Теңдесі жоқ

Алдымен Мәжіліс төрағасы Павлодардағы Қазақстан электролиз зауытында болып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда металлургтермен жүздесті.

- Президенттің биылғы Жолдауының мәні «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» Стратегияларымен үндес. Елбасының Жолдауы біздің қоғамның алдағы жылдарға дамуын белгілеп берді. Президент әрбір мәселені шешу жолдарын да көрсетіп берді. Сондай-ақ, алға қойылған мақсаттар, өзгерістер қарқыны және әлеуметтік бағдары бұл бағдарламалық құжаттың теңдесі жоқтығын білдіреді. Ал Жолдауды нәтижелі жүзеге асыру барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин.

Бұл ретте, Төраға өндірістік өңіріміздің Елбасы бастамаларын жүзеге асыруда аянбайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар, облысымыздың кәсіпорындары арасында Қазақстан электролиз зауытының да ел экономикасындағы алар айрықша орнын атап өтті.

- Кәсіпорынның іргетасын қалауға, іске қосуға Елбасының өзінің тікелей қатысуы зауытқа деген қамқорлықты білдіреді. Бұл кәсіпорынға ерекше мәртебе беріп, зор жауапкершілік жүктейді. Қазақстан электролиз зауыты елімізде Қазақстанның жаңа тарихында іске қосылған заманауи әрі ірі өндіріс орындардың бірі әрі бірегейі екені сөзсіз. 10 жыл ішінде 2 млн. тонна бастапқы алюминий өндірді. Бүгінде тәулігіне 2,5 мың тонна өнім шығаруда. Алда өндірістік қуатқа шығу ойларыңызда бар екенін білеміз. Осылайша, сіздер Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға ұмтылып жатқандарыңыз аңғарылады, - деді Н.Нығматуллин.

Мәжіліс спикері Елбасының Жолдауында аталған алты бағыттың әрқайсысына тоқталды. Басты құжаттағы Президенттің әрбір тапсырмасы елдің игілігіне бағытталғанын бөле-жара атады. Мәселен, бірінші бағытта Елбасы халықтың табысын арттыруды алға тартып отыр. Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап ең минималды жалақы мөлшерін 1,5 есеге өсіріп, 42 мың теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл дегеніңіз 1 миллионнан астам адамның өмір жағдайына оң әсер етеді, деді Мәжіліс спикері. «Бизнестің жол картасын» тағы бес жылға ұзартудың маңызын тілге тиек етті. Елбасы тарифтерді, коммуналдық қызметті, жалпы тұрғын үй-коммнуалдық шаруашылықты тәртіпке келтіруді тапсырды. Шағын және орта бизнес субъектілеріне жарияланған салық амнистиясының да біраз кәсіп иесіне демеу болатыны айтылды.

20 елге экспортталады

Мәжіліс өкілі елімізде экспортты еселеуге көп көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.

- Елбасы экономикалық саясаттың негізгі элементі - экспортқа бағытталған кәсіпорындар болуы тиіс деп есептейді. Сондықтан өнімі экспортқа шығарылатын өндіріс орындарына, яғни, Қазақстан электролиз зауыты сияқты алыптарға, жалпы өңдеу және қайта өңдеу кәсіпорындарына қолдау күшейтіледі. Сіздердің өнімдеріңіз 20-дан астам елге экспортталады. Биыл тауарларыңызды сұйық күйінде тұтынушыға жеткізу арқылы оның өзіндік құнын төмендете алыпсыздар. Яғни, зауыт басшылығы және ғылыми секторы бәсекеге қабілетті кәсіпорын құруға ұмтылып жатқаны қуантады. Көп ұзамай еліміз алюминийден жасалған өнімдерін шетел асыру мүмкіндігіне ие болады, - деді Н.Нығматуллин.

Сонымен қатар, кездесуде Елбасының Жолдауында айтылған өзге де мәселелер сөз болды. Мәселен, Үкімет пен Ұлттық банкке бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл болып, инфляцияны төмен деңгейде ұстау тапсырмасы берілді. Нұрлан Нығматуллин мұның барлығы халықтың табысын еселеуге жол ашатынына сенім білдірді.

Жолдауда әлеуметтік салаға жұмсалатын бюджет шығындарын еселеу жүктелді. Яғни, білім мен денсаулыққа, ғылымға ішкі жалпы өнім көлемінің 10 пайызға жуығын бөлу қарастырылуда. Мектепке дейінгі білім беру, орта және жоғары білім жүйесінде де оң өзгерістер орын алатынын атады. Бұған дейін Елбасының қолдауымен елімізде балабақша кезегі көрсеткіші оңалғанын тілге тиек етті. Мұғалімдердің мәртебесіне айрықша мән беріліп жатқанын бөле-жара атады. Нақтысы, посткеңестік елдер арасында бірінші болып Қазақстан мұғалім мәртебесіне арналған заң жобасын әзірлеп жатқаны - соның айғағы, деді Н.Нығматуллин. Яғни, мұғалімнің құқығы заңмен қорғалмақ.

Медицинаны дамытуға әлі де күш салынады.

- Естеріңізде болар, елімізде бір кездері жүрек-қантамыр сырқаттары дендеп кетті. Бес жыл бұрын Елбасы осыған орай нақты мақсат қойып, әрбір өңірде кардиологиялық орталықтар ашуды тапсырды. Мұндай медициналық мекеме әрбір облыс орталығында ашылды. Астанада ұлттық кардиологиялық орталық құрылды. Нәтижесінде жүрекке күрделі операция жасау мүмкін болды. Оның басым бөлігі бюджет есебінен жүргізіледі. Енді міне, Президент онкологиялық сырқаттармен күресті күшейтуді құзырлы органдарға жүктеді. Астанада ұлттық онкологиялық орталық ашылмақ, - деді Мәжіліс спикері.

Халықтың жайлы өмірі үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды да атады. Мәселен, «Нұрлы жер», «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларымен қатар жалдамалы баспана салуға басымдық берілмек.

Мәжіліс Төрағасы еліміздің әлемдік беделіне де тоқталды. Бүгінгі күні төрткіл дүние Қазақстанды бейбіт әрі тұрақты даму жолындағы мемлекет ретінде таниды, деді. Мұның барлығын Елбасының көрегендігіне, халықтың Президент бастамаларын жан-жақты қолдауының нәтижесіне балады. Осы ретте, Елбасының кезекті Жолдауын жүзеге асыруға металлургтер де үлес қосатынына сенім білдірді. Зауыт қызметкерлері де Президенттің елімізді тұрақты дамуға жетелейтін бастамаларының іске асуына үлес қосуға дайын екендерін білдірді.

Бәсекеге қабілеттінің бәсі биік

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин Жастар бастамаларын дамыту орталығының жұмыс барысымен танысып, жергілікті жастармен жүздесті.

Алдымен Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Төлеген Айтбаев ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныс-тырды. Айтуынша, мұнда жастарға барлық дерлік бағытта кеңес беріліп, түрлі көмек көрсетіледі. Мәселен, жақында «Тиімді таңдау» жобасы іске қосылды. Соған сәйкес, жұмыс берушілер қандай мамандық иелері қажет екенін білдіреді. Ал орталық қызметкерлері арнайы базадан талаптарға сай жұмыссыз жастарды тауып, олардың қызметке орналасуына қолғабыс көрсетеді. Бұл ретте Төлеген Айтбаев орталық арқылы «екі қолға - бір күрек» тапқан жастардың жұмыс барысы әр үш ай сайын тексерілетінін айтты.

Сонымен қатар, орталықта баспаналы болудың тиімді жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Атап айтқанда, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының ұтымды тұсы, жас отбасыларды баспанамен қамту мәселелері туралы кеңес беріледі. Өз ісін бастау мен бизнесті жүргізуге қатысты да білікті мамандар қолдау көрсетуге әзір. Нұрлан Нығматуллин орталықтың жастардың әлеуметтік жағдайын жасау бағытындағы ісін құптап, жұмысына сәттілік тіледі.

Одан соң Төраға студенттермен, жас кәсіпкерлермен жүздесіп, Мемлекет бас-шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы басым бағыттарды баяндады.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы Жолдауында келесі жылды Жастар жылы деп жариялағаны баршаңызға мәлім. Демек, еліміздің болашағына баланатын жастарға зор сенім мен жауапкершілік жүгі артылып отыр. Жастар бастамаларын дамыту орталығындағы жұмыс – соның айқын дәлелі, - деді Н.Нығматуллин.

Жүздесу барысында жастар көкейде жүрген сауалдарын да қойды. Мәселен, жас кәсіпкер Александр Гагоев салық амнистиясын енгізудің мән-жайын сұрады. Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, бұл – кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың дәлелі.

- Елімізде отандық экономиканы, тауар өндірушілерді қолдау, оларға қаржылай көмек көрсету бағытында ауқымды іс атқарылып келеді. Түрлі мемлекеттік бағдарлама сәтті жұмыс істеуде. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап салық амнистиясының енгізілуі шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізетіні анық. Себебі, міндетті төлемді уақытылы аударатын адал кәсіпкерлер артық шығынға батпайды, - деді Н.Нығматуллин.

Сонымен қатар, жастар қауымын жоғары оқу орындарындағы білім сапасы алаңдататыны байқалды. Мәселен, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Аяжан Құрманова Елбасының Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта университеттердің табыстылығы түлектердің жұмыспен қамтылуына байланысты бағаланатынын тілге тиек етті. «Осы орайда қолына диплом алғандардың барлығы университеттің қолдау көрсетуімен қызметке орналаса ма?» деді А.Құрманова. Мәжіліс төрағасы бәсекеге қабілетті жастардың жұмыссыз қалмайтынын айтты.

- Қазіргі күні дипломның түсі маңызды емес. Бірнеше тілді еркін меңгерген, жан-жақты жас азамат қана бәсекеге қабілетті бола алады. Жаһандану заманында бұл – басты талап. Өзгелерден оқ бойы озық тұру керек. Ол үшін, әрине, жоғары оқу орындарының басшылығы студенттерге кәсіптік білім беріп қана қоймай, олардың білім көкжиегін кеңейтуге, бос уақытының тиімді ұйымдастырылуына жағдай жасауы тиіс. Түлектердің қолына құр диплом ұстатып, шығарып салатындар үздік университеттер сапына ілікпейді, - деді Н.Нығматуллин.

Сонымен қатар, кездесу барысында ауыл шаруашылығы ғылымын жетілдіру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, дене шынықтыру-сауықтыру нысандарының жұмысын жүйелендіру мәселелері қозғалды. Облыс әкімі Болат Бақауов жастармен жүздесуге уақыт тауып, Мемлекет басшысы жариялаған Жолдаудың басым бағыттарын, оларды жүзеге асыру тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірген Нұрлан Зайроллаұлына алғыс білдірді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz