Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен шығарылып, 10 жылға созылған алапат майдан аяқталды. Содан бері де 29 жыл өтіпті. Десе де, жүздеген жерлестеріміздің қанын жұтқан сұм соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ.

Ресми деректерге қарағанда, Ауған соғысында кеңес одағы елдерінен аттанған 15 мыңдай сарбаз Отанына қайтпай қалған. Солардың бір мыңға жуығы Қазақстанның тумалары болса, Павлодар өңірінен аттанғандардың 36-сы отбасына қайта оралмады. Майдан шебінде ерлік көрсеткен 269 жерлесіміз түрлі ордендермен және медальдармен марапатталған болса, 26 жерлесіміз Қызыл Жұлдыз орденінің иегері атанды. Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта орнатылған мемориалды кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласындағы «Боевое братство» ардагерлер қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Геннадий Шорохов және соғысқа қатысушылар мен майданда қаза тапқан батырлардың жақын туыстары қатысты.

- Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Жерлестеріміздің өтініші бойынша, майданда қаза тапқан боздақтардың құрметіне арнап аллея аштық. Олар мұндай құрметке әбден лайық. Енді келер ұрпақ Ауған соғысында қандай азаматтар шайқасып, кімдер қаза тапқанын ұмытпайды. Соғыстың аяқталғанына 30 жылға жуық уақыт өткенімен, батырлардың ерлігі мен есімі ел жадында сақталмақ,- деді Болат Жұмабекұлы.

Мәскеуден арнайы келген қонақ - Геннадий Шорохов та сөз алып, осындай игі шараға қолдау білдірген облыс басшылығына алғыс білдірді. Жауынгерлердің мемориалды кешенінің ашылу салтанатына келген жұртшылық қаза болған жерлестеріміздің құрметіне гүл шоқтарын қойып, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

- Бұл игілікті іс біз үшін не болмаса соғыстан қайтпай қалған майдангерлер үшін емес. Бұл - келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс. Себебі Ауған соғысының тарихынан хабары жоқ, майданда біздің қаншама бауырларымыздың жер құшқанын білмейтін жастар көп. Тіпті, бір кездесуде ауған соғысын Ұлы Отан соғысымен шатастырып, «Қанша фашистің көзін жойдыңыздар?» деп сұрағандар да болған. Сондықтан бұл бағытта әлі де көп жұмыс жүргізу керек, - деді ауған соғысының қатысушысы Шәріпбай Өтегенов.

Жиын барысында соғыста қаза болған сарбаздардың ата-аналары да сөз алып, осынау тарихи маңызы зор іске қолдау көрсеткен қала және облыс басшылығына алғыстарын білдірді. Мемориалды кешеннің ашылуына арналған салтанатты жиын облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде жалғасын тапты.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz