40 қылмысқа кінәлі кім?

Жоғарыдағы 40 фактінің жартысынан астамы пәтерлерде, жеке-меншік үйлер мен аулаларда тіркеліпті. Ауыр қылмыстың 21-і Павлодар қаласында орын алған. Ал Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданында 5 оқиғадан тіркелген. Павлодар облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Юрий Колесников қылмыстың басым бөлігін жұмыссыз жүргендер жасағанын айтады. Кісі өлтіру фактісінің 37,5 пайызы соларға тиесілі. Бұл жағдайларға түнгі уақытта заңсыз ішімдік сатқандар да кінәлі. Өйткені дәл жоғарыдағы пайыздық көрсеткішті ащы суға тойып алғандар жасапты. Бұған дейін істі болып, темір тордың «тәртібін» көріп, жазасын өтеп шыққандар да қалысар емес. Өйткені ауыр қылмыстың 25 пайызы солардың еншісінде. Айтуға оңай, әрине. Бірақ айуандықпен тең ауыр қылмыстың артында қоғамдық мәселе тұр. 40 фактінің 15-і - жұмыссыздар, 15 факті – мас күйіндегілер, қалған 10 қанды оқиға бұрын істі болғандар тарапынан орын алған. Мәселені жекелей түсіндіріп көрейік...

Жұмыссыздық...

Әдетте, аймағымызда жиі ұйымдастырылатын бос орындар жәрмеңкелеріне қарап, жұмыс-сыздықпен күрес жүйелі жүргізілуде деген ой туатыны рас. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Кәшкенованың айтуынша, аймақта 6 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тізімде тұр. Олардың 45 пайызы – жастар. Жұмыспен қамту орталығына келгендердің көпшілігі диспетчерлік қызмет, вахта сынды жеңіл жұмыстарды сұрайды екен. Бірақ барлығын мұндай еңбекпен қамту мүмкін емес. Кейбірі жұмыс орнының тұрғылықты мекенжайына жақын болғанын қалайды екен. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барлығы шақырылады. Өңірде мәліметтер базасында әлеуметтік жағдайы сәйкестендірілмеген 120 мыңнан астам адам бары белгілі болды. Бүгінде олардың 74 пайызға жуығына қатысты ақпараттар анықталды. Нәтижесінде бұған дейін әлеуметтік жағдайы белгісіз болып келген 32694 адам міндетті зейнетақы жарнасын төлей бастады. 473 адам жұмыссыз ретінде есепке тіркелген. Тағы 500-ге жуық тұрғын әлеуметтік көмек ала бастаған. 173 адам бала күтімі бойынша декреттік демалыста болған. 873 адам азаматтығын ауыстырса, 200-ден астам тұрғын жеке кәсіп ашқан көрінеді.

Атап өтерлігі, алдағы жылдан бастап үй шаруасында жүрген 32636 нәзік жанды міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша төлем аудара бастайды. Жалпы, айма-ғымызда маман тапшылығы газ-электр дәнекерлеуші сынды техникалық мамандықтарда байқа-лады. Жалақының аздығына байланысты ұсынған жұмыстан бас тартады. Осылайша ұсыныс пен сұраныстың сәйкес келмеуінен, жұмыссыздық және маман тапшылығы мәселесі шешілмей келеді.

Павлодар облыстық мәсли-хатының депутаты Қабылқақ Қапенов жыл сайын халықты жұмыспен қамту үшін қыруар қаржы бөлінетінін айтады. Бірақ жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші не төмендеген, не асқан емес. Жауапты мамандар бұл жағдайды түрлі мекемелердің жабылуымен, оқу бітірген түлектердің санының көптігімен байланыстырады.

- Жастар ауылға барғысы келмейді дейді. Егер оларға жағдай жасалса, қызметтен кім бас тартады? Жұмыс істеймін деген адам кез келген жерден екі қолға бір күрек таба алады. Ауылда дәрігер, мұғалім, ветеринар мамандары тапшы. Қазір қаланың баласы былай тұрсын, ауылда мектеп бітірген түлек туған жеріне оралғысы келмейді. Білім ордасын тәмамдар алдында мектеп басшылығы олардың қайтып оралуы үшін үгіт-насихат жүргізуі тиіс. Жастар алдымен баспанамен қамтылуы керек. Жалақы мөлшері де аз болмауы тиіс. Мен талай бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатыстым. Оған келген жастар алдымен «қанша жалақы төлейсіздер?» - деп сұрайды. Жұмыс істеуге жағдай жасалғанда ғана бұл мәселе шешілетініне сенімдімін, - дейді депутат.

Жаза жеңіл ме?

Жоғарыдағы кісі өліміне қатысты фактілердің 10-ы бұрын істі болғандардың үлесіне тиесілі екенін айттық. Жалпы, елде сотталғандар санының көптігі мемлекеттерге әлемдік рейтингте кері әсерін тигізетіні анық. Қазақстан дамыған мемлекеттердің қылмыстық саясатын назарға алып, бірқатар қылмыстық жазаларды ізгілендіру мақсатында 2012 жылы пробация қызметін енгізді. Облыстық пробация қызметінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Нұрсұлтан Орынбаевтың айтуынша, жазасын өтеп келгендер жергілікті пробация қызметіне келіп, есепке тұрады. Істі болғандарды қоғамға бейімдеу үшін олардың жұмыспен қамтылуы, тұрғылықты мекенжайға тіркелуі, медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі басты назарға алынады. Бүгінде өңірде пробация қызметінің есебінде 1000-нан астам адам тұр. Жауапты мамандар учаскелік инспектормен бірге айына 1 мәрте және жоспардан тыс тұрғылықты мекенжайлары бойынша арнайы тексеріс жүргізеді екен. Сотталушының ата-анасы, туған-туыстарымен әңгімелесіп, мінез-құлқына байланысты ақпарат алынады. Бұдан бөлек, есепте тұрғандар айына 2 рет пробация қызметіне келіп, белгіленуі тиіс. Сотталғандардың екі қолға бір күрек табуы мақсатында облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бүгінде есепте тұрғандардың 80 пайызы еңбекпен қамтылған. Тексеру шарасы барысында істі болғандар тәртіп бұзып, кешкі уақытта тұрғылықты мекенжайында болмаса, ескерту жасалады екен. Егер тәртіпсіздігін екінші мәрте қайталаса, үстінен тағы іс қозғалып, сотқа жіберіледі. Бұдан бөлек, жаза басқан жандардың білім алып, кәсіп меңгеруіне жағдай жасаумен қатар психологиялық, заңгерлік және медициналық көмек көрсетіледі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, түзелу жолына түсуді қаламайтын, отбасылық жағдайы төмен, жұмыс атқарғысы келмейтін адамдар екінші рет қылмыс жасауға бейім тұрады. Бас бостандығынан айырылғандар тарапынан қылмысты алдын алу мақсатында облыстық сот, прокуратура өкілдерінің және ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Олар жұмыс орны немесе оқу орны бойынша тексеріледі. Дұрыс-ақ. Маман пікіріне құлақ ассақ, жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Бірақ қайта қылмыс жасауға бейім тұратыны өкінішті...

Бұрындары қазақ халқы қылмысқа барған адамның қолын қайырып байлап, бас киімін шешіп, тізерлетіп, бетіне күйе жағып, киіз үйдің керегесіне байлаған. Бас киімін шешкені – ер азаматтық намысынан айырылғанын, тізе бүктіргені – жазасын мойындатқанын, бетіне күйе жаққаны жұрт алдында қара бет болғанын білдірген. Дегенмен, жаза басқан тентегін мұндай әдіспен тезге салатын уақыттың өткені белгілі. Иә, қазір адамды түзеу оңай шаруа емес. Әлде қылмысқа барғандарды тым жеңіл жазалаймыз ба?

Ішімдік сату тыйылса...

Кісі өліміне қатысты қанды оқиғаның көбеюі себебінің бірі – ішімдік. Әсіресе, тәулік бойы жұмыс істейтін дәмхана, мейрамхана сынды тамақтану орындарының қызметіне қатысты шағым көп. Тұрғындар ащы суға тойып алып, айқай-шу шығаратындарды жөнге салу үшін полицейлерге жиі қоңырау шалатын көрінеді. Мұндай келеңсіздіктер бойынша облыс орталығындағы «Арай» дәмханасы көш бастап тұр. Биыл аталмыш тамақтану орнына 148 шақырту түскен. Осыдан-ақ, ащы суға құмар жандардың қай орынды көбірек таңдайтыны аңғарылады. Бұдан бөлек, Павлодар қаласындағы «Гамарджоба» дәмханасына – 28, «Барыс» дәмханасына - 13 шағым түскен. Ал Екібастұз қаласында «Апельсин», «Верона» және «Шеки» атты дәмханаларда орын алған жанжалды басуға полицейлер 23 рет барған. Мұндай оқиғалар Ақсу қаласында да тіркелген. Шаһардағы «Арарат» мейрамханасына - 8, «Сұлтан» мейрамханасына – 6 шақырту түскен. Юрий Колесников бұл жағдайдың алдын алу үшін тұрғын үйлерге жақын орналасқан мұндай орындардың жұмыс уақытын түнгі 23.00-ге дейін, қалғанын түнгі сағат 1.00-ге дейін қысқарту керектігін айтады. Бұл істі жүзеге асыру үшін облыстық мәслихатқа өтініш жасау қажет екен. Дұрыс-ақ. Дәмханалардың жұмыс тәртібін қысқарту полицияның құзыреттілігіне жатпайды. Павлодар қаласында «Арай» сынды дәмханалар баршылық. Шу шыққан кезде шақырту түскен бойда қызметкерлер жедел түрде оқиға орнына барып, тиісті шара қолданады. Бірақ құқық қорғау органдары шағын және орта бизнестің ісіне қарсылық білдіре алмайды. Бұл мәселені атқарушы органдар ғана шеше алады.

Ішкі істер департаментінің мамандары ішімдік сататын орындарға тексеріс жұмыстарын күшейткен. Профилактикалық шаралардың нәтижесінде ішімдік саудалаудың тәртібін бұзуға байланысты 379 факті анықталған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 485-ті құрапты. Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен және мас күйінде жүрген 6248 адам жауапқа тартылыпты. 2017 жылы мұндай жаза 6219 адамға қолданылған. Осы фактілер арқылы да жағдайдың жылда қайталанатыны анық көрініп тұр. Биыл 200 маскүнем мәжбүрлі түрде емдеу орындарына жіберілген. 36 мыңнан астам адам уақытша бейімдеу орталықтарына жеткізіліп, 25 мыңы орналастырылған. Өкініштісі сол, маскүнемдікке салыну азаймай тұр. Мәселен, кейінгі 5 жылда елімізде 12-18 жас аралығында араққа үйір жастардың саны 10 есе, 20-40 жастағылар арасында 16 есеге өсіпті. Арақ азғындықтың белгісі екенін біле тұра, жылына 648 миллион дикалитр алкоголь өнімін өндіреді екенбіз. Сорақысы сол, сау адамды ақыл-есінен айырып, қылмысқа итермелейтін де - өзіміз.


Түйін:

Айдың-күннің аманында, тыныш, бейбіт елде 40 адамның тағдырына балта шабылып, дәл осыншама отбасы қара жамылып қалды. Қазіргі әлеуметтік жағдай қылмыстың артуына себеп болуда. Бұған жұмыссыздық, түнгі дәмханалар, ішімдікке салыну секілді келеңсіздіктер себеп болып отыр. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастардың араққа үйір болғаны жағдайды ушықтыруда. Бұл көп болып күресетін, қоғам болып қолға алатын мәселеге айналды...


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz