Бұл отбасы ағымдағы жылдың тамыз айында Қызылорда облысы Арал ауданы, Жақсықылыш кентінен Аққулы ауданының орталығы Аққулы ауылына қоныс аударған. Жаңадан көшіп келген отбасыға аудан орталығында салынған жаңа үйлердің кілті табыс етілді. Сонымен қатар, Октябрь Сүйеуов аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне маман ретінде жұмысқа орналасса, жұбайы Айнұр Сүйеуова аудандық мәдениет үйіне қызметке тұрды.

- Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып, жаңа ел-жерге үйренісіп жатырмыз. Бұл шешімді отбасымыз үшін оң шешім деп санаймын. Осы уақытқа дейін өз мамандығым бойынша жұмыс істемегенмін. Енді осы ауданға келіп, мамандық бойынша алғашқы еңбек жолымды бастап отырмын. Бұл жерде біз баспаналы болып, жұмыспен қамтылып, балаларым ең жақсы деген мектепте тәлім-тәрбие, білім алуда. Бұдан артық не керек?! - дейді О.Сүйеуов.

Берекелі отбасы бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отыр. Олардың тұңғышы Ақтөбе қаласындағы бір оқу орнында ағылшын, қытай тілін меңгеруде. Ал екіншісі Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыка колледжінде тәлім алуда. Қалған екі баласы Аққулы орта мектебінде оқиды. Айнұр Сүйеуова жұбайымен Аққулы ауылына көшіп келер алдында, бір ай бұрын келіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты.

- Ең алғаш осы ауылға қоныс аударғанымызда жергілікті жұртшылық ыстық құшағын айқара ашты. Зор қуанышпен құшақ жая қарсы алып, жергілікті басшылар баспана беріп, жұмыспен қамтамасыз етті. Қолдан келер көмектерін аяған жоқ. Біздің осында көшіп келуімізге себепші болған - халықтың ыстық ықыласы мен кең пейілі, - дейді А.Сүйеуова.

Сондай-ақ, О.Сүйеуов бүгінде Қызылордадан теріскейге көшуге ниетті отбасылар өте көп екенін айтады. Тіпті, кейбірі осы өңірге қоныстану үшін буынып-түйініп жолға дайындалып отыр. Еңбекке қабілетті азаматтар екі қолға бір күрек тауып, еңбек етуді қалайды, дейді ол.

Аққулы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Шәкіровтің айтуынша, осыған дейін оңтүстік өңірлерден ауданға келіп тұратын, елді мекендерінде болып, ондағы жағдайдың жай-жапсарымен танысып келгендер аз емес. Қоныс аударған азаматтардың тұрғын үй, жер, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілуі тікелей бақылауда болады.

Айта кетейік, ағымдағы жылы еліміздің өзге өңірлерінен Аққулы ауданына 21 отбасы көшіп келсе, Моңғолия елінен 2 отбасы қоныс аударған.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz