Әке және әдебиет

Осындайда әр азаматтың өсіп-өнуіне оның тамыры - отбасы, туған жері әсер етеді деген шындық ойға келеді. Мұхит Мүрсәлиұлы да өнегені әкеден алған, үлгіні ел ағаларынан таныған адам.

- Әкем Мүрсәли қарапайым жұмысшы болса да, өмірден тоқыған-түйгені мол, салиқалы адам болатын. Әке ретінде маған өмірде азамат болып жетілуіме көп мән беріп, мінезімнің ортаға сыйлы, абыройлы болуымды үнемі айтып ескертіп отыратын. Бәрінен де елге қызмет етуден асқан бедел жоқ екенін әңгімелеп отыратын.

- Жалпы, қазақ халқы - ертеден оқыған-тоқығаны мол, білімді азаматтарды, ғалым-жазушыларды төбесіне көтеріп, қадірлейтін ел. Мен бала шағымда осындай биік дәрежеге жетуді армандадым. Әкемнің өнегелі ақыл-кеңестерін тыңдаумен қатар, кітап оқуға құлшынысым артты. Осылай көзім ашылды десем, артық айтқаным емес. Әкемнің немере інісі Ақылбек Бәтәуұлы Омаров ел арасында сыйлы, басқарушылық қызметтерде жүрген еді. Мектепті осы ағамның қолында жүріп оқыдым. Әкем ертеректе осы інісі жанашырлық жасап, қолғабыс көрсеткен көрінеді, енді немере ағам менің білім алуыма көмегін аямады. Әуелде қазақша білім алған едім, кейін орысша тіл білуге ынтам оянып, орысшаға ауыстым. Бұл менің екі тілді бірдей білуіме жол ашты, - дейді қызылды-жасылды балалық дәуренді еске түсірген Мұхит Мүрсәлиұлы.

Ағалардың алақаны

Кейіпкеріміздің бала кезінен бергі арманы қалам ұстау болған. Соның жетегінде республикалық, одақтық балалар-жасөспірімдерге арналған газет-журналдарға жазып тұрған, жарияланған. Мұның бәрі қиялдың өсуіне, ұлғаюына әкелген. Орта мектепті аяқтаған соң Мұхит аға бозбалалық арманын арқалап, Алматыға жол тартады. Иә, журналистік оқуға түсу үшін. Бірақ бәрі бір талпыныстан шешілсе, өмір қызықты бола ма?! Талаптанып, арман қанатында ұшып жеткен павлодарлық бозбаланың барлық емтиханды үздік бағаға тапсырып тұрғанын көрсе де, қабылдау комиссиясы бірден құшақ жая қоймаған. Бұл кезде мектепті енді бітірген жасты бірден көтермелеу деген болмайтын.

- Бағыма қарай сол кезде Алматыда Ақтоғай аудандық газетінің редакторы Сейфолла Ниязұлы Жанарбаев деген азамат жүр екен. Соның алдына батылданып бардым. Ол кісі бірден көтермелеп, қамқорлық таныта жөнелді. Мені аудандық газетке қызметке алатынын айтты. Расында сөйтті. Екі-үш күннен соң поштаға барсам, менің әдеби қызметкер ретінде қабылданғаным туралы анықтама жіберген екен. Сондағы қуанышым-ай. Бірақ мені сырттай бөлімге қабылдады. Күндізгі бөлімге жолым болмады. Алматыда қалсам деген алғашқы ойым өзгерді, мен Ақтоғайға қайтып, тілшілік қызметке кірісетін болдым. Сейфолла ағамыздың мені қолдап жібергенін бүгінде үлкен ризашылықпен еске аламын.

Осындай жақсылық көрсеткен ағаларымның бірі Сейдахмет Бердіқұлов деген журналист-жазушы азамат еді. Ол Алматыда тұрды, «Қазақстан пионері», кейін «Лениншіл жас» газетінде редактор болды. Мен Алматыда оның балдызы, ақтоғайлық, Өлеңті ауылының тумасы, сатирик Таңдай Кенеев деген жігітпен дос болып араластым. Сол кезде Сейдахмет аға, Күләтай тәтенің үйінде жиі болып, дәм тататынмын. Ол кісі қызметте өте қатаң, бірбеткей еді, Шерағаң секілді көптеген журналистерді тәрбиеледі. Оның талабына шыдаған адам шыңға жететін. Бір жолы ол «Нартәуекел» деген повесін маған орысшаға жолма-жол аударуға берді. Сол кезде мені бағалап бергені ғой, мен таң қалдым әрі жауапкершілігі ауыр жұмыс. Сондағы айтқаны – сен екі тілді бірдей біледі екенсің, ондай адамың аудармасы нәрлі болады деп. Расында кейін ұққаным, көп шығарманы өз ана тілінде оқыған әлдеқайда сөлді, құнарлы болады екен. Мен кейін журналистикаға оралып, «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы болғанымда Сейдахмет ағаның бірбеткей, талапшыл мінезін ұстандым десем болады.

Осындай өнеге, жол көрсеткен ағаларға ризамын, - деп бір белесті қорытты ағамыз.

Намыс дегеннен шығады...

Мұхит Мүрсәлиұлының еңбек жолы журналистикадан басталса да, аздан соң қоғамдық-саяси қызметке ұласқаны бар. Бір салада жүре берер ме еді, жас маманның бойын намыс қамшысы тыз еткізбегенде...

- Аудандық газетке орналасқан соң қым-қуыт тілшілік қызметім басталып кетті. Ол кезде комсомол жастар ұйымының жұмыстары туралы көбірек жазасың. Реті келсе, сынайсың, талқылайсың. Сондай бір уақытта мені аудандық партия комитетіне шақырды. Сөздерінен бақсам, комсомол ұйымының жұмысына тартпақ. Мен бас тарттым, журналистік салада еңбек етуді құп көрем дедім. Сонда Әлжан Орынбаев деген партия комитетінің екінші хатшысы болған азаматтың айтқаны ғой: «Сендер жұмысты сырттай ғана сөзбен сынауға шеберсіңдер, өздерің сол кемшіліктерді түзетуге жұмыс істеуге шақырсақ, қолдарыңнан іс келетініне сенбейсіңдер. Сондай қалай болғаны?». Мұндай намысқа тиген сөздерден кейін ойланып, келісімімді бердім. 2-3 жыл жұмыс атқарып, әрі қарай қаламгерлік қызметімді жалғастырамын деген мықты ойда болдым. Бірақ қызметтің қым-қуыт тіршілігінен кейін жылдам орындала қоймады. «Алдымызда жалт-жұлт етіп от-шырақ, әне-міне қол жетердей боп тұрады» дегендей еді. Екінші жағынан, мен ұйымдастыру жұмыстарында біршама тәжірибе жинақтадым. Бұл менің алдағы өміріме үлкен септігін тигізді, - дейді кейіпкеріміз.

1972 жылдан комсомолдық қызметке келген Мұхит Мүрсәлиұлы өнімді еңбек үлгісін көрсетіп, соның нәтижесінде 1977 жылдың аяғында Павлодар қаласына партия қызметіне шақырылады. Ильичев аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі қызметі ұсынылады. Бұл жерде де көптеген қайраткер азаматтармен танысып, қоян-қолтық араласып, өмірлік өнегелер алады. Бір уақытта жігерлі маман облыстық комитетте еңбек еткен, бірақ аздан соң қалалық орган қайтадан сұратып шақыртып алған. Бұл туралы облыстық комитеттің екінші хатшысы болған Хатип Хабиұлы Демесінов айтып, қайта шақырудың мәнісі үлкен сенімде жатқанын білдірген. Расында да, Мұхит Мүрсәлиұлы бұл уақытта өзінің қабілетін, мүмкіндіктерін мойындатып үлгерген. Тіпті, Алматыға Орталық партия комитетінен де қызметтік ұсыныс болған. «Бірақ мен ешқашан мансапты ойда болған емеспін, өмір өзі бұйыртып отырды» дейді. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Никифоровтың қолдауымен 2-ші хатшы дәрежесіне көтеріліп, үгіт-насихат жұмысына қосымша қаланың коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, экономика сияқты күрделі мәселелерді шешуге атсалысты. Бұл да кейіпкеріміздің кейінгі кызметтеріне үлкен пайдасын тигізген жайттар еді.

Бірақ найзағайсыз күн бола ма? Мұхит ағаның да қызметтік жолында біраз күрделі тұстар болды. Соның бірі – қайта құру кезеңінде біздің облыста көптеген жұмыстардың ілгері жылжымай қойғанына қарсы білдірген әрекеті. Облыстық комитеттің бірінші хатшысы Ерпиловтың тұсында орын алған жайма-шуақтықтан әбден мезі болған азаматтар орталыққа хат жазып, ол құжат «42-нің хаты» деген атаумен белгілі болды. Әуелде ширақтықты талап етуді құптаған орталық кейін сөзден сырғып шыға келіп, соңы хатқа қол қойғандардың сүргінге салуға ұласты. Біреулер зейнетке ертерек шықты, біреулер қызметте төмендеді. Осы кезде Мұхит Омаров басшылықсыз тұрған облыстық мәдениет басқармасына жетекші болып тағайындалды.

Іскерлік белестері

Кейін уақыт көрсеткендей, бұл өзгеріс Мұқаң үшін керісінше, жаңа мүмкіндіктің басы болды. Ол мәдениет саласына келген соң ұлттық мәселелерге басымдық берді. Соның бірі – облыстық қазақ театрын қайта ашу.

- Бұл идеямды өткізу үшін, құптату үшін біраз жүруге тура келді. Ең қызығы, менің алдымда басшы болған азаматтың өзі «орыс театрының мәселесі де жеткілікті, қазақ театрын құрсаң, дау-дамайы көп» деп, наразылық танытты. Өзіміздің ұлттың азаматтары осылай дегенде кәдімгідей қынжылады екенсің. Не керек, ойымызды республикада дәлелдедік. Әуелі жағдайларды жасап алып, министрлік мәжілісінде алға шығардық. Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов сынды ұлт қайраткерлері қолдау танытты. Алла бағымызға қарай режиссер, Мәскеудің Театр өнері институтын тәмамдаған маман Ерсайын Тәпеновті жолықтырды. Осылайша, актерлар құрамын, тұрмыстық мәселелерін жасақтап, облыста қазақ өнер ошағы қайта жанданды, - дейді М.Омаров.

Мұхит Омаровтың еңбек жолындағы елеулі кезең - облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы болуы. Бұл 1997 жылы еді. Тек облыста ғана емес, жалпы республикада қазақ газеттерінің тағдыры қиын еді, таралым төмендеп, жазылатын тақырыптық әлеуеттері тапшылыққа ұшыраған. Облыс басшылығы экономи-калық, ұйымдастырушылық тәжірибесі мол М.Омаровты редакторлыққа ұйғарады.

- Бастапқыда бұл ұсынысқа келіспедім. Ол кезде мен ғылыми бағытқа ауысып, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте экономика кафедрасын басқаратынмын. Соны жалғастырмақ ойымды айттым. Тағы да облыс басшылығы намысымды жанитын сөздер айтты. Қазір қазақ газетіне қай жағынан болсын тың серпіліс керектігін түсіндірді. Ойлана келе, келісім бердім. Сол кезде маған жаңашылдыққа кедергісі болса, бұрынғы қызметкерлерді жұмыстан аластатуға да барыңыз деген сынды «кеңестер» айтылды. Сөйтсе, сырттан, Алматыдан басқа мамандарды шақырту туралы келісімдері де бар екен. Мен оған қарсылық білдірдім. Мұндағы қызметкер ағаларымыз – бұрыннан тіл, ұлт тағдыры қиын кезде бәріне төзгендер, олар зейнеткерлікке дейін еңбек етуге тиіс. Ал сырттағы мамандарға келсек, қажеті не олардың? Ертең кетеді. Одан да жергілікті жастарды өсірейік, дедім. Қажымұрат Смағұл ағамыз да қолдау көрсетіп, келуімді құптады. Сонымен не керек, бас редактор болып орналастым. Арман еткен журналистикаға қайта оралдым. Жазуы ғана емес, азаматтығы жоғары жігіттерді жинауға тырыстым. Әрине, сенімді көтере алмағандар табылды. Әуелде мұғалім, әдебиетке, тілге бейімділігі бар жастарды тарттық. Осылайша, Айбек Қобдабай, Жұмабек Сманов, Асыл Әбішев секілді жастар келді. Одан басқа, қаладағы мектеп-оқу орындарынан талапты оқушы-студенттерді «Жас қалам» атты тілшілер мектебіне қатыстырдық. Оған ардагер журналист Бақыт Баймұратов жетекшілік жасады. Кейін Павлодар университетінде журналистика факультеті ашылып, оны оқыған қыз-жігіттер редакцияға келе бастады. Павлодар жерінде журналистика оқуын ашу үшін рұқсатты алғызуға көмектестім. Министрлікте әдістемелік орталық кеңесінде Намазалы Омашев деген азамат ағамызға дәлелдей отырып, батасын алып едік. Бүгінде ол қадам өзін ақтап отыр, бізден де журналистер даярлауға болады, - дейді Мұхит Мүрсәлиұлы.

Расында, оның бас редакторлыққа келуімен бірге газет шығару ісінде жаңа менеджменттік тәсілдер іске қосылды. Қолына апарып көрсетпесең, қандай жаңалық жасаса да, оқырмандар біле алмайды. Осыны ұстанып, тегін газет тарату, арзан бағаға жаздыру, тағы басқа түрлі тәсілдер қолданылды. Бір кездері «Дауа» газеті ел шежіресін жинап басумен халық сұранысын өтеп, танымал болған. «Сарыарқа самалы» газеті де бұрын жазылмаған тақырыптарға барды. Балалар үшін тақпақ қызық па, «Айналайын» беті әзірленді. «Имандылық» тақырыбын іздей ме, ересек оқырмандар үшін ол да бар, тіпті орыс және қазақ тілдерінде аралас спорт тақырыбында «ГолПлюс» қосымшасы шыға бастады. Әуелде оған сын да айтылған, бірақ сол кездегі орыс тілді оқырманды тарту бағытындағы эксперимент қадамдар өзін ақтады. Осындай үлкен, жүйелі қадамдар арқасында облыстық қазақ газетінің таралымы ұлғайды, беделі асты. Абыройы көтерілгені емей немене, 1999 жылы Мұхит Омаров республикадағы аймақтық газеттер арасында тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Өзі былай деп еске алады:

- Көпшілікке танылу мақсатында Павлодар қаласы атауын өзгерту туралы тақырыпты жиі көтеретін едік. Ол үшін жергілікті басшылардан сөз де естіп жүрдік. Президентке барғанымда газет туралы ақпарат бергенде соны да алдына ұсынған. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Павлодар атауын өзгертуді көтеріп жүр екенсіңдер ғой?» деді. «Неге ушықтырып жүрсің?» деп, сөгіс айта ма деп едім, керісінше болды. «Дұрыс, - деді Президент, - бірақ әлі ерте. Уақыты келгенде қазақшалаймыз! Әзірге халық санасына салып қойып отыру керек», - деді. Бұл сөз маған қанат бітіргендей болды. Ескерту жасаушыларға: «Маған Президент осындай тапсырма берді» деп тосылтатын болдым, - дейді жарқын шақ туралы әңгімесін айтқан Мұхаң.

«Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы болған кезеңде М.Омаров редакция жанынан қалалық «Шаһар» газетін, «Айдын» әдеби-көркем журналын шығаруды қолға алды. Бұлар өз уақытында үлкен жүкті арқалаған, өзекті жобалар еді.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz