Аққулы ауданында мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Соған қарамастан, кейбір елді мекендерде талай жылдардан бері ветеринарлық пункттер жаңартылмаса, кейбір ауылдарда мұндай орындар мүлдем болмаған. Биыл бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлініп, аудан бойынша мал ауруларының алдын алуға мүмкіндік беретін нысандар салына бастаған. Осылайша, жоғарыда аталған ауылдарда ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пункт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Аққулы ауылының мал дәрігері Ерден Жантеннің айтуынша, малдың саулығын қадағалап, дер кезінде ем-дом жасалатын ветеринарлық пункттердің маңызы зор. Бұл ветеринарлық пунктте мал ауруының алдын алуға барлық жағдай қарастырылған. Қазіргі уақытта төрт түлікке екпе салатын жер, белгі соғуға ыңғайлы арнайы қоршау салынды. Заманауи ветеринарлық құрал-жабдықтар жеткізілді.

- Мал дәрігерлерінің жұмысы екпе егіп, қан сынамаларын алу, ауру ошақтары жойылмаған мал жайылымдарын қоршаумен, қауіпті аймақ екенін ескертетін тақтайша орнатумен шектелмейді. Алдымен әрбір ауылдық округтегі малдәрігерлік пункттер халықаралық ветеринария талаптарына сай келуі тиіс. Препараттардың дұрыс сақталуы үшін арнайы қоймалар, мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқырлар, ауру малдарды жоятын, соятын, өртейтін орындар болуы керек. Бүгінде бұл талаптар орындалу үстінде. Мұндай заманауи пункттер мал ауруының көбеюіне де жол бермейді. Жұмысымыз да жүйелене түсті, - дейді ол.

Е.Жантен бұл салада 3 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осыған дейін маман малға екпе жұмыстарын жүргізіп, қанын алу үшін әрбір ауыл тұрғынының қорасын аралап, табан тоздырғанын айтады. Жаңа пункттің іске қосылуы жұмыстарын айтарлықтай жеңілдеткен.

Айта кетелік, ауданда мұндай игі бастама келер жылы да жалғасын тауып, дәл осындай заманауи пункттер пайдалануға берілмек.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz