Сондай кездесулердің бірі облыс орталығындағы «Колос» балалардың мәдени ойын-сауық орталығында өтті. Жиын барысында сөз алған Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Саян Мұқанов Жолдаудың басым бағыттарына, әсіресе «7-20-25» мемлекеттік бағдарлама-сының тиімді тұстарына тоқталды.

- Бұрын-соңды біздің елде баспаналы болудың мұндай оңтайлы мүмкіндігі болмаған еді. Жолдау барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бағдарламаның өңірлерде сәл баяу жүзеге асып жатқанын сынға алып, нақты тапсырмаларды жүктеді. Сондықтан бұл бағытта ілкімді істер атқарылмақ. Атап айтқанда, 2021 жылы Сарыарқа шағын ауданының құрылысы толық аяқталады, ал келесі жылы Достық шағын ауданының негізі қаланады. Оған қоса, жеке үйлер құрылысына баса мән бермекпіз. Осылайша, тұрғындардың басым бөлігінің «7-20-25» бағдарламасы бойынша өз пәтерін алуына жағдай жасалады, - деді С.Мұқанов.

Саян Назымұлы мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен орта мектептерді бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, облыс орталығындағы орта мектептердің барлығы дәл осындай құралдармен жабдықталған. Ал балабақшаларда 1700 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектепке дейінгі білім беру орындарына камералар қою ісі келесі жылы толық аяқталмақ. Бұл ретте Павлодар қаласындағы балабақшалардағы білім сапасын арттыру үшін оларды мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында сенімді басқаруға беру көзделіп отыр.

Тұрғындардың денсаулығын сақтау, бұқаралық спортты дамытуға да айрықша мән беріледі. Қазіргі уақытта Павлодар қаласында онколо-гиялық диспансердің, 50 метрлік бассейннің, мұз айдынының, «Спорт-сити» қалашығының құрылысы қарқынды жүруде. Жергілікті билік өкілдерінің пайымынша, бұл нысандар көпшіліктің спортқа ден қоюына оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, жиын барысында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арынов сөз алып, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асатын жұмыстарға тоқталды.

- Жолдауда атап көрсетілгендей, экономиканың қайта өңдеу секторына, эскпортқа тауар шығару мен отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытына басымдық берілмек. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарла-масын ұзарту туралы тапсырма көптің көңілінен шықты. Себебі, дәл осы бағдарламаның бағыттары жеңілдетілген несие алуға, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік берді. Оған қоса, сол арқылы шағын және орта бизнес дамып, мемлекеттің қазынасына түсер салық көлемі айтарлықтай көбейді. Салық демекші, салық амнистиясының енгізілуі кәсіпкерлердің күрмеулі мәселелерін шешетін болады. Яғни, бизнесмендер салықтың негізгі сомасын өтесе, өсімпұл алынып тасталады. Бұл кәсіпкер-лерді салықты уақытылы төлеуге ынталандырады, - деді Е.Арынов.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарла-малар басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Камалова жалақының өсуі әлеуметтің әл-ауқатын жақсартатынына зор сенім білдірді.

- Ең төменгі жалақы көлемінің күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтыны қуантады. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, 28 мыңнан 42 мыңға дейін артады. Сол арқылы көпшіліктің «жыртығы жамалатын» болды. Сонымен қатар, Жолдауда келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдау мәселесі көтерілді. Бұл мәртебелі мамандық саналатын мұғалім қызметінің беделін арттыра түсеріне кәміл сенемін, - деді Г.Камалова.

Жиынға қатысушылар Жолдауда белгіленген міндет-межелерді орындау үшін бірлесе еңбек ететінін бірауыздан білдіріп, сол арқылы көптеген қоғамдық түйткілдің түйіні тарқайтынын тілге тиек етті. Сонымен қатар, осы Жолдау жүктеген тапсырмаларды арқау еткен жиын Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылында өтті.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz