Балл беріледі

Алдымен министр «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде қала активімен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауындағы алты бағыт алдағы уақытта қалай жүзеге асатынын алға тартты. Халықтың табысын арттыруға минималды жалақы мөлшерін өсіру оң әсер етеді, деді министр. Яғни, елімізде 1,3 млн. адамның айлығы орта есеппен 30 пайызға артады. Оған қоса, бюджеттік ұйымдардың 275 мың қызметкері де жаңа жылда жаңаша жалақы алады. Тимур Сүлейменов шағын және орта бизнесті дамытуға «Бизнестің жол картасы» демеу болатынына сенімді. Сонымен қатар, министр 2019 жылы жүзеге асатын салықтық амнистияға артылар үміт көп, дейді. Өйткені, елімізде 64 мың шағын және орта бизнес субъектісінің 150 млрд. теңгеден астам қарызы бар. Енді амнистия аясында кәсіпкерлер айыппұл пен өсімпұлды алып тастап, тек таза салықтық қарызын өтейді. Тағы бір жаңалық, бұдан былай салықтық құқықбұзушылықтары үшін қылмысқа тарту ісінде өзгерістер орын алады. Яғни, кейбір экономикалық қылмыс түрлері бойынша келтірілген зиян мен өсімпұл өтелген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату мүмкіндігі ұсынылып отыр. Бұл жерде қылмыстық жауапкершілікке тартатын зиянның шектік мөлшері арттырылмақ. Мәселен, бұрын 20 АЕК көлемінде салығы төленбеген кәсіпкердің ісі бірден экономикалық тергеу қызметіне жіберілетін. Сәйкесінше, әкімшілік емес қылмыстық жауапкершілікке тартылатын. Енді бұл шектік мөлшер 50 АЕК-ке көтерілді. Министр мұндай шаралар бизнеске түсетін жүктемені кемітеді деген ойда. Заңнама жуырда Парламентте қорғалмақ.

- Бизнес үшін аянып қалып жатқан жоқпыз. Өкінішке қарай, кейбір бизнес иелерінің қоғамға жасайтын қарымта әрекеті көңіл көншітпейді. Мемлекет, тұтынушы және бизнес үшбұрышы бар. Бизнес пен тұтынушының мүддесі әрдайым бір жерден шықпайды. Тұтынушы жылдам сапалы әрі арзан болғанын, бизнес жылдам әрі көп табысқа кенелгенді қалайды. Бұл – нарық заңдылығы. Мемлекет осы тепе-теңдікті ұстап тұруы тиіс. Алайда, кейбір кәсіпкерлер мұны жіті ұғынбайды. «Көлеңкеде» жүргендері жетерлік. Біздің министрліктің мәліметі бойынша экономикамыздың шамамен 27 пайызы – «көлеңкеде». Міне, осы бизнес нысандарын жарыққа шығаруға әрекет жасалуда. Президент үш жыл ішінде оларды айтарлықтай қысқартуды тапсырды, - деді Ұлттық экономика министрі.

Осы ретте, қадалағау органдарының қырағылығынан бөлек, үкіметтегілер ынталандыру қадамдарын жасауға ниетті. Мәселен, қолма-қол ақшасыз электрондық түрде еңбек ететіндерге салықтық жеңілдіктер қарастырылмақ. 2020 жылы тұтынушыларға жағатын жаңашылдық енгізілмек. Нақтысы, кэшбэк деп аталатын сервис аясында азаматтарға оларға көрсетілген қызмет пен сатып алған тауарының чектеріне балл беріледі. Бір жыл бойы жинаған чектері үшін балл жиналады. Ол балды мүлік, жер, көлік салықтарын төлеуге жұмсауға болады.

Урбанизация үдей ме?

Елбасы Жолдауында табиғи монополиялар саласын реттеуді тапсырды. Тимур Мұратұлының айтуынша, осы бағытта да біраз жұмыстар қолға алынады. Біраз жыл елімізде табиғи монополиялар субъектілері тарифті инвестиция алмастыру бағдарламасы аясында жұмыс істеді. Яғни, билік оларға тарифті көтеруге рұқсат берді, есесіне қарамағындағы жабдықтар мен желілерді жаңартуға инвестиция салуы талап етілді. 2020 жылға дейін 2 трлн. теңге көлемінде қаржы құю керек еді. Министрдің мәліметі бойынша үш жылда 1 трлн. 100 млн. теңге инвестиция салыныпты. Бір сөзбен айтқанда, коммуналдық желілердің басым бөлігі жаңартылған. Әлі де жалғасады. Енді 2020 жылдан бастап тарифті көтермеуге көңіл бөлінбек. Қазіргі таңда табиғи монополиялар туралы заң әзірленуде, деді министр. Бұл құжатта саланың оңы мен солы толық қамтылмақ. Тарифтік комиссияның құзыреті бекітілмек.

Министр индустрияландыру бағдарла-масының үшінші бес жылдығы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінде орын алатын оң өзгерістерге де тоқталды. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін көбейтуге көңіл бөлінеді. Өйткені, бала санының өсуі осыны талап етіп отыр. Қазіргі таңда жылына 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Мұғалімдер мәртебесін заң жүзінде бекіту маңызды іс болмақ, деді министр. Психологтардың жалақысын көтеріп, олардың қоғамда алатын орны айшықталмақ. Бұқаралық спортты дамыту үшін елімізде 2021 жылға дейін 100 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Мұнда әр елді мекеннің қажеттілігі ескеріледі.

Тимур Сүлейменов алдағы уақытта елімізде шашауы шыққан елді мекендерді ірілендіру ісіне мән берілетінін атап өтті. Яғни, урбанизация үдерісі үдей түсуі мүмкін. Себебі, болашағы жоқ ауылдардан тұрғындар өзге елді мекендерге көшірілмек. Яғни, бұрынғыдай «адамдарға - инфрақұрылым» қағидасы емес, «адамдар - инфрақұрылымға» деген ұстанымға басымдық берілмек. Бұл дегеніңіз, Үкімет тұрғындарының саны аз, келешегі жоқ ауылдарды жол мен сумен қамтамасыз еткеннен гөрі оларды инфрақұрылымы жақсы елді мекендерге көшіру әлдеқайда тиімді деген тоқтам жасап отыр. Тимур Мұратұлы Үкімет елімізді аумақтық дамытуға жаңа қадамдар енгізуді қолға алмақ. Келесі жылы еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық кеңістіктің дамуының жаңа болжамды сызбасы түзіледі. Министр бұл ретте басқарылатын урбанизацияға басымдық берілетінін мәлім етті. Үкіметтегілер мұндай үрдістің үдере әрі заңсыз жүруіне жол бермейтіндерін айтты. Тағы бір ескеретіні, 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жасалады. Құжатта сапалы урбанизацияға назар аударылады. Т.Сүлейменов барлық елді мекеннің өңірлік стандарттарының жүйесі түзіледі, деді. Онда әрбір елді мекеннің әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерінің қолжетімділігі, өзге де инфрақұрылымдарымен қамтылу көрсеткіші қарастырылады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек Елбасы тапсырған әрбір мақсат-міндет бойынша өңірімізде жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. Бірқатар көрсеткіш-терді де мысалға келтірді.

Жолдаудың басым бағыттарын жүзеге асыру жолдарын баяндаған Тимур Сүлейменов Екібастұз қаласының активі мүшелерінің өтініш-тілектеріне, сауалдарына жауап берді. Мәселен, №25 гимназияның қамқоршылық кеңесінің төрағасы Б.Айбасова шаһарда мектептерде орын тапшылығы айқын аңғарылатынын алға тартып, жобалық-сметалық құжаты дайын 900 орындық білім ошағын салуға Үкімет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады. Министр елімізде алдымен үш ауысымдық, апаттық мектептерді жоюға күш салынатынын, десе де, құжаттарды құзырлы министрлікке жолдауға кеңес берді. Ал қалалық мәслихат депутаты Л.Бекбергенова шаһардың сумен қамту желілерінің 60 пайызы толығымен тозғанына алаңдаушылық танытып, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды өтінді. Тимур Мұратұлы бұл негізі жергілікті маңыздағы мәселе саналатынын әрі Екібастұз әлеуеті жоғары шағын қала болып есептелетінін түсіндірді. Дегенмен, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында амалын қарастырып көруге болатынын атап өтті. Кездесуде қалалықтар жылу және су құбырларын бөліп тарту тұрғындарға қиындық тудырып жатқанын да көтерді. Қала билігі мәселе біртіндеп шешілетінін мәлім етті.

Айта кету керек, Жолдауды түсіндіру бойынша дәл осындай жүздесу «Богатырь Көмір» кәсіпорнында да өтті. Мұнда министр өндіріс орнының еңбек ұжымымен кездесіп, басты құжатта көзделген мақсат-міндеттерді баяндады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz