Павлодар және Қарағанды облыс-тары арасындағы мәдени-рухани байланыс үзілген емес. Бұған дейін Қарағандыдағы қазақ театрының ұжымы Ертіс-Баян өңіріне арнайы сапарлап келіп, павлодарлықтарға «Көмекей әулие - Бұқар жырау» спектаклін ұсынған болатын. Сонымен қатар, арқаның аузы дуалы ақындары мен күміс көмей әншілері де жиі келіп тұрады біздің өңірге.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағамбетовтің сөзінше, көрмеге 300-ден астам тарихи-мәдени экспонат әкелінген. Оның ішінде қола және ерте темір дәуірінен сыр шертетін тарихи құнды жәдігерлер, одан кейінгі қазақ даласында болған жаугершілік заманның белгісі болып қалған заттар бар. Яғни, әйел адамның белдіктері мен қапсырмалары, әшекей бұйым-дары, моншақтары, жебе ұштары, найза мен қылыш сынықтарын тамашалауға болады. Бұлардан өзге тағы бір ерекше жәдігер – 2010 жылы Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы ауданынан табылған алтын адамның көшірмесі. «Арқаның алтын адамы» атанып кеткен тарихи жәдігердің түпнұсқасы Астана қаласындағы ұлттық мұражайда сақталған.

- Бұқар жырау Қалқаманұлы - екі аймаққа ортақ тұлға. Сондықтан биылғы 350 жылдық мерейтойын абыроймен өткізу – барлығымызға ортақ міндет. Көрмеге жыраудың қағаз бетіне араб тілінде түсірілген өлең-дерін және Қарағанды ғалымдарының құрастыруымен жарыққа шыққан «Ұрпаққа ұлағат» кітабын алып келдік. Сонымен қатар, биыл Қоянды жәрмеңкесіне 170 жыл толып отыр. Міне, осы тарихи оқиғаға қатысты дүниелер де бар, - дейді Ержан Нұрланұлы.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған сакралды орындар тізіміне Қарағанды өңірінен 21 нысан еніпті. Құжаттар бөлімінен Арқа өңірінің тарихи және мәдени орындары туралы мол мағлұмат алуға болады.

Шара барысында Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұжымына Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты және Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай жарық көрген «Ұрпаққа ұлағат» кітабы табыс етілді.

- Біз басқа облыстағы музейлермен де тығыз байланыстамыз. Еліміздің әрбір өңіріне барып, осындай көшпелі көрмелер ұйымдастыру-дамыз. Соның ішінде Қарағанды өңірі біз үшін ыстық. Екі аймаққа ортақ тұлғалардың еңбегін насихаттау бағытында бірлесіп жұмыс істеудеміз. Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын бірлесіп атап өтудеміз. Осы мәдени сабақтастық әлі де жалғасын табады деген сенім мол, - деді Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі директорының ғылым жөніндегі орынбасары Гүлжайнат Әлиева.

Көрме Г.Потанин музейінде бір ай бойы жалғасады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz