«Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кенті маңында шыны зауыты салынады» деген сөз талайдан бері көптің құлағында жүр. Енді осы жобаның іске асуы ақиқатқа айналатын секілді. Өйткені, кәсіпкер Кеңес Жұмабеков осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын жабуға мәжбүр болған шыны зауытын қайта салмақ. Осылайша келесі жылы көптен бергі арманын жүзеге асыруды ойластырып отыр.

Тарихқа шегініс жасасақ, шыны зауыты облысымызда бұған дейін де болған. Атап өтерлігі, дәл осындай кәсіпорын елімізде әлі күнге дейін жоқ. Сол тұста қысқа уақыт аралығында шыныдан түрлі тұрмыстық затты жасаған кәсіпорын бірқатар себепке байланысты жабылған еді. Ал оны құрушы кәсіпкер Кеңес Жұмабеков аталмыш зауытты қайта іске қосу үшін жылдар бойы күресіп келеді.

Алғашқыда кәсіпкер Кеңес Жұмабеков «Пульс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. (Қазіргі атауы «Интурсервис-Пульс» ЖШС-і). Жұмыс бастаған сәттен бастап серіктестік өзінің қызметкерлеріне арналған әлеуметтік көмек көрсетудің белсенді бағдарламасы арқылы көпке таныла бастайды. Кәсіпорын аясы кеңейіп, ауқымды түрде жұмыс істейді. Осылайша 1994 жылы Кеңес Жұмабеков қалауындағы зауыттың құрылысын жүргізіп, еліміздегі алғашқы шыны зауытын іске қосты. Бастапқыда ыдыс-аяқ пен бөтелкелер жасап шығаратын. Айта кетерлігі, бұл кезде Кеңес Қабиденұлы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. К.Қабиденұлының айтуынша, оның табысты кәсібі көптеген адамдардың қызғанышын тудырды. Осылайша 1995 жылы саяси ауыс-түйіске байланысты бір жыл ғана жұмыс істеген кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады.

- Ол кезде кәсіптің біраз түрімен айналыстым. Линолеум, түсқағаз, шыны шығардым, волейбол командам болды. Газет шығарып, бизнес мектебін де аштым. Тіпті реактивті ұшағым да болды. Соның ішінде, әсіресе, шыны зауытын салуды, соның жұмысын кеңейтуді армандадым. Ешқандай қиындыққа қарамастан зауыт жұмысын іске қосу үшін талмай, тынбай еңбек етіп келемін. Ең бастысы уақыт пен денсаулық болса болғаны. Қалай дегенмен де жасым жетпіске жетіп қалды, - дейді Кеңес Қабиденұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, кәсібіне қарсылық танытқан адамдар да болған. Яғни, өте қиын таңдау жасауға мәжбүрлеген көрінеді.

- «Не акцияның 51 пайызын бересің, не зауытыңды жермен-жексен қыламыз» деп сес көрсетті. Мен өзімнің ұзақ жылғы арманымнан оңай бас тарта алмадым. Сондықтан кәсіпорынды ешкімге бермеймін деген шешімге келдім. Себебі, шыны зауыты - бар күш-жігерімді арнаған, қаншама қаражатымды құйған кәсібім. Мемлекеттен ешқандай қаражат алған жоқпын. Бірақ, бұл таңдауымның салдары көп күттірген жоқ. Талай жылғы термен келген зауытты бульдозерлер әп-сәтте сүріп тастады, - дейді Кеңес Жұмабеков.

Осылайша кәсіпкердің арманы болған отандық шыны зауытының жұмысы тоқтайды. Тек пластмасса өндіру бойынша бір ғана кәсіпорны қалады. К.Жұмабеков ешбір кедергіге мойымай, кәсібін жалғастыра береді. Автоматты құрылғылар орнатып, кәсібін кеңейте түсті. Бұл кәсіпорын бүгінге дейін қызу жұмыс істеп келеді. Десе де, Кеңес Қабиденұлы шыны зауытын салу туралы ойынан кері қайтпады. Зауыт жұмысын жандандыру үшін жиырма жылдан астам уақытын сарп етеді. Кәсіпкер қолындағы жобасымен біраз құзырлы мекемелерге барыпты. Айтуынша, жобасы өте ұтымды. Құм жақын маңнан алынады, теміржол іргеден өтеді. Өндіріске қажетті көмір де дайын. Мұның бәрі шынының өзіндік құнын арзандатып, нарықтағы бәсекелестікте айтарлықтай артықшылық береді. Айта кету керек, біздің елімізге мұндай шыны Ресей, Қытай мен Ираннан әкелінеді. Яғни, шыныға қажеттілік зор. Бірақ жобасының өміршеңдігіне ешкім сене қоймады.

К.Жұмабековтің айтуынша, біріншіден, бұл еліміздегі жалғыз шыны зауыты болғандықтан ауқымды жұмыспен айналысуға мүмкіндік беретін еді. Шетелге импорттауға да оңтайлы. Еліміздегі тұтынушылар үшін де тиімді. Екіншіден, біздің облысымызда шыны зауытының салынуы Сібір, Моңғолия, Қытай сынды көршілес елдерге жеткізу үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады. Сонымен қатар, кәсіпкер бастамасын шетелдік сарапшылар қолдап, Қазақстанда шыны өнеркәсібін дамытуды зерттеп, орналасу орны қолайлы деп қорытындылаған. Мұндай дүниелерге қарамастан, сол тұста, яғни тоқсаныншы жылдарда мемлекет шыны зауытын қаржыландырудан бас тартады. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау күтудің еш пайдасы жоғын түсінеді.

- Әкімдікке, жұмыспен қамту орталығына хат жаза бастадық. Олар мамандарды оқытуға қаражат жоқ деп жауап берді. Содан еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке хат жаздым. Ол Қазақстанда жоқ мамандықтарды оқытуды қаржыландыру қажет екеніне Қаржы министрінің көзін жеткізді. Үйлестіру кеңесінде жұмыспен қамту орталығының басшысы шыны зауытында жұмыс істейтін мамандарды оқыту мәселесі шешілгенін, бірақ 20%-ын жұмыс беруші төлеу керектігін айтты. Мен бұған да келістім. Ақшаны жарты жыл күттік, содан оның облыстық деңгейде қысқарып қалғаны белгілі болды. Ал мен болсам, осы қаражатқа есептеп Гусь-Хрустальныймен, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетпен үш жақты келісім жасап қойған едім. Ақыр соңында барлығынан кешірім сұрауға тура келді, - дейді ол.

Қазіргі уақытта Кеңес Жұмабеков шыны өндіруге қажетті құмды және басқа компоненттерді өндіруге мүмкіндік алды. Осы жобаға демеушілер іздестіріп, олармен келіссөз жүргізді. Айтуынша, бұл кәсіпкер құмды тек шыны өндіру үшін ғана емес, басқа да жұмыстарға кәдеге жарату үшін шығарады. Тіпті, қазіргі уақытта сатып алам деушілер үшін құмның қажетті қоры да бар көрінеді.

Осылайша кәсіпкер 2019 жылы Қалқаман кентінде қайтадан шыны өндіретін зауыттың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, жоба қоршаған ортаға зиян келтірмейтіні туралы сараптамадан өткен. Зауыттың салынуына байланысты кент тұрғын-дарымен қоғамдық кеңес өтті. Евгений Азаров, Александр Рюмкин сынды зиялы қауым өкілдері де аталмыш кәсіпкердің жұмысын оң бағалап, қолдайтынын айтады.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz