«Еш өкінген емеспін»

Облыс орталығындағы Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты алты орманшылық бар. Олар – Павлодар, Жаңаауыл, Чернорецк, Ямышев, Черное және Көктөбе орманшылықтары. Мейрам Апушевтің бұл салада қызмет еткеніне бес жылдың жүзі болды. Жас маманның орман шаруашылығын таңдауы тегін емес екен.

- Мен - Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылының тумасымын. Ертістің жағасында, тоғай ортасында балалық шағым өткендіктен болар, табиғатты ерекше жақсы көремін. Сондықтан, орта мектепті бітірген соң С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түстім. 2013 жылы еңбек жолымды Үрлітүб орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеде бастадым. Сол уақыттан бері дәл осы мамандықтың иесі атанғаныма еш өкінген емеспін. Біздің қызмет асқан жауапкершілікті, қырағылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Орманның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адамның бойынан осы қасиеттер табылуы тиіс, - дейді М.Апушев.

Бүгінде Павлодар орманшылығында 23 адам еңбек етеді. Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Павлодар ауданының аймағындағы орманды күзетеді. Өзге орманшылықтардан ерекшелігі – алқаптың үлкендігі әрі халық санының көптігі.

- Біздің орманшылықтың қарауында 9799 гектар жер бар. Тек Павлодар қаласының өзінде 400 мыңға жуық адам тұрады. Жаз мезгілінде олардың басым бөлігі табиғат аясында серуендеуге шығады. Демалушылардың табиғатқа залал келтірер әрекеттерге бармауы, өрттің болмауы – қатаң бақылауымызда, - дейді М.Апушев.

Бұл ретте орман шаруашылығында бірнеше жыл емес, ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан үлкен әулеттердің барын да атап өткен жөн. Мәселен, Бағжановтар отбасының барлық дерлік өкілі табиғатты аялауға сүбелі үлес қосуда. Айталық, Марат Бағжанов Ақсу қаласына қарасты Айнакөл ауылындағы орманды қорғайды. Ісіне тиянақты, жауапкершілігі мол маман түрлі марапаттан кенде емес. Бұл – оның ғана емес, күллі әулетінің еңбегінің бағаланғаны болса керек.

Қиын қызмет

Жасыратыны жоқ, кейбіреулер орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы жеңіл деп ойлайды. Байыбына бармай, мәселенің мәнісін білмей жатып, сырттан осылай тон пішу оңай, әрине. Шындап келгенде, «менмін» деп кеудесін керіп жүрген кейбір азаматтардың бұл қызметті атқаруға білек сыбана кірісеріне күмән көп. Өзіңіз ойлап көріңізші, Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің 71 орманшысы 53 мың 449 гектар жерді қорғайды. Әр орманшыға 800-1000 гектар жер үлестірілген. Иә, бір қарағанда, соншалықты көп көлем емес. Бірақ, бұл жерлер бір-бірінен алыста жатыр. Ол күзетуі тиіс аумақтардың арасы - кем дегенде 5 шақырым. Тіпті, орманшының жауапкершілігіне берілген жердің бір айналмасы Ертістің бер жағында, екіншісі арғы жағында орналасқан. Оған қоса, оларға қызметтік көлік берілмейді. Жоғарыда аталған 800-1000 гектар алқапты аралау үшін 1-2 күн жаяу жүруі тиіс. Ал өзеннің арғы жағына өтуге 4 қайықты пайдаланады. Бұл 4 су көлігінің 71 қызметкердің бәріне бірдей жетпейтіні түсінікті. Амал жоқ, орманшылардың қайықты жалдауына немесе жеке қайық сатып алуына тура келеді. Тіпті, ауа райының қолайсыздығына, судың суықтығына қарамастан, жүзіп өтуге мәжбүр болатын кездер кездеседі. Енді айтыңызшы, сіз дәл осындай қиындыққа төзер ме едіңіз? Әй, қайдам?!

Кейбіреулер «орманшылардың қызметі осыншалық қиын болса, жалақысы жоғары шығар» деп пайымдауы мүмкін. Алайда, бұл – жаңсақ пікір. Орманшылардың орташа жалақысы – 35-40 мың теңге. Сонымен қатар, өрт болу қауіпсіздігі өршіп тұрған тұста уақытша қызметкерлерді жұмысқа алады. Олардың айлық табысы – 28-30 мың теңге. Мұндай еңбекақы көптің көңілін көншітпесі анық. Бұған дәлел – қазіргі уақытта орманшылықтағы уақытша қызметте 9 адам жұмыс істеуі тиіс болса, небары 4 адам еңбек етуде. Себебі, дәл осындай көлемдегі жалақы үшін маңдай терін төгіп қызмет етуді қалайтындар некен-саяқ. Әйтсе де, айлықтың аздығына, жауапкершіліктің жоғарылығына, қызметтің қиындығына қарамастан 15-20 жыл бойы тыным таппай қызмет етіп жүргендер бар. Орманшылардың жұмысқа деген адалдығын, табиғатқа деген сүйіспеншілігін осыдан-ақ байқауға болатын сияқты. Әйтпегенде, қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған бүгінгі нарық заманында өзге жерден бірнеше есе көп нәпақа табуына болар еді...

Орман алқабы көбейеді

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынға ие Қазақстан аумағының небары 4,9 пайызы орман алқабымен көмкерілген. Ел билігі бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізу үшін орманшылықтарға нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, облыс әкімі Болат Бақауов 2018 жылды «Экология жылы» деп жариялағаны мәлім. Соның аясында 20 жылға жуық уақыт бойы тал егілмеген Павлодар орманшылығында биыл 9,5 гектар жерге екі жылдық қарағайлар отырғызылды. Бүгінде бұл көшеттердің 71 пайызы жақсы тамыр тартты. Белгіленген норма бойынша, олардың 70 пайызы өсіп-өнсе де жеткілікті. Ал орманшылық бұл көрсеткіштен асып түсті. Осы орайда аймақ басшысының облыс орталығындағы көшелердің бойында отырғызылған көшеттердің көп ұзамай қурап қалуын жиі сынға алатыны еске түседі. Сондықтан, алты бірдей орманшылықты біріктіріп отырған Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің директоры Дәулет Қонақбаевтан Павлодар орманшылығындағы көшеттердің көп бөлігінің тамыр тартуының сырын сұрап көрген едік.

- Өкінішке қарай, қоғамда «сенбілікке шығып, көшет отырғызсам болды» деген теріс пікір қалыптасып қалған. Іс жүзінде мүлде олай емес. Оны күтіп, суарып, түптеп, арамшөптерден тазалау керек. Біз Павлодар қаласының сыртындағы 9,5 гектар аумаққа отырғызылған қарағайларды жаз бойы күтіп, баптадық. Оған қоса, жауын-шашын жиі болып, оң әсерін берді. Бірнеше жылдан соң бұл ағаштар өсіп, биіктеп, әдемі алқапқа айналады.

Ал кей көшеттердің қурап, өспей қалуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, біздің облыста тек қарағай көшеттері өсіріледі. Басқа ағаш түрлері оңтүстік, шығыс облыс-тардан жеткізіледі. Олар бір күн бұрын қазылады, екінші күні көлікке тиеледі, Павлодар қаласына бір-екі күнде жетеді, тағы бір күннен кейін отырғызылады. Осы тасымал уақыты аралығында қазылып алынған көшеттердің тамыры кеуіп қалады да жаңа жерге тез бейімделе қоймайды. Екіншіден, көшеттер отырғызылатын топырақ толыққанды дайындалмайды. Кей жерлер өңделмейді, минералды тыңайтқыштар қосылмайды, салдарынан көшеттер жайқалып өспейді. Үшіншіден, көп жағдайда талды егу мерзімі сақтала бермейді. Қолайлы уақыт – сәуір-мамыр айлары. Осының барлығы жасыл желектің көбеюіне кері әсерін тигізеді, - дейді Д.Қонақбаев.

Дәулет Бакенұлының айтуынша, Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты 53 мың 449 гектар жердің 30 мың гектарға жуығы орман алқабымен көмкерілген. Қалған 23 мың гектарды орманға айналдыру үшін жүйелі жұмыс атқарылмақ. Мәселен, келесі жылдың көктемінде 55-60 гектар аумаққа көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл ретте орманшылықтарға көшеттерді, оларды отырғызуға қажет техникаларды сатып алуға мемлекеттік қазынадан қосымша қаржының қарастырылмайтынын айтпай кетпеске болмас.

Бір тал кессең...

Әр нәрсенің белгіленген, шекті мерзімі бар. Сол сияқты ағаштар да ондаған жыл ғана «өмір сүреді». Одан соң шіріп, қурап, табиғатқа әр берудің орнына қауіп төндіруі әбден ықтимал. Орманшылар бұл жайтты да назарға алды.

- Құлауға шақ тұрған, ауруға шалдыққан ағаштарды кесіп, оларды халықты отынмен қамтамасыз ету мақсатында кәдеге жаратуымыз керек. Бірақ, бұл оңай атқарылатын жұмыс емес. Алдымен орманшылар тиісті аумақты зерттеп, жарамсыз ағаш санын анықтайды. Содан соң кесуге болатын ағаштың тамыры жайылатын аумағы мен адамның кеуде тұсына келетін бөлігіне арнайы мөрмен екі белгі қояды. Кейін тиісті құжаттарды әзірлеп, инженерге тапсырады. Бұл құжаттар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жолданады. Комитет рұқсатқағаздар берген соң ғана ағашты кесуге болады. Осылайша, жылына 8-9 мың текше метр ағаш отынға айналады. Есесіне, олардың орнына жаңа көшеттер отырғызылады, - дейді Д.Қонақбаев.

Айта кетелік, бұрындары ағаш кескен адам тек әкімшілік жауапкершілікке тартылатын. Ал 2015 жылдан бері талдың тамырына балта шапқандарға Қылмыстық Кодекстің 343-бабы бойынша жауап беруге тура келеді. Жыл басынан бері заңсыз ағаш кесуге қатысты бес оқиға тіркеліп, төрт қылмыстың беті ашылыпты. Бүгінде екі қылмыскер жазасын алып, келтірген залалға байланысты айыппұл төлесе, екі іс құқық қорғау органдарының қарауына берілген.

Облыстық штаб құру қажет

Орманға зор залал келтіруі мүмкін бірден-бір жайт – «тілсіз жау». Ғалымдардың айтуынша, соңғы уақытта тоғайларда дәрілік шипасы мол өсімдіктердің саны азайған. Бұған өрттің болуы, соның салдарынан ауаның ластануы себеп. Қызыл жалынның қай уақытта шарпитынын және қандай аумаққа жайыларын ешкім болжап білмейді. Сондықтан, орманшылар әр кез оқыс оқиғаға сақадай сай. Биыл Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты орманшылықтарда 4 өрт болып, от 1,72 гектар аумақты жалмады. Бұдан айтарлықтай залал келген жоқ. Осы орайда айта кетер жайт – алқаптардың кей бөлігі шаруа қожалықтарына, демалыс орындарына тиесілі. Мұндағы өрт қауіпсіздігінің сақталуына кәсіпкерлер тікелей жауапты. Одан бөлек, аудан-қала әкімдіктері мен Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме арасында келісімшарт бар. Соған сәйкес, жергілікті әкімшіліктің жерінде өрт шығып, оның орманға жайылу қаупі болса, мекеменің өрт сөндіру қызметі көмекке шығады. Жыл басынан бері мұндай 35 жағдай тіркеліпті.

Өкінішке қарай, ауылдық аймақтардағы кей шаруалар алқаптарды қасақана өртейді. Яғни, күзде шабындықтағы шөпті толық жинауға үлгермей қалса, көктемде алқапқа от қояды. Сол арқылы былтырғы мал азығының жойылып, жаңасының бітік шығуына жағдай жасауды көздейді. Бірақ, өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Ал бұл үшін шаруаларға қандай да бір жаза қарастырылмаған. Дәулет Қонақбаев осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін облыстық штаб құруды ұсынып отыр.

- Биыл тоғайдағы шөптің көп бөлігі шабылмай қалды. Демек, келесі жылдың көктемінде кейбір шаруалар өнім мол өсу үшін өз жерлерін өртеуі мүмкін. Олар қандай да бір мекемемен келіспейді, рұқсатқағаз алмайды. Сондықтан, құрамына жергілікті әкімдік, төтенше жағдай, жергілікті полиция, орманшылық және тағы басқа құзырлы орган өкілдері кіретін облыстық штаб құрылса деген ұсыныс бар. Сол кезде шаруаларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік туып, өзгелер содан сабақ алар еді. Мәселен, шаруашылықтың 100-120 гектарға дейін жері жанып кетсе, оған ешқандай шара қарастырылмаған. Ал сол өрт орманның 3-4 гектар аумағын шарпып өтсе, қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізіліп, орманшылар кінәлі деп танылуы ықтимал. Соның нәтижесінде қатаң сөгіс алып қана қоймай, 2016 жылы еңбекақысына қосылған 5-9 мың теңге үстемеақысынан да айырылады. Осы жайттарды ескере келе, облыстық штабтың заңсыз өртеуге қарсы жұмысты бастап, оны жүйелі жүргізгені жөн деп санаймын, - дейді Д.Қонақбаев.

Аман алып қалудың амалы

Орманшылар ағаш, өрт мәселелерінен бөлек, жасыл желекті мекендейтін жануарлардың жағдайын да жіті назарда ұстайды. Тоғай арасында жабайы доңыз, ешкі, түлкі мен қоянды кездестіруге болады. Қыс - қыр астында екенін ескерген мекеме қызметкерлері жануарлардың азығын дайындауға кірісті. Себебі, төртаяқтылардың қалың қардың астынан азық табуы қиынға соғады. Сондықтан, биотехникалық шаралар аясында 300 килограмм тұз, ағаш бұтақтарынан буып жасалған мал азығының 1600 данасы, 6 тонна шөп пен күзде жауыннан, қыста боран-дауылдан қорғайтын күркелер әзірленді. Аңдардың азық табуы ауыртпалық салмауы үшін кесілген ағаштардың діңгектері ойылып, арнайы астаулар ілініп, жем-шөп сонда салынады. Осындай жоспарлы істер арқылы ормандағы жануарларды қыстан аман алып қалуға болады.

Орманшылар жануарларды күтіп-баптауға зор мән бергенімен, аң аулауға құмар адамдардың айласы асып түсіп жатады. Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемеге қарасты 53 мың гектар алқапта аң аулауға қатаң тыйым салынған. 1 қыркүйек күні аңшылық мерзімі ресми түрде жарияланған соң, орманшылар бақылауды күшейтіп, рейдтік шараларды жүргізуде. Соның нәтижесінде заңсыз аң аулауға қатысты оқиға тіркелген жоқ.

Түйткілдер түйіні тарқай ма?

Орманшылардың жұмысына қатысты талай жылғы түйткілдерді тілге тиек етпеу мүмкін емес. Солардың бірі – Орман орналастыру жобасының жоқтығы. Аталмыш жоба – осы сала қызметкерлерінің басты құжаты. Соған сәйкес штаттық кесте құрылып, нормативтік көрсеткіштер белгіленеді. Мекемеде бұл құжат 2006 жылы қабылданыпты. Оның қолданыс мерзімі – 10 жыл. Яғни, өткен жылы жаңа жоба жасалуы тиіс еді. Бірақ, бірқатар себепке байланысты бұл іс кейінге шегеріліп отыр. Мұның салқыны орманшыларға тимей қоймады. Себебі, 2006 жылдан бері көп өзгеріс орын алды. Демек, бүгінгі күні осыдан 12 жыл бұрынғы талаптарға сәйкес жұмыс істеу мүмкін емес. Ал сол талаптардың шеңберінен шығар болса, басшылар мен қызметкерлер жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Қысқасы, «былай тартса - өгіз өледі, былай тартса - арба сынадының» кері болып тұр. Сондықтан, жауапты министрліктің уақыт оздырмай жаңа жобаны жасағаны жөн.

