Бұл арада облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы, Қабдыкәрім мұрасын зерттеп жүрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қабдыкәрім-танушы Нұрбол Жайықбаев бастаған журналистер ақын творчествосы мен өмірі туралы бірнеше айқарма беттер арнағандығын, аудандық газеттер де бұл істен шет қалмағандығын айта кеткен жөн. Әуелбек ауылындағы ақын атындағы мектепте өткен кездесулер аудан орталығында жалғасып, биылғы мерейтойға байланысты Павлодар мемлекеттік университетінің қолдауымен Қабдыкәрім шығармашылығына арналып шығарылған кітаптың – мемуарлар жинағының тұсаукесері атқарылып, Жандарбек ата атындағы мешітте аруақтарға құран бағышталып, жиналған қауымға ас берілді.

Осындай жан тебірентерлік шақта осыдан қырық жыл бұрын өзім куә болған Қабдыкәрім ағамен кездесу туралы айтсам деймін. Ол оқиға 1978 жылдың 23 қыркүйегінде, ақын ағаның туғанына 50 жыл толуына орай болды. Бұл жылдары мен Краснокутскі (қазіргі Ақтоғай) аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы қызметінде едім. Ұжым қызметкерлері болып осы игі іс-шараны өткізудің бел ортасында жүрдік. Алматыдан келген делегацияны аудан басшылары қарсы алды. Оның құрамында ақын ағаның мерейтойын өткізуге арнайы келген Орталық Комитет мүшесі, белгілі ақын, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиев (құрам жетекшісі), «Жазушы» баспасының бөлім меңгерушісі Сағи Жиенбаев және талантты композитор, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты Әсет Бейсеуов болды. Облыстан Қамалбай Марданов, Балтабай Сейсенбеков бірге келді. Кешкі сағат алтыда 500 орындық Мәдениет үйі халыққа лық толды. Кездесуді аудандық атқару комитетінің төрағасы Зекен Қосымбаев кіріспе сөзбен ашты. Ж.Молдағалиев қаламдас жолдасының шығармашылығына жан-жақты тоқталып, той иесін шын жүректен құттықтады. Ақын Сағи Жиенбаев, жергілікті ақын Қимадиден Нығманов, журналист, жазушы Мүбәрак Жаманбалинов жерлес ақын Қ.Ыдырысовқа арнаған өлеңдерін оқып берді. Ал Әсет Бейсеуов кездесуге қатысып отырғандардың сұрауы бойынша Қ.Ыдырысовтың, Ж.Молдағалиевтің, С.Жиенбаевтың сөздеріне жазылған өзінің бірнеше әнін асқақтата шырқаған еді. Аудан басшысы М.П.Юрьев қонақтарды құттықтай келіп, той иесіне аупартком мен аудандық атқару комитетінің құттықтау хатын тапсырған-ды. Кеш соңы әсем ән мен тәтті күйге жалғасты. Осындай жоғары дәрежеде өткен кеш үшін той иесі облыс, аудан басшыларына өз ризашылығын білдірді. Ертеңінде жиектегі Чкалов атындағы (қазіргі С.Мүткенов ауылдық округі), «Спартак» (қазіргі Қараоба ауылдық округі) совхоздарында, өзінің туған жері Өтесте, тәжірибе шаруашылығының орталығы Әуелбекте кездесулер ұйымшылдықпен өткен еді. Бұған сол кездегі шаруашылық басшылары Ж.Шарапиденов, Қ.Хасенов, С.Қабылов, Н.Тәшімов, Ж.Мусин, Б.Есекеев, О.Аралов және басқалары зор үлес қосты. Әттең, ақын ағамен осындай жылы жүзді кездесудің соңғы болғанын білмеппіз...

Өзім Қабдыкәрім ағаны жақын білмесем де, қамқорлығын көре қоймасам да ол кісі туралы кезінде айтылған жақсы пікірлер туралы айта кеткім келеді. 1975 жылдың сәуір айында Алматыда оқуда жүргенде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакциясында республикалық ақындар айтысына қатысушылармен кездесуге қатысқан едім. Сонда үзілісте біздің жерлесіміз Қимадиден Нығманов маған былай деген еді: «Басқа ақындардың, әсіресе оңтүстік жақтан келгендердің жанашырлары көп, тіпті теледидар, радио, газет тілшілері көбіне соларға келеді, маған келсе, тек Қабдыкәрім ғана уақыт тауып келеді». Ағаға деген ризашылығын осылай білдірген еді... Ал бұрынғы «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде әдеби қызметкер, бөлім жетекшісі болған Мейрам Асылғазин редакцияға барып әңгімелесіп жүргенде, республикалық басылымдарға шығармаларының басы-луына тікелей ақын ағаның себепкер болғандығын айтып отыратын. Расында талантты жасты тани білгендігі жас қаламгердің жолын ашқан еді. Әттең, жазушы Мейрам замандасымыздың, жерлесіміздің (Ақкөл-Жайылмадан) өмірі қысқа болды... 1971 жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік Универ-ситетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қаз МУ) филология факультетін өте жақсы бітіріп, туған жеріне, Краснокутскіге (қазіргі Ақтоғай ауылына) аудандық «Коммунистік еңбек» («Коммунистический труд») азеті редакциясына аудармашы болып орналасқан Ризабек Сіләмбекұлы Әдуов туралы айтқанды да жөн көріп отырмын. Ол кезде мен осы мекемеде газеттің жауапты хатшысы қызметінде едім. Өзін жан-жақты көрсете білген жас жігіт келесі жылы Екібастұз ауданы ашылғанда «Алға»-«Вперед» газеті редакторының орынбасары болып ауысты. Кейін осы ауданның жастары комсомолдың бірінші хатшылығына сайлады. Ризабек одан кейін республикалық партия мектебін бітіріп, Мемлекеттік баспада бас редактор, Орталық партия комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Өмірінің соңына дейін (1996 жыл) ҚазТАГ директорының орынбасары болып қызмет жасады. Айтайын дегенім, Ризабек Сіләмбекұлы жан жары Гүлназия екеуі Қабдыкәрім ағаның отбасымен екі үйінің біріндей араласты. Сексенінші жылдары аудандық газеттің редакторы болып жүргенде, Алматыға курстарға барғанда Жекен апамен, Бәтіш жеңгеймен Рекең үйінде екі-үш рет дәмдес болғанымды ұмытпаймын. Сол кезде Бәтіш Аханқызы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінде лауазымды қызметте болса да отырған ортасына қарай әңгіме-дүкен құра беретін. Кейін ол кісімен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Республика Үкіметінің шешімімен Әуелбектегі орта мектепке жан жолдасы ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың есімі берілгенде тойда кездесіп, жүздескен едік. Бүгінде үлкендеріміз ортамызда жоқ, бірақ шүкіршілік, «орнында бар оңалар» дегендей, кейінгі ұрпақтарына ұзақ ғұмыр, баянды бақыт берсін дегім келеді.

Бәкібай РАМАЗАНОВ, зейнеткер, Ақтоғай ауданының
Құрметті азаматы,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суреттерді түсірген - Қ.Нығманов, 1978 жыл.

saryarka-samaly.kz