?

- Иманжүсіп атамыз туралы жазушы Жұмабай Орманбаевтың «Аяулы аға шылауында» атты мақаласынан көп дүние оқуға болады. Жазушының пайымдауынша, Иманжүсіп Құтпанұлы ірі денелі, келбетті кісі болған. «Қолмен қойғандай иегіне ғана біткен селдірлеу ұзынша сақалы, жебелі мұрты көк бурыл тартыпты. Жанары таймаған үлкен көзді, сәл шолақтау қыр мұрынды, ат жақты ашаң қара сұр жүзді байсалды да ойлы тәрізді» - деп суреттейді. Сонымен қатар, ақын, белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаев «Палуан аға» естелігінде Қажымұқан мен Иманжүсіп жайын сөз етеді. Әңгімесі 1977 жылы «Жұлдыз» журналы-ның 12-санында жарияланған болатын. Әңгімеде Қажымұқанның Иманжүсіпті жоғары бағалап, құрмет тұтқаны туралы айтылады. Автор батырға былай деп баға береді: «Мәдиді айтамыз батыр деп, Иманжүсіпті де сол сапқа қосамыз. Екі метр бойы бар, ат шыдамайды екен астына. Қырық кісімен жал-ғыз өзі қамшымен ғана төбелесіпті» дейді.

Бір әңгімесінде мынадай дерек келті-реді: 1927 жылы Республика астанасы Қызылорда қаласына Ұлы Октябрьдің он жылдық мерекесіне Иманжүсіп келеді. Ал батырдың келе жатқанын естіген Сәкен Сейфуллин алыстан алдынан шығып, күтіп алған деседі. Міне, содан бастап Сәкен Сейфуллин мен Иманжүсіп Құтпанұлы жақын дос болып кетіпті. Ұлан-асыр тойдағы ат бәйгесінде атамыздың жүйрігі бірінші болып келді. Сол жолғы кездесуде олар «Телекөл» сапарына бірге шығады. Екі ақынның қасына Жұмабай, Мұқажан, Әшірбек деген жігіттер еріп жүреді. Осы «Телекөл» сапарында мынадай бір оқиға орын алған. Бір байдың қызы мен кедей-дің ұлы бірін бірі ұнатып қалады. Бірақ үлкендер жағы рұқсат етпеген. Ол кезде қазақтар қыздарын өздерінің атастырған ауылына ғана тұрмысқа беруі заң болған. Осыны естіген Иманжүсіп пен Сәкен қыз-дың қалың малын төлеп, екі жасты үйлен-дірген екен. Тіпті, үйлендіріп қана қоймай, тойын жасап беріп, кейін Қызылордаға апарып жұмысқа орналастырған. Осы әңгімені естігеннен кейін мен сол отбасының ұрпақтарын іздеп Қызылорда жеріне, «Теле-көлге» арнайы бардым. Бірақ ұрпақтарын кездестіре алмадым.

Осы сапардан кейін олар той-думан-дарда жиі кездесіп тұрады. Ал И.Құтпанұлы дүниеден өткеннен кейін С.Сейфуллин марқұм досымен бірге болған оқиғаларды жиі еске алып жүріпті. Тіпті, бұрыннан білетін адамдардан сұрай жүріп, архивтерден көптеген деректер жинаған. Бірақ оны жарыққа шығаруға нәсіп болмады. Тағы бір мақалада Сәкен Иманжүсіпті 1927 жылы Қызылорда қаласында өтетін Кеңес үкіметінің он жылдық мерейтойына шақырғандығы жөнінде айтылады. Бұл да -тарихта бар оқиға.

- Кітап сөреңізде жерлесіміз, баян-ауылдық жазушы Зейтін Ақышевтің «Шынардың шыбығы» романы да бар шығар...

- Әлбетте... Бірде Алматыдағы баспа үйі-не барсам, сөреде осы кітаптың қолжазбасы жатыр. Көзіме оттай басылды. Бірден жазушының қызы Розаға апарып көрсетіп едім, олар да бірден әрекет етіп, жарыққа шығарды. Бұл кітаптың алғашқы атауы «Иманжүсіп» болған. Баспаға 1982 жылы ұсынылған. Бірақ орталық партия комитеті-нің басшылығы баспадан шығартуға рұқсат етпеді. Себебі Иманжүсіпті кеңес билігі елді ойлаған батыр емес, ел ішіне іріткі салған бұзақы деп білген. Кейін партия комитетінің басшылығы кітаптың атауын өзгерткен жағдайда ғана рұқсат беретінін айтқан. Содан кейін жазушының ұрпақтары биліктің талабына көніп: «Шынардың шыбы-ғы» деген ат қойды. Оқырман қолына тиюге жақын тұрған тағы бір туынды бар. Ол -Сәкен Сейфуллиннің шәкірті Жұмабай Орманбаевтың «Дала перзенттері» романы. Ол кісі атамыздың көзін көріп, талай рет дәмдес, дастарқандас болған екен. 1927 жылы Сәкен мен Иманжүсіптің «Теле-көл» сапарына бірге барған Жұмабай деген жігіт – осы. Еңбекті жақында жарыққа шығарып, «Жібек жолы» ауылындағы Иманжүсіп мұражайының ашылуымен бірге оқырманға таныстырамыз деген ой бар.

- Ел аузында: «Әзірейіл – Имекеңнің қамшысының ұшында» деген сөз бар. Мұның мәнісін білесіз бе?

- Иә, ондай әңгіме қазақтың ұлы палуаны Қажымұқанның аузынан шыққан. Себебі Иманжүсіп атамыз ашулы бір кезінде Қажымұқанға қамшы көтерген дейді. Мұны да Әбділдә Тәжібаев жазған. Әңгімеде ол оқиға былай суреттеледі: «Қояндының базары қызып жатқанда бір кесір шалға тілім тиіп кетіпті. Шал маған қамшы сілтемек болғанда, мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін. Күлген жұрт зәресі ұшқан шалды үйден түсіріп алып, қайта аттандырып жіберіпті. Ызалы қарт сол бетімен Иманжүсіпке барыпты... Үйдей кері атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Содан соң тепсіңкіреп кеп қамшымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір аман екем...». Міне, осыдан кейін ел арасында «Әзірейіл - Иманжүсіптің қамшысының ұшында» деген сөз тарапты. Батырдың мынадай тағы бір ерлігі ел аузында: Иманжүсіптің жас жігіт кезі екен. Екі орыс офицері Кенесары ханның суретін нысана етіп іліп қойып, мылтықпен көздеп атып жүреді. Сурет бірнеше жерден тесілген. Көрген қазақтардың бәрі қолдарында мылтығы бар полицейлерге қарсы үн қата алмайды. Сол кезде денесі еңгезердей қазақ жігіті екеуінің желкелерінен қысып ұстап, екі жаққа лақтырып, нысанадағы суретті жұлып алады. Сөйтсе, ол Иманжүсіп Құтпанұлы екен. Бұл оның ел аузына іліккен ең алғашқы ерлігі деуге болады. Мұны батырдың көзін көрген үлкен ақсақалдардың аузынан естідім.

- Иманжүсіп Құтпанұлының неше баласы болған? Ұрпақтары қазір қай жақта?

- Иманжүсіптің он баласы болған. Оның үшеуі - ұл, жетеуі - қыз. Үлкен екі ұлының есімдері – Дәулетхан және Сейітхан. Олар Күйгенжарда дүниеге келіпті. Иманжүсіп үлкен ұлдарына кіші бауырлары Нұрханға (менің әкем) қарайласуды көп тапсырған екен. Ұсталғаннан кейін «Мен сендер үшін жоқпын. Менен күдер үзіңдер. Нұрханды оқытып, оны күтіңдер» деген. Бірақ үлкен ұлдары да ұсталып, әкелерімен бірге айдауға кеткен. Кіші ұлы ол уақытта он жаста ғана еді. Ол қарындастарымен бірге Мойынқұмның Бөріқазған елді мекенінде қалып қойды. КГБ мұрағатында әкесі мен ұлдарының тергеу барысындағы жауап хаттамасы сақталған: «ештеңе білмеймін, ештеңе естімедім, ешкіммен таныс емеспін» деген жазулар бар. Соттың тергеуі барысында екі ұлдың бірі – Дәулетхан қашып шығуға мүмкіндік алды. Ал Сейітханды мәжбүрлі түрде қара жұмысқа жіберген. Үш айдан кейін олар кіші бауыры мен қарындастарын Ташкентке алып кетеді. Нұрханға Юсупов деген фамилия беріп, Наманган балалар үйіне өткізеді. Ал өздері Таштөбеге қоныстанады. Баласы Дәулетхан-ның ғұмыры қысқа болды. Соңында Әмірхан есімді жалғыз ұлы қалады. Ұрпақтары қазір Павлодар өңірінде тұрып жатыр. Екінші ұлы Сейітханның отбасы үлкен болды. Өзі 1959 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Сейітханның балалары мен немерелері Павлодарда және Алматыда тұрады. Ал ең кішісі Нұрхан балалар үйінен шыққаннан кейін Өзбекстанның Әндіжан агрохимиялық техникумында білім алған, Субхандария облысында еңбек еткен. 1940 жылы әскерге шақырылып, соғыс майданына аттанады. Әкеміз соғыста аты әйгілі «Катюшаның» взвод командирі болды. «Майдандағы жанқиярлық ерлігі ескеріліп, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше мәрте ұсынылды, бірақ берілмеді. Соғыстан келгеннен кейін соңына КГБ-нің қызметкерлері шам алып түсіп, оған «заңсыз партияға кірді» деген жалған жала жапты. Бірақ ол кісінің партия қатарына алынуында ешқандай заңсыздық жоқ. Айтуынша, ол партия қатарына Сталин-град майданында жүріп, окопта жатқан-да қабылданған екен. Әкеміз осыны - 1948 жылы тергеушілерге де айтып, дәлел-деп берген.

- Иманжүсіп Құтпанұлының туған елі –Ертіс жағалауы, яғни Ақсу жері екенін ел біледі. Бұл жақтан неше жасында кеткен?

- Иманжүсіптің әкесі Құтпан бабамыз Кенесары көтерілісіне соңына дейін қатысып, 27 жасында Ертіс жағалауын паналап келіп, бір байға жалданып жұмыс істейді. Үйлі-баранды болып, мол дәулет бітті. Содан кейін жергілікті байлар оған қысым көрсетіп, малын қудалап тоқтатпаған екен. Содан 1865 жылы Ақмола жеріне қайта көшуді ұйғарып, Күйгенжардан Қарасуға дейін жер алады. Ол кезде Иманжүсіп екі жаста болды. Ал Сыр еліне 1913 жылдың көктемінде барған екен. Батыр тұлғасы Сыр еліне ғайыптан туған ер, ел қысылғанда көрінген бір күш болып көрінеді. «Жазкен тамы» қыстағында отырған оны ел ақсақалдары Сыр өлкесімен таныстыру үшін сол жылдың мамыр айында ұзақ сейілге алып шығады. Бұл жиынды жергілікті халық «Батырдың оралуы» деп атаған. Шиеліден Ақмешітке дейін барған бұл танысу шарасы бір жылға созылып, үлкен бір тойға ұласқан. Бұл тойға бүкіл Сыр өңірі шақырылып, мыңдаған адамдар қатысқан. Міне, Сыр елі Иманжүсіппен осылай табысқан деседі. Бұл туралы Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ» газетіне шыққан мақаласында толық жазыған.

Павлодар өңіріндегі Песчан станицасы маңында Құтпанның қыстауы және отбасымен бірге тұрған үйі әлі де бар. Ақсу қаласының басшылары бұл орынға реставрация жасап, туристік маршрутқа енгіземіз деп отыр. Міне, осы жұмыстарды қолға алып жатқан Ақсу қаласының әкімі Николай Дычкоға алғысым шексіз.

- Батырдың өмір-тарихын халыққа насихаттау бағытында қандай жұмыс-тар атқарылуда?

- Иманжүсіп Құтпанұлына «Мойынқұм көтерілісін ұйымдастырушы» деген жалған жала жабылып, 1931 жылы Таразда атылған. Бұл туралы мәліметті бізге 1992 жылы КГБ-ның мұрағаты жіберді. Бірақ жерленген жері туралы ешқандай белгі болған жоқ. Өйткені ол жерде одан басқа да көптеген адамдар атылған екен. Сондықтан біз сол жерден бір уыс топырақ алып, кезінде өзінің өмірі өткен Ақмола топырағына, нақтырақ айтқанда Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылы маңындағы Құтпан әулетінің қорымына қайта жерлеу рәсімін жасадық.

Негізі, мен Иманжүсіптің өмір-тарихын жарыққа шығарып, халыққа насихаттау жұмысына өмірімді арнадым десем болады. Бұл – әкем Нұрханның аманаты. Әкем көзі-нің тірісінде маған: «Бірінші, атамның сүйегі жатқан жерін анықта, екінші, суретін тауып ал» деп аманат жүктеп еді. Екеуі де орындалды. Атам ақталғаннан бері соны елге таныту, мұраларын жинақтап кітап шығару жұмыстарымен айналысып келемін. Қазір қолымда атамның көптеген дүниелері бар. Мысалы, Иманжүсіптің мылтығы, атының жүгені, жабуы, баласы Нұрханға жасаған ертоқымы сынды басқа да жәдігерлер бар. Ол кісі жайында жазылған қаншама деректер жинақталды. Туған-туыстарының суреттері сақталды. Енді сол мұражайды кеңейтіп қайта ашу жұмысын жүргізудеміз. Бірақ қаражат жағы шешілмей тұрған жайы бар. Мысалы мұрағаттық материалдарын сақтайтын витриналар мен ғимаратты жарықтандыру құрылғыларын алуға шама-мен бес миллиондай қаражат керек. Міне, осыған демеушілік жасайтын адам іздеудеміз. Жақында туған топырағы Ақсу жерінде және Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылында атамыздың 155 жылдығы аталып өтті. Енді Жаңаарқа-ның елі тойлауға дайындалып жатыр.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет, істеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz