Театр сахнасында алғаш рет қойылып отырған жаңа туынды павлодарлықтар үшін де күтпеген жаңалық болды. Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасы-ның желісі бойынша, аты аңызға айнал-ған «Дос-Мұқасан» ансамблінің ең таңдаулы әндерімен өрнектеліп, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің таңдаулы поэзияларымен өңделіп, көпшілік назарына ұсынылған тың туындыны көрермен жылы қабылдады. Өнер ордасының мюзикль жанрындағы ең алғашқы туындысын тамашалауға аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев пен басқарма басшылары арнайы келген.

Сахна шымылдығы түріле сала көрер-менді әсерлі ән-биімен, жүрек қылын дөп басар поэзиямен-ақ жаулап алған әртістер-дің шеберлігін көрермен бұл жолы «бас бармақпен» бағалады. Қойылымның басты кейіпкері Ниязды сомдаған Абзал Жақып режиссердің өзіне артқан сенімін ақтады.

- Бұл қойылым біз үшін де, көрермен үшін де үлкен жаңалық болды. Сахнада жүріп, кейіпкеріңнің образын ашу бір бөлек, мұнда би, ән, өлең, қарасөз бәрі бар. Ал оны сахнада орындау әрине қиын. Егер көрермен көңілінен шығып жатса, бұл - тұтас ұжымның жетістігі деп білемін, - дейді Абзал Жақып.

Ерекше туындыны алматылық режиссер Тасболат Омаров қойып отыр. Режиссер-дің айтуынша, мюзиклдің басты кейіп-керлері Нияз қазаққа күпі киген қара өлеңін шекпен жауып қайтарған Мұқағали Мақатаев болса, Ләззат – Фариза Оңғарсынова болуы мүмкін екенін айтады.

- Тахауи Ахтанов «Махаббат мұңы» пьесасын жазғанда Ләззат пен Ниязды Мұқағали ағамыз бен Фариза апамыздың өміріне баламалап, ұқсатып алады. Яғни өз шығармасында бұл кісілер деп нақты көрсетпегенімен, ақын тағдырынан сыр шертетін туындының қос кейіпкері қазақтың Мұқағалиы мен Фаризасы болуы мүмкін. Жалпы, мюзикл жанрына қазақ театрлары енді ғана бет бұрып келеді. Тіпті, Ресейдің ең мықты театрларының өзі осы жанрды қоя бастағанына 8-9 жылдың ғана көлемі болды. Бұл музыкалық жанр болғанымен, өзге спектакльдерден айырмашылығы шоуға, эстрадаға жақын болып келеді, - дейді Тасболат Омаров.

Режиссердің айтуынша, қойылымды алудағы мақсаты - әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің іргетасы осы Павлодар жерінде қаланған болса, биыл Тахауи Ахтановтың туғанына 95 жыл толып отыр. Ерекше туындыны сахналауға театрдың жастары түгелдей жұмылдырылып, олар 1 ай көлемінде үздіксіз дайындықтан өткен.

Спектакль барысында даңқты «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарынан ең таңдаулы 16 әні орындалды. Ал өнер иеле-ріне облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz