Еліміздің оңтүстігінде өтетін өнер фестивалі жыл сайын ұйымдастырылады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықа-ралық ұйымы бірлесіп өткізетін шарада биыл 10 театр өнер көрсетеді. Шет елден Джабарлы атындағы Әзербайжан мемлекеттік драма театры және Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры қатысады. Сондай-ақ елімізден Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры, Астана қаласының Жастар театры және Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы өнер ұжымдары бақ сынайды. Биылғы фестиваль даңқты жерлесіміз, Қазақстандағы алғашқы театр режиссері Жұмат Шанинның 125 жылдық мерейтойына арналып отыр.

- Ж.Шанинге арналған фестивальге даңқты өнер қайраткерінің туған жеріндегі Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының қатысуы – үлкен мәртебе. Алайда, біздің ұжымның қатысу-қатыспауы соңғы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Фестивальге қатысушылар арасында тек біздің ұжым ғана Жұмат Шаниннің шығармасын сахналамақ екен. Ұйымдастырушылар осыны ескерсе керек. Әйтеуір, наурыз айының соңында қатысатынымыз белгілі болды. Оның үстіне, Жұмат Шаниннің немересі, белгілі театр режиссері Болат та біздің қатысуымыз үшін қолынан келген көмегін аямады, - дейді Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының директоры Мұхтар Байжұманов.

Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» тарихи драмасын осыдан алты-жеті жыл бұрын Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры жуырда ғана қайтыс болған режиссер Жанат Хаджиевтің жетекшілігімен сахналады. Әзірше, бұл – «Арқалық батырға» «тісі батқан» еліміздегі жалғыз өнер ордасы. Қойылым бертін театр репертуарынан алынып қалған. Биыл қалпына келтірілді. Театр ұжымы соңғы екі айды «Арқалық батырдың» дайындығына арнаған. Басты рөлді – Арқалық батырды Бекболат Оқасов сомдайды. Сондай-ақ, тарихи драмада Сейітжан Тәжібаев, Бейбіт Шәнім, Жұмахан Доспаев, Руслан Нығманов, Кенжеғазы Қарымсақов, Талжібек Атамбек, Толқын Әбідрахимова секілді белді әртістер ойнайды. Жастарға да зор сенім артылып отыр. Түркістанға аттанған 34 адамның 19-ы қойылымға қатысады. Ал қалғаны ұйымдастыру жұмыстарына жауапты.

- Фестивальге қатысатынымыз наурыз айының соңында ғана белгілі болған-дықтан, ұйымдастыру жұмыстарында кедергілер болды. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстанға біздің өңірден тікелей көлік байланысы жоқ. Сондықтан билет мәселесі кесе-көлденеңдеді. Ақыры белгілі теміржолшы, ұлт руханиятының қамқоры Әби Сарқыншақов ағамыздың тікелей араласуы-мен бұл мәселе де оң шешілді. Әби ағамызға зор алғысымызды білдіреміз, - дейді М.Байжұманов.

Фестивальдің шымылдығы павлодар-лық өнер ұжымының қойылымымен түріледі.
Өнер ұжымының киелі Түркістан өңірінен олжалы оралуына тілектеспіз!

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz