Зара Қабдешқызының туған күніне орай «Достық үйінде» «Ұлтын ұлықтаған ана» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуге ұлағатты ұстаздың балалары мен туыстары, немерелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылары, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері және бірге істеген әріптестері қатысты.

Жиынға келген Зара Қабдешқызы-ның бауыры Марат Торайғыров әпке-сінің балалық шақтағы естеліктері-мен бөлісті.

- Зара менен бес жас үлкен болатын. 1950 жылдары қиын кезеңді бастан өткердік. Сонда Зараның қыста киген немесе ескірген киімін әжеміз өңдеп, түймесін ауыстырып қадап, маған тігіп беретін. Апам әркез өзінен кішілерге қамқор бола білді. Мені оқу бітірген соң Алматыға өзімен алып кетті. Ол кезде қалада такси, трамвай деген жоқ еді ғой. Өзі көшеде кетіп бара жатқан жүк көлігін тоқтатып, әуежайға апаратын. Кейіннен оқу бітіріп, қызметке орналасқанда, отау көтеріп, үй болған кезімде де мені қолдап, қасымнан табылды. Зара тек туыстарының ортасында ғана емес, сыныптас достарының арасында да ерекше сыйлы болды. Әпкемізсіз өткен бір жылдың ішінде ол кісінің орны ойсы-рап, жетімсіреп қалдық. Көзі тірі болса, талай тәлім-тәрбие беретін еді. Зара апамды айрықша сағындым, - деді Марат Торайғыров.

Зара Қабдешқызының бастаған ісін жалғастырып жүрген шәкірті, облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова өзіне ұстазы қызмет-тегі белсенділікті ғана емес, өмір-де жүріп-тұру, адаммен сөйлесу мәде-ниетіне дейін үйретіп кеткенін айтып еске алды. Ал 12 қазан бұдан былай ұстаздың құрметіне орай әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық шарасын өткізу күніне айналмақ.

Осы айтулы күнге орай Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей мектебінде де жиын өтті. Онда Зара Қожахметова туралы былтыр жарық көрген «Ұлтын ұлықтаған асыл ана» кітабының таныстырылымы болды.

Аталмыш білім ордасының директоры Самал Айтқазина бүгінгі кештің мақсаты ардагер ұстаздың ғибратты ғұмырын оқушыларға таныстыру екенін айтты.

- Барлық саналы ғұмырын мектеп-ке, келешек ұрпаққа білім беруге арнағандықтан ол кісіге арналған кітапты әріптес болған ұстаздарға, оқушыларға таныстырмақпыз. Зара апамыз осы мектеп қабырғасында «Аналар мектебі» мен «Аталар мектебін» ұйымдастырып, балаларға ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттаған еді. Былтыр «Достық» үйінде кітаптың тұсауы облыстық деңгейде кесілген болатын. Алайда өзгелер ғибрат алатындай істері көп болғандықтан сол кітап не жайлы екенін білдіргіміз келеді. Осында келген әрбір адам ол кісі туралы жақсы-жақсы естелік айта алады, - деді ол.

Айта кетелік, Зара Қабдешқызы Абай атындағы №10 мектепті аяқтаған соң 1957 жылы Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1962 жылы өзі оқыған білім ордасында мұғалім болып еңбек жолын бастап, сол жерден еңбек демалысына шыққан. Көп жылғы адал еңбегі ескеріліп, 1985 жылы «Қаз КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1991 жылы құрылтайшылар отырысында облыстық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы болып сайланды. Облыстың Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері.


Шарбат ЖҰМАДІЛОВА, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі директорының орынбасары:

- Зара апай - өмір бойы бір ғана №10 мектепте жұмыс істеген адам. Шәкірттерге үлгі болатын тамаша қасиетінің бірі - мектеп табалдырығын аттаған сәтте екі тізесін бүгіп, басын иіп «Ой, қарашаңырағым-ай, амансың ба?!» деп шаңыраққа сәлем беретін. Сондай-ақ, ұстаздарын қатты қадірлейтін еді. «Ұстазым Сара Ерденқызы керемет әдемі, сұлу болатын» деп, ұстаздарының алдында бала болып қалатын. Зара апай - бүкіл елдің мұң-мұқтажын, қуаныш-қайғысын жүрегіне сыйдырған ана.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz