Мейрам Асылғазин 1948 жылы Екібастұз қаласының аумағындағы «Ақкөл» кеңшарында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолы 1972 жылы «Сарыарқа самалы» газетінде басталды. Ата басылымда қаламын ұштап, шығармашылық жолға түсті. Кейіннен республикалық баспаларда жауапты қызметтер атқарды.

- Екібастұз өңірі бізге қашанда ыстық. Себебі, бұл өлкеде Естай Беркімбаевтай, Қосым Пішенбаевтай даңқты жерлестеріміздің ізі жатыр. Ұлылардың мекені. Сол дала дарындарының ізін жалғаған марқұм Мейрам Асылғазиннің де есімі республика көлемінде танымал. Ол кісінің еңбек жолы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінен басталғанын мақтан етеміз. Сондықтан біз 90 жылдық торқалы тойымызды белгілі жазушы, журналист ағамыздың 70 жылдық мерейтойымен ұштастырып өткізуді шештік, - деді облыстық басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

М.Асылғазиннің тәлімін көрген, ізін жалғап келе жатқан Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің жауапты хатшысы Жассерік Сәдуақасов облыстық газет ұжымына белгілі жерлесімізді елеусіз қалдырмай, игілікті шара ұйымдастырғанына алғысын жеткізді.

- Әкемнен 5 жасымда жетім қалдым. Бірақ, балалық кезім еміс-еміс есімде. Апам күндердің бір күнінде алдыма сандық әкеліп қойды. Ашып қарасам, ішінде мұқият реттелген бірнеше бума газет қиындылары бар екен. Оқи келе бұл 1960-1968 жылдар аралығында әкем Жәлелдің сол кездегі «Қызыл ту» газетінде жарияланған мақалалары екен. Міне, сол сәт менің өмірімдегі шешуші кезең болды. Журналист, қаламгер болсам деген оймен жүрдім. Сол кезден бері облыстық басылымнан қол үзбей келемін. Шығармашылыққа деген құштарлығымның арқасында Мейрам Асылғазинмен де таныс- тым. Ол кісі бала кезімізде үйімізге келіп, әкеміздің ақыл-кеңестерін тыңдап жүрген екен. Кейін Алматыға жоғары оқу орнына барғанда жазушы ағамызбен жүздестім. Жылдар бойы қамқорлығын көрдім. Ақыл-кеңесін тыңдадым. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Артына мол мұра қалдырды. Облыстық басылым ұжымы оның еліміздің журналистика, әдебиет саласына қосқан еңбегін елеп, осындай әдеби-рухани кеш ұйымдастырып отырғанына қуанып отырмыз. Мұндай игі шаралар жиі бола бермейді. Өздерінің оқырмандарын іздеп келіп отырған Мейрам Асылғазиндей ағамыздың есімін ескерусіз қалдырмаған облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне алғысымды білдіремін, - деді Жассерік Жәлелұлы.

Атап өтерлігі, шығармашылық кешке қаламгердің жұбайы Қалима Асылғазина және ұлы Елдос қатысты.

- Марқұм жолдасым мақала жазғанды жақсы көретін. Не жазса да асықпай жазатын. Ол «Мақала жазсаң соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жазу керек» дейтін. «Қызыл ту» газетінде еңбек еткен жылдары облыстық басылымның Айтжан Бәделханов, Мүбарак Жаманбалинов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Қажымұрат Смағұлов сияқты марқасқа журналистермен сыйлас болды. Сол ұжымда 5-6 жыл ғана еңбек етсе де, ол үшін жергілікті газеттің орны қашанда бөлек еді. Сондықтан отбасымыз үшін әлі күнге дейін «Сарыарқа самалы» газетінің орны ерек. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, Мейрам ағаларыңды еске алып, осындай шара ұйымдастырғандарыңызға ризамын. Сіздер барда марқұм жолдасымның бейнесі ешқашан көмескіленбейді деп сенемін, - деді Қалима апа.

Жазушы қаламгерлігімен қоса домбырада да шебер ойнаған. Өзі шығарған күйлері де бар. Осы ретте, М.Асылғазиннің ұлы Елдос жиналған жұртшылыққа әкесінің жанына жақын күйлерінің бірін нақышына келтіріп орындап берді.

Екібастұздағы әдеби-рухани кешке дәстүр бойынша облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің өкілдері де барды. Олар М.Асылғазиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, сондай-ақ, облыстық басылымға қатысты құнды жәдігерлерді ала барып, арнайы көрме ұйымдастырды. Бүгінде музей қорында белгілі екібастұздық жазушының екі домбырасы, қолжазбалары, жеке заттары мен кітаптары және басқа да құжаттар сақталған.

- Өз басым Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 20 жылдан астам уақыт еңбек етемін. Бірақ осы аралықта біз бірінші рет облыстық «Сарыарқа самалы» газетімен бірлесіп, аудан, қалаларды аралап жүрміз. Бұл - үлкен игілікті істің бастауы деп білемін. Музейіміздің қорында аймағымыздан шыққан барлық дерлік ақын-жазушылардың шығармашылығынан, өмір жолынан сыр шертетін жәдігерлер бар. Атап өтерлігі, сол атақты жерлестеріміздің барлығының алғашқы өлеңдері, шығармалары осы облыстық басылымда жарық көрген. Яғни, бүгінде 90 жасқа толып жатқан газет ел таныған дарындарға қанат бітіріп, шабыт берген. Осынау тарихи үндестігіміз әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанына қуаныштымыз, - дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі директорының орынбасары Мағзия Әбенова.

Шараға Мейрам Сатыбалдыұлының жерлестері, замандастары Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылынан арнайы келіп, тілек білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

- Ақкөл-Жайылма жерінің мақтан тұтар перзенттері баршылық. Солардың бірі – Мейрам. Жерлесіміздің артында өлмейтін ізі қалды. Ол журналист, жазушы ғана емес, шертпе күйдің де шебері еді. Замандасымыз ауылымыздың атын респуб-лика көлемінде әйгілі етті. Өкінішке қарай, өмірден ерте өтті. Бірақ, артында ұрпағы бар. Соған қуанамыз. Мейрамның есімін ескерусіз қалдырмай, осындай шара ұйымдастырған сенімді серігіміз «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымына жерлестеріміздің атынан алғысымызды айтамыз, - деді ақсақал Қайырбай Зәкенов. Ал Жұмажан Мусин жерлес қаламгердің рухына арнап өз жанынан шыққан өлеңін оқып берді.

Оқырмандармен жүздесу кеші барысында облыстық басылымның «Айналайын» қосымшасының тұрақты авторлары Мариям Сыздықова, Ерасыл Хамаш, Айдана Молдайып марапатталды. Сондай-ақ, жылдар бойғы тұрақты оқырманымыз Маруаш Сағындықова, газет тарату ісіне белсенді атсалысқан қалалық «Қазпошта» бөлімінің қызметкері Наталья Бот және басылымға жазылу науқанына белсене атсалысқаны үшін Манат Алғамбаров арнайы Алғыс хаттарға ие болды.

Шараны жергілікті «Мұрагер» вокалды-аспапты ансамблі әнмен әрлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz