Осы жылы Ақсу қаласының ажарын айшықтап, жолдағы, көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс қолға алынды. Солардың бірі – «Ақсу бекеті» автосапаржайының маңындағы жаяу жүргіншілер жолына жарық диодты жолақтың іске қосылуы. Жоба авторы, Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса колледжінің түлегі Абзал Бүрікбаевтың айтуынша, бұл жобаның тиімді тұсы көп.

- Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар бағдаршамның түстеріне мұқият зер салмай, қызыл түске де өтіп кетіп жатады. Мұның соңы жол-көлік апатына апаруы әбден мүмкін. Ал жаңа үлгідегі өткелдер оқыс оқиғалардың алдын алады. Яғни, жаяу жүргінші келе жатқанда жолақтың түсіне байланысты әрекет етеді. Оған қоса, көзі нашар көретін адамдар, зейнеткерлер жолдың арғы бетіндегі бағдаршамның қандай түсі жанып тұрғанын көрмеуі ықтимал. Ал аяқ астындағы жолақ жүру керектігін немесе сәл аялдау қажеттігін айқын көрсетеді, - дейді А.Бүрікбаев.

Ерекше жоба авторының сөзіне сенсек, жолақтың түсі қалыңдығы 20 сантиметрге дейін болатын қардың астынан да көрінеді. Сонымен қатар, ол беріктігі мықты шыныдан жасалған. Сәйкесінше, салмақты жүктемелер мен түрлі ауа температурасына төзімді келеді.

Биыл дәл осы жолақ орнатылған, Ақсу қаласындағы орталық көшелердің бірі – Астана көшесіндегі 1,7 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан 16,8 млн. теңге қарастырылып, жұмысты «Гордорстрой» компаниясы жүргізді. Бүгінде жоспарлы іс толығымен аяқталып, көліктер ойлы-шұңқырлы жолмен емес, тақтайдай тегіс жолдың үстімен жүретін болды.

Аула ішіндегі жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, «Адэланте» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Парковая көшесі, 1 және 2 мекенжайында орналасқан көпқабатты баспаналардың ауласындағы 160 метр автомобиль жолы жөнделді.

Осы жылы атқарылған ауқымды істердің тағы бір парасы – көпқабатты баспаналар сыртының боялуы. Айталық, көктем-жаз кезінде қалаға кіреберістегі Қамзин көшесі, 13 мекенжайындағы 9 қабатты бір подъезді үй жасыл, ақ түстерге сырланды. Алыстан менмұндалап, орталық көшенің реңкін енгізген бұл ғимаратқа бояу жұмыстарын павлодарлық «ВиК ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ал альпинистер Алматы қаласынан арнайы шақыртылды.

Сонымен қатар, Әуезов көшесі, 53, Астана көшесі, 3 мекенжайындағы үйлердің де сырты боялды. Бұл жұмыстарды атқару «АқсуТрансЛогистик» компаниясына жүктелді. Ал Қамзин көшесі, 27 мекенжайындағы баспананың сыртын бояу жұмыстары жақында басталды. Бұл істі «Цитадель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қолына алды. Таяу күндері бұл көпқабатты тұрғын үй де әрлене түспек.

Шағын шаһардағы мұндай өзгерістер көпшілікті қуантпай қоймады. Олар бұл бағыттағы жұмыстың келер жылы да жалғасын тапқанын қалайды.

- Биыл Ақсу қаласындағы бірқатар автомобиль жолы жөнделіп, барлық дерлік аула қалпына келтіріліп, асфальт төселді, көпқабатты баспаналар әр түрлі түске боялды. Мұның барлығы шағын ғана шаһарымыздың тынысын кеңейткендей болды. Бұрынғы сұр түсті үйлерді алыстан менмұндалап, көз тартатын әдемі баспаналар алмастырды. Бастысы, аулалар жөнделіп, балалардың ойнауына, спортпен шұғылдануына, қариялардың таза ауа аясында демалуына жағдай жасалып келеді. Мұндай игі істер легі келесі жылы жалғасса екен дейміз, - дейді Ақсу қаласының тұрғыны Аягөз Тілегенова.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz