Аталмыш нысан Майқайың станциясы-ның оңтүстігінен 3 шақырым қашықтықта, Екібастұз аумағы Ақбидайық трактінің сол-түстік-батыс бөлігінде орналасқан.

Бұл ескерткіш тас, қола және ерте темір дәуірлеріндегі Сарыарқадағы ежелгі аңшы-лар мен малшылардың рухани мәдениеті мен бейнелеу өнерін сипаттайды. Жартас суреттерінде адамдар мен жануарлар бейнеленген ежелгі қасиетті жер болып табылады. Зерттеушілер бұл петроглифтердің палеолит және ерте темір дәуіріне жата-тынын айтады.

Суреттер қызыл түсті қыр-тысты тастардың бетіне са-лынған. Петроглифтердің ең көне тобы антропоморфты суреттермен бейнеленген. Олардың басым бөлігінде билеп жатқан адамдардың ұзын қолдары мен аяқтары-ның суреттері бар. Сондай-ақ мифтік жануарлар бейнеленген. Петроглифтердің бұл тобы мезолит дәуірінің (б.з.д. 10-7 мың-жылдық) ескерткіштеріне ұқсастығы бар. Ұзын мүйізді, басын төмен түсіріп тұрған бұқалардың суреттері энолит дәуіріне жатады. Қозғалыс үстіндегі бұқалардың бейнесі дамыған қола дәуіріне жатады.

Суреттердің хронологиялық тобы ерте темір ғасырының скиф-сақ дәуірімен байланысты. Бұлар - тауешкінің, мүйізсіз бұғы- ның бейнелері. Ақбидайық галереясының ең көркемі байырғы кезеңдердің жеке суреттері мен сюжеттерінің үстіне салынған жылқы бейнелері болып табылады.

Ата-бабамыз ежелден бері тас бетіне суреттер қашалған жерлерді исламға дейінгі тәңіршілдік дәстүрлеріне сай қасиет-ті, киелі орындар деп білген, ата-баба аруақ-тарының мекені, ерекше қасиет орындары деп таныған.


Жасыбайдағы петроглифтер (Драверт үңгірі)

Жасыбайдағы петроглифтер Баянауыл ауылының солтүстік-батысына қарай 5,5 шақырым, Жасыбай көлінің жағасының оңтүстік шығысында, «Кристалл» демалыс орнынан солтүстікке қарай 150 метр қашықтықта орналасқан.

Бұл ескерткішті 1926 жылы геолог П.Л.Драверт ашып, зерттеген, кейін павлодар-лық өлкетанушы И.В.Лагутин ескерткішті зерттеушінің есімімен «Драверт үңгірі» деп атаған. Үңгірге өлкетанушы С.А.Музалевский, Л.М.Сафонова, палеотолог Л.Л.Гайдученко, сонымен қатар В.К.Мерцтің басшылығымен Павлодар археологиялық экспедициясы бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ежелгі адамдар өздерінің діни көз-қарастары мен наным-сенімдеріне сай қиял-ды образдарды тасқа бейнелеп отырған. Бұл бір жағынан бейнелеу өнерінің ең алғаш туындылары болса, екінші жағынан, олардың наным-сенімдерін, діни түсініктердің ең алғашқы көріністерін көрсетеді.

Ежелде әр түрлі бейнелерде адам бейнеленсе, оның жанының бір бөлігі содан көрініс табады деп сенген. Сонымен қатар, бұл суреттер адамдардың белгілі бір салт-жораны жүзеге асырған кезін бейнелеуі мүмкін. Ондай салттарға аңшылыққа шығу, би, т.б. ғұрыптар тән. Аңшылыққа шығар сәттегі ғұрыптарды бейнелеу оның сәтті болуын жору, соған ниет-тілек білдірумен байланысты болған.

Осы тас суреттерін зерттеген Петр Драверт былай деп жазған: «Бұл суреттерден 15 фигураны байқауға болады. Олардың он шақтысы әртүрлі кейіпте тұрған адамдардың суреттері, олардың үшеуі ер адамдар екені анық. Үңгірдің шағын көлемі бір адамға лайық баспана болуы да мүмкін. Үңгірдің күмбезі таза, анық. Сондықтан бұл үңгір әдет-ғұрыптың заттарын сақтауға арналған пұтқа табыну орны болған деуге болады. Ал осы үңгірдің күмбезінде орналасқан суреттердің діни немесе магиялық маңызы болғаны анық. Осы маңайдағы басқа үңгірлер бұған қарағанда көлемі мен кеңдігі жағынан адамның баспанасы болуға ыңғайлы. Олар-дың қабырғалары мен күмбездері қатты күйеленген».

Ескерткіштің ені - 2,8 метр, тереңдігі - 2,1 метр, кіре берістегі жалпақ бірікпенің биіктігі - 1,8 метр. Шағын үңгір тәріздес құз қалыптасқан. Үңгірдің төбе жағындағы суреттер қызыл жосамен жасалған. Сурет көлемі - шамамен 1 метр. Мұнда 15 түрлі бейне, оның ішінде он шақтысы адамға ұқсас бейнелерді көруге болады.

Ескерткіш солтүстік-шығыс Сарыарқаның неолит дәуіріндегі тайпалардың рухани мәдениеті мен алғашқы қауымдық мәдениетін сипаттайтын діни орын болып табылады.

Ата-бабаларымыз мұндай жерлерді «сиқыры мол, бұл жерді қорласа, зияны тиеді» деп алшақ жүруге тырысқан. Бұл бейнелердің жақсы дәрежеде сақталып қалуы да осы сенімге байланысты болуы мүмкін.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz