- Қарлығаш Жеңісқызы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарламалық мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасының мәні неде?

- «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру әр азаматтың міндеті мен борышы деп санаймын. Ал туған елге, жерге деген патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс табады. Бұл туралы Елбасымыз өз сөзінде айтып кеткен болатын. Иә, «баланы - жастан» деген аталы сөз бар қазақта. Елін, жерін шын сүюді ең алдымен мектеп қабырғасынан-ақ бойына сіңіру қажет. Сондықтан, ең бірінші білім саласында ауқымды түрде өлкетану жұмыстары жүргізілуі қажет деп санаймын. Бұдан соң экологияны жақсартуға, елді мекендерді абаттандыруға, тарихи мән-маңызы бар дүниелерді құрметтеуге үйрете білу керек. Әрбір жер атауының өзіндік сыры, аңызы, тарихы болады. Сол елден шыққан аңыз адамдар болады. Осының бәрін жас ұрпақтың бойына сіңіріп өсіру қажет. Міне, бағдарламаның мәні осында жатыр. Кейін туған жерінен жыраққа кетсе де осындай тәрбиені бойына сіңіріп өскен перзент ел-жеріне барынша екпіні ауып тұрады. Туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасайды. Ең басты жетістік осы болмақ. Жалпы, «Туған жер» бағдарламасы - уақыт талабынан туындаған идеология жинағы. Оны үңіле оқып, түсіне білуіміз, соған сай қадам жасауымыз қажет.

- Бұл бағдарламаны ел тұрғындары қалай қабылдады?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлтқа бағытталған ұран деп білемін. Қоғамдық санаға рухани сілкініс берген жобаны халық жылы қабылдады. Мән-мағынасын түсініп, маңызына ден қоя білді. Мәуелі ой-толғаумен саралаған жоспарлы жоба халық жүрегіне жол тапты. Бұл айтпаса да түсінікті. Өйткені, жоба халыққа жол тартқаннан кейін туған елге, жерге деген патриот жандар сүйіспеншілігі айқын көріне бастады. Бұл бағдарлама жұртшылықтың жігерін жанып қамшылады. Жұртшылық рухани жұтаңдықтан арылуға тырысуда. Елім деген барша азамат қолдап, қуаттауда. Бұл ұлы мақсаттарға жетелейтініне сенімім мол. Әсіресе, жастардың ой-өрісінде рухани сең қозғалды десем артық айтқандық болмас. Мәселен, ауданымыздағы жастар «Туған жер» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар білдіріп, жобаларды қолға алуда. Алдағы уақытта оның нәтижесін көре жатарсыздар. Нақты жобалардың жаңғыратын уақыты әлі де алда деп білеміз. Дап-дайын дүниеге дәніге бермей, туған жердің тазалығына дейін мән беріп жатсақ құба-құп болмай ма?! Туған жерден ешкім жыраққа кетпеске ұйытқы болып, барлық керекті материалдық, рухани жағдаймен қамтамасыз ету керек. Жаңа жұмыс көздерін, өндіріс орындарын ашып, рухани ошақтарды жетілдірген абзал.

- Бағдарлама халыққа жол тартқаннан бері нақты қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Мен өзім облыстық мәслихатқа Май ауданы бойынша депутат болғандықтан, сол өңір жайында айтқаным дұрыс болар. Май ауданында арнайы жұмыс тобы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Мектептерде туған жер тақырыбына арналған сынып сағаттары өткізіле бастады. Бұдан басқа, басқа аймақтарға көшіп кеткен кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастардың басын қосып, ауылға қолдау жасау туралы ұсыныс жасалды. Негізі, бұл - мұқият ойластыруды, халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарын қажет ететін бағдарлама. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы аудан-ауылдарды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, оқу орындарына демеушілік жасауға, кітапханалар қорын байыта түсуге болады.

Біз осы тұрғыда жұмыстарымызды бастап та кеттік. Мәселен, 2017 жылдың шілде айында «Туған жер» бағдарламасы аясында Кеңтүбек ауылында «Туған жер - ата-бабадан қалған ұлы мирас» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталмыш шараға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, осы жерде туып-өскен ауыл азаматтары шақырылды. Конференция бағдарламасына сәйкес шара барысында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Мерекелік концерттік бағдарламалар өткізілді. Шараға жалпы 500-ге жуық адам қатысты. Көптің көңілінен шықты десе де болады. Бұдан былай дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады. Келесі конференция қараша айына жоспарланды.

Айта кетейік, «Туған жер» бағдарламасы - санаға өзгеріс енгізетін дүние. Мұның барлығы бір күндік шаруа емес. Дегенмен ауданда атқарылып жатқан, әлі де болса атқарылатын жұмыстар жемісін береді деген ойдамыз. Бағдарламаның кіші жобасының бірі - ауылдық кітапханаларды, мәдениет, білім беру және демалыс орталықтарын жаңғырту. Кітапхана жұмысын модернизациялау қажет. Яғни, кітапхана әлеуметтік институт ретінде, электронды кітапхана тұжырымдамасының жүзеге асуының арқасында, ақырындап құжат қоймасынан білім қоймасына айналатын болады. Бұл кітапханалардың қоғамдағы рөлін сақтау мен нығайтуға мүмкіндік береді. «Руханият ошағы» жобасының сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары» партиялық жобасын іске асыру мақсатында көздеген бір мәселе коворкинг-кітапхана ашу болатын. Мұндай орталықтар кез келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуына, арнайы тақырыптарда дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, шахмат, дойбы ойнауға, гүл өсіріп, қолөнер бұйымдарын жасауға зор мүмкіндік береді. Кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдайды жасайтын орталық ретінде Баскөл ауылдық кітапханасында мамыр айында коворкинг-орталығы ашылды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла бермек. Нәтижелі жұмыс істеуге тырысудамыз.

- Бағдарламаны жүзеге асыруға сәйкес «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» сынды төрт бағдарлама жүзеге асырылуда. Осыған тоқталып өтсеңіз...

- Жалпы, бүгінге дейін бағдарламаның бағыттарын іске асыру үшін жобалар бекітіліп, іске асырыла бастады. Осы бағытта ауданымызда құрылған арнайы топтар да бар.

Бірінші бағытта туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбие және білім арқылы қалыптастыру көзделеді. Екінші бағыты бойынша ауылдан шыққан азаматтардың, кәсіпкерлердің туған жерлерін ұмытпай келіп, көмектесуі көзделеді. Үшінші бағытында әр ауылдың төңірегіндегі қасиетті жерлер, танымал адамдар тарихы зерделенеді. Ал төртінші бағыт - ақпарат толқыны. Яғни, бұл бағытта бағдарламаны жүзеге асыру барысын БАҚ арқылы ақпараттандыру және қоғамда жаңаша ой-өріс қалыптастыру көзделеді. Бұл - бізге берілген мүмкіндік. Мұның барлығын биліктен түскен нұсқау немесе бұйрық деп қарамауымыз қажет. Мақаладағы идеялар әр азаматтың жүрегінен орын табатын болса, онда бұл бағдарлама мәңгілік елдің мәңгілік бағдарламасына айналатыны анық.

- Қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты Елбасы айтқан 6 негізгі ұсыныс бар. Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

- Әрине, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымызда қоғамдық сананы жаңғыртуға қажетті барлық жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Біз бағдарламаның әрбір бағытына, бөліміне асқан жауапкершілікпен қарап, жете түсінуге тырысудамыз. Сол бағытта жүйелі жұмыс істеуге де көштік. Рухани жаңғыруға бағытталған жұмыстардың бір парасы — «Туған жер» бағдарламасы. Ал бұл бағдарлама аясында қолға алынған ауқымды жоба - «Қазақстанның киелі жерлері географиясы». Арнайы жоба бойынша Павлодар облысының сакралды жерлер картасына аудан аумағында орналасқан 7 нысан еніп отыр. Солардың бірі - 14-15 ғасырды қамтитын тарихи жәдігер Қызыл еңбек ауылы аумағында орналасқан Қалбасын мұнарасы. Бұл мұнараны 2003 жылы Павлодар облысының археологтары зерттеген еді, нәтижесінде ою-өрнек түрінде қыш тақташалар табылды. Сонымен қатар, Ақбалық хазірет бабамыздың зираты да біздің аудан аумағында орналасқан. Ауданда «Туған жерім – Май ауданы» қоры құрылды. Қазіргі уақытта осы қорға жетекшілік етемін. Аудан көлемінде ұйымдастыру комитеті, ақпараттық насихат тобы құрылды. Осы уақытқа дейін ауылдарды аралап, Ақбалық хазірет баба есімін ұлықтап, кесене тұрғызу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әр елді мекендердегі кітапханаларда кітап көрмелері, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Нәтижелі жұмыс аясында «Туған жерім - Май ауданы» қоры «Әбу Ханифа» қоғамдық қорымен бірлесіп, бабаға кесене тұрғызылды. Бұдан бөлек, аталмыш қор есебінен Баскөл ауылының маңында «Абылайдың жайлауы» ескерткіші мен «Тілеуқабыл батыр» ескерткішін ашу жоспарланған. Бұл жұмыстар 2019 жылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Елбасының бағдарламалық мақаласындағы басты мәселе - қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Аудан жұртшылығы арасында насихаттау үшін ағымдағы жылдың қазан айының басында Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында «Қазақ тілінің латын графикасына көшу мәселесі бойынша» аудандық конференция өтті. Оған ауданның Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері, ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары, жастар қатысты. Жиналғандар ой бөлісіп, өз пікірлерін ортаға салды.

Баланы іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге, ақыл-ойын жетілдіруге, отансүйгіштікке баулуда, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуде теңдесі жоқ құрал – дәстүрлік таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары. Халқымыздың бай мұрасын насихаттауды біз мықтап қолға алдық. Ауданымызда «Қазақтың ұлттық ойындары» жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта жылда көкпар ойындарын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Саты мен Ақшиман ауылдарының көкпаршы командалары аудандық, облыстық спартакиадаларға үнемі қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Тоғызқұмалақ, асық ату ойындары жасөспірімдер арасында кеңінен насихатталуда. Аудан мектептерінде 2-4-сынып оқушыларына арналған «Асық games» атты ұлттық ойындар жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл ауданымызда атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Жалпы, Елбасының бұл бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Соның ішінде, әсіресе «Туған жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату - үлкен міндет. Берілген тапсырманы орындау ғана емес, оны бүгінгі күнмен өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету басты парызымыз деп білемін. Ендеше бағдарламада көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды орындау бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табады деген сенімдемін.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz