Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер енгізілетінін айтқан болатын. Осы орайда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Артур Платонов облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен жүздесіп, алдағы жоспарларды талқылап, ұсыныстарын тыңдады.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан жаяу жүргіншілер жолағына байланысты 7 мыңға жуық жол жүру ережесі бұзылса, 58-і жүргізушілер тарапынан орын алған екен. Бұл ретте Артур Платонов статистикадан жолдағы тәртіпке барлығы жауапты болса да, көп жағдайда жауапкершілік көлік жүргізушісіне жүктелетін көруге болатынын айтты. Өйткені жоғарыдағы дерек осыған дәлел болады.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, мектептерде жол ережесін сақтауға арналған арнайы сабақтар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, 400 оқушының қатысуымен «Жол қозғалысының жас инспекторы» үйірмесі де өткізіледі. Десе де, мәселе әлі де өзекті күйде қалып отыр. Оны шешу тұрғындар мен олардың өз өмірлеріне жауаптылығына байланысты.

Бұдан бөлек, кездесу барысында қызметкерлер Жолдауда жүктелген бірқатар міндеттер жөнінде өз ойларын айтты. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы, баспанамен қамтылу мәселесі сөз болды. Облыстық ішкі істер департаментінің кадр жұмысы басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Ренат Шайковтың сөзінше, алдағы уақытта жергілікті полиция қызметінің 15 пайызы баспанамен қамтылмақ. Облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальоны аумағында көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бүгінде 524 қызметкер баспанаға мұқтаж. 218 тәртіп сақшысы ипотекалық несие аясында пәтерге ие болған. Осы орайда, Артур Платонов аймағымыз Елбасының «7-20-25» бағдарламасын орындауда көш соңында екенін айтып, қатысуға шақырды.

Диалог форматында өткен кездесуде шағын елді мекендерде тұрғындардың тыныштығын сақтау мәселесі де көтерілді. Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму бойынша комитет мүшесі Жанат Омарбекованың айтуынша, ауылдық округтерде учаскелік инспекторлар жетіспейді. Ішкі істер департаментінің өкілдері бұл мәселені штат санын арттыру арқылы шешуге болатынын айтты. Жасқайрат Қайыров учаскелік инспекторлардың саны елді мекендегі тұрғындар санына байланысты екенін айтты. Бір инспектор 2800 адамға қызмет етуі тиіс.

Сонымен қатар, кездесу барысында ішкі істер саласындағы цифрландыру мәселелері де сөз болды. Тәртіп сақшыларының барлық ұсыныстары ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілмек.

Мәжіліс депутаттары сондай-ақ қалада салынып жатқан жүзу бассейнінің және тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz