Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бексұлтан Тұтқышев, Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко қатысты.

Отырыс барысында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірдегі жас буынды тәрбиелеудің тұжырым-дамасымен таныстырды.

- Аймақтағы білім ошақтарында жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіретін алуан түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 56 жоба қолға алынды. Бұл бағытта атқарылып жатқан істер аз емес, - деді Дінислам Болатханұлы. Ал ұлттық комиссиясының мүшесі Бексұлтан Тұтқышев жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың көбейіп бара жатқанына алаңдайтынын жеткізіп, басқарма басшысынан суицидтің алдын алу үшін атқарып жатқан істері жайынан сұрады.

- Қазіргі таңда өзіне қол жұмсайтын жасөспірімдер көбейіп кетті. Мәселен, Қазақстан суицид бойынша Литва, Ресей елдерінен кейін көш бастап тұр. Бұл - аз ғана халқы бар біздің еліміз үшін үлкен қасірет. Бізде жылына 2800-2900 адам суицидке барады екен, - деді Бексұлтан Тұтқышев.

Осы орайда Дінислам Болатханұлы Павлодар облысында ағымдағы жылы өз-өзіне қол жұмсау бойынша 3 факті тіркелгенін атап өтті.

- Біз балаларды мейірім мен қамқорлыққа бөлеу керектігі жайында жиі айтамыз. Дегенмен, бұл бағытта жұмыс істейтін маман-дардың деңгейі көңіл көншітпейді және еңбекақысы бәсекеге қабілетті емес. Әрбір оқиғадан кейін барлық психологтардың беретін жауабы бірдей: «Білмейміз, салмақты бала болатын» деп айтады. Қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық ішкі істер департаментімен бірге бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мектепке кәсіби деңгейде жұмыс істейтін психологтарды тартудың түрлі жолы ойластырылуда. Соның бірі психологтарды аутсорсингке тапсыру. Бұл үшін нәтижелі компанияны шақыру керек, - деді басқарма басшысы.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев аталған мәселе бойынша аудандар мен қалалардың басшыларына арнайы тапсырма берді.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz