Мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған 1-сыныптың ұл-қыздары бұл іске жұдырықтай жұмылып, қаланы жасыл желекке айналдыру мақсатында тынбай еңбек етті. Акцияға қатысқан облысымыздың бас ұстазы Дінислам Болатханұлы ауқымды шараның маңыздылығына тоқталды.

- Ағаш отырғызу - сауапты іс. Акцияға қатысу арқылы аймағымыздың дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған шәкірттер оқуды осындай игі істен бастағанын қаладық. Оқушы 11 жыл бойы өзі еккен талды күтіп баптайды. Яғни, бала мен оның өзі отырғызған ағаш та бірге көктемек. Бұл - тәрбиелік маңызы зор үлкен үлгі-өнеге, - дейді Д.Болатханұлы.

Бұл күні облыс орталығындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушылары шырша, терек отырғызды. Оларға 11-сынып оқушылары көмек көрсетті.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығы. Аталмыш іс-шара жыл сайын ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz