Мемориалды тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев және марқұмның балалары мен бұрын бірге істеген әріптестері қатысты. Телеарна ардагерлері осындай игі іске бастама болып отырған ұжым басшылы-ғына алғыс білдіріп, Хамза Махамбетұлы жайлы естеліктермен бөлісті.

Х.Тоқпанов 1923 жылдың маусым айында Ресейдің Омбы облысында дүниеге келген. 1938 жылы Омбыдағы қазақ педагогика-лық училищесіне оқуға түскен. 1941 жылы оқуын бітіре сала әскерге шақырылып, майданға аттанды. Соғыс біткеннен кейін қазақ жеріне ат басын бұрып, өмірінің соңына дейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлесін қосты.

Облыстық «ERTIS» телеарнасының директоры Гүлнәш Әбішеваның сөзінше, Хамза Махамбетұлы облыстық телерадио хабар тарату комитетін 1963-1986 жылдар аралығында басқарған. Осы жылдары ол жергілікті телеарнаның қызмет көрсету сапасын көтеріп, алғаш болып түрлі түсті хабар тарату құрылғыларын орнатқан дейді.

- Қазіргідей түрлі түсті хабар тарату студиясы ең бірінші Алматыда пайда болды. Одан кейін 1972-73 жылдары Павлодар және Қарағанды облыстарында іске қосылды. Бұл тікелей Хамза Махамбетұлының бастамасымен іске асқанын ұмытуға болмайды. Сонымен қатар, ол кісі ұжымға көптеген білікті жас мамандарды тартып, кәсіби теле және радио журналистер базасын қалыптастырды. Сол жылдары қазақ редакциясы үлкейіп, мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың саны артты. Сондай-ақ, телеарнаның хабар тарату ауқымы кеңейіп, бүкіл облысқа жетті. Міне, бүгінгі шараның мақсаты – осындай игілікті ісімен есте қалған ардагерді кейінгіге үлгі ету. Мемориалды тақтаның ашылуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне ұжым атынан алғыс айтамыз, - дейді телеарна басшысы Гүлнәш Болатқызы.

Мемориалды тақтаның ашылу салтанаты «ERTIS» телеарнасының студиясында жалғасын тапты. Мұнда жиналған жұртқа Хамза Махамбетұлы туралы дайындалған шағын бейнетаспа көрсетілді. Сонымен қатар, облыстық арнаның қалыптасып, дамуына үлесін қосқан Социал Әйтенов, Үміт Қошпанова, Ирина Конаненко, Лариса Луикова, Зоя Бутэрус сынды ардагер журналистер «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Облыстық «ERTIS» телеарнасы басшы-лығының бастамасымен осы жылдың сәуір айында ардагерлер кеңесі құрылған. Мақсаты – аймақтағы басты арнаның да-муына өз үлестерін қосқан ардагерлер-ге құрмет көрсету. Болашақта осы ұжымда ұзақ жыл еңбек еткен Левидов Олег Федоровичтің құрметіне мемориалды тақта орнатуды жоспарлап отыр.


Жұмасейіт БИЖАН, ардагер журналист:

- Мен Хамза Махамбетұлымен он жылдай бірге қызмет атқардым. Ол кісінің ұйымдастыру қабілеті мықты болатын. Ол кезде осы ұжымда 120-дай адам жұмыс істейтін едік. Солардың бәрінің мінез-құлқына қарай қарым-қатынас жасайтын және әрбірінің жұмысқа деген ынта-жігерін біліп отыратын. Тіпті, әрбірімен жеке-жеке әңгімелесіп, жағдайларын сұрап отыратын еді. Сондықтан ол - осындай құрметке әбден лайық адам. Осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға барлық ардагерлердің атынан алғысымды айтамын.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz