Павлодарда алдағы уақытта жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетілмек. Атап айтқанда, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен» бірлесіп, жас кәсіпкерлердің жобасын қаржыландыру үшін 400 млн. теңге қарастырылмақ. Оның 100 миллион теңгесі қала әкімдігі тарапынан, 300 миллионы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан» бөлінбек. Яғни, жастардың несие алуына мол мүмкіндік жасалады деген сөз. Сонымен қатар, жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, оларды қоғамдық іс-шараларға көптеп тарту үшін 2019 жылы жастар саясатына бағытталған бюджет көлемі екі есеге ұлғаяды.

Елбасымыз тұрғын үй мәселесіне де айрықша мән беріп отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді» деп атап өтті. Қала басшылығы алдағы уақытта бұл салаға да көп мән беретінін атап өтті.

- Тұрғын үй мәселесі біздің басты назарымызда. Павлодарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы аумағы 100 мың шаршы метр үй салынады деп жоспарлануда. 2021 жылы «Сарыарқа» шағын ауданындағы құрылысты аяқтаймыз. Сонымен қатар, жаңа «Достық» шағын ауданының құрылысы басталады деп күтілуде. Аталмыш тұрғын үйлерді қолжетімді ету мақсатында да түрлі бағдарламалар құрылып отыр, - деді қала басшысы Әнуар Күмпекеев.


Сәбира СЕЙІТОВА, білім беру саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы:

- Мен 20 жыл мектеп директоры болып қызмет еттім. Міне, содан бері қоғамдағы педагогика саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтерудің өзектілігі үнемі сөз етіліп келді. Биыл осы мәселені Елбасымыз өзінің Жолдауында көтерді. Яғни, келесі жылы педагог мәртебесі туралы заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Міне, бұл заң қоғамның мұғалімге деген көзқарасын өзгертеді деп сенеміз. Осы ретте менің мынадай ұсынысым бар. Мысалы, педагогтарға арналған әлеуметтік пәтерлер көбейіп, коммуналдық төлемдерге байланысты жеңілдіктер болса. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың екеуі де ұстаз болған жағдайда олардың еңбек сіңірген жылдарын есептей отырып, зейнетке шығу мәселесін қайта қарастырса. Сонымен қатар, бастапқы жарнасыз тұрғын үй алу құқығы берілсе, ұстаздар үшін үлкен жеңілдік болар еді.


Т.МАРХАБА.

saryarka-samaly.kz