Тағы бір мәселе – керек құрал-жабдықтармен қамтылуы. Жақында жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеменің материалдық-техникалық базасының тең жартысы ескі екені анықталды. Сыйымдылығы небары 800 литр болатын екі өрт сөндіру көлігінің зауыттан шыққанына 40 жылға таяп қалды. Қуанышқа орай, өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен орманшылық мекемесі сыйымдылығы 3 тонна болатын заманауи, жеңіл, ықшамды екі өрт сөндіру көлігімен толықты. Дәл осындай тағы бірнеше көлік алып, ескілерін жаңартса, өрт сөндіру қызметі анағұрлым сапалы жұмыс істеп, оқиға орнына жылдам жетер еді. Орман қорғауға қажетті осы және өзге де техникаларды алар қаржының көп ұзамай қарастыларына сенгіміз-ақ келеді.

Орманшылықтағы басты түйткілді жайт – білікті кадрлардың болмауы. Жоғарыда аталғандай, мұндағы қызметкерлердің жалақысы небары 35-40 мың теңгені құрайды.

- С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттерді орман шаруашылығы мамандығы бойынша оқытады. Өкінішке қарай, биыл бірде-бір түлек біздің мекемеге жұмысқа келген жоқ. Ауылда баспана жалдап тұруға тура келетінін және жалақының ары кетсе 40 мың теңге болатынын білген олар қызметке орналасудан бірден бас тартты. Сондықтан, орман шаруашылығы бойынша білім алмаған, аз ғана айлыққа қыруар жұмысты істеуге әзір адамды алудан басқа амал жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауында ең төменгі жалақы көлемі мен мемлекеттік мекеме, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған болатын. Осы жүктелген міндет аясында орманшылардың еңбекақысы да еселене түсерінен үміттіміз. Бұл қызметкерлерді ынталандырып, жұмыс сапасын жақсартуға, жастардың көптеп келуіне тың серпін берері сөзсіз, - дейді Д.Қонақбаев.

Орманшылардың өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуына да қаржының аздығы қолбайлау болып тұр. Соның салдарынан біліктілікті арттыруға бағытталған семинар-тренингтерден қағылып отыр. Ал бұл орманшылардың кәсібилігін шыңдауға оңтайлы мүмкіндік болар еді.

Біздегі басты тілек - біраз уақыттан бері шешілмей келе жатқан осы бір түйткілді мәселелер түйінінің тарқауы. Себебі, басты байлығымызға баланатын Жер-Ананың жан-жақты қорғалуы, оған қауіптің төнбеуі күрмеулі жайттардың шешілуіне тікелей байланысты.


Түйін:

Жылдың төрт мезгілінде, тәулігіне 24 сағат бойы табиғат сақшысы болып, өсімдіктер мен жануарларды қызғыштай қоритын орман шаруашылығы қызметкерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Қайтпас қайсарлық пен қажыр-қайратты қажет ететін қызметтің қиындығы да, қызығы да көп. Өткен жылы Үкіметтің Қаулысы бойынша қазан айының үшінші жексенбісі орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілген-ді. Түрлі сын сағат пен қилы жағдайға қарамастан өз ісіне адал бола білген осындай орманшыларды атаулы күнмен құттықтаймыз. Дәулет Бакенұлы басшылық ететін ұжымның, жалпы облыс аумағындағы орманшылардың еңбегіне жеміс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз. Бастысы, құнды қазынамыз саналатын табиғатты аялау мен қорғау тек орман қызметкерлерінің емес, әр азаматтың парызы екенін естен шығармағанымыз абзал.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz