Тереңкөл – құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетін аудандардың бірі. Бірлескен еңбектің нәтижесінде елді мекенде пәтер кезегі азайып, жас мамандар баспанамен қамтылуда. Биыл да атқарылып жатқан істерді ауыз толтырып айтуға негіз бар. Оған құрылысшылардың бүгінгі еңбегі дәлел.

Аудан орталығында салынып жатқан 24 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әсия Жүсіпованың айтуынша, баспананың бой көтеруіне облыстық бюджеттен 267 млн. теңге қаржы бөлінген. Оның аумағы 1319,05 шаршы метрді құрайды. Техника, құрылыс материалдары уақытылы жеткізілген.

Бұған дейін аудан орталығында жастарға арналған 2 екі қабатты жатақхана, көп пәтерлі үйлер бой көтерген болатын. Сонымен қатар, Байқоныс, Жаңабет және Федоровка ауылдарында ветеринарлық пункттер салынды. №1 жалпы орта білім беру мектебінде қосымша құрылыс жүргізіліп, білім ошағы жаңа кабинеттермен толықты. Бұл мақсатқа облыстық және аудандық бюджеттен 108 млн.теңге бөлінді. 2017 жылы аудандағы 3 тірек ауылында екі пәтерлі 4 үй қолданысқа берілгенін атап өткен жөн. Оның екеуі Байқоныс ауылында тұрғызылса, қалғаны Федоровка мен Жаңабет ауылдарында бой көтерді.

Бөлім басшысының сөзінше, аудан орталығында жеке кәсіпкерлер де тұрғындарды баспанамен қамтуға үлес қосуда. Өткен жылы олар салған екі пәтерлі үйлер аудандық бюджет есебінен сатып алынған. Мұндай жұмыстар биыл да жүргізілуде. Жаңабет ауылындағы үй сатып алынған. Ал Федоровка және Тереңкөл ауылдарында да жаңа үйлер бой көтерді. Қазіргі уақытта аудан бойынша адам пәтер кезегінде тұрғандардың қатарында жастар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

Сонымен қатар, Береговое және Жаңабет ауылдарында су құбырының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталып, жұртшылық таза ауызсумен қамтылмақ. Алдағы айда Федоровка ауылында мал қорымы ашылады деп күтілуде. Бұл бағытқа аудандық бюджеттен 7 млн. теңге қаражат бөлінген. Осылайша, Тереңкөлде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Тереңкөл ауданы.

saryarka-samaly.kz