Элеваторлар әзір болғанмен, шаруалар асығатын емес. Мәселенің мән-жайын құзырлы басқармадан білдік. Ретімен баяндайық.

Биыл аймағымызда астық бітік шықты. Өнімнің мол шығымымен бірге оны кептіру және сақтау мәселелері де қоса жүретіні белгілі. Өйткені бидайдың ылғалдылығы жоғары. Көп жауған жауыннан 15,7 пайызға ылғалданған бидайды сақтау үшін мұқият кептіру қажет, дейді мамандар.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, облысымызда лицензияланған 6 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олар - «Жолқұдық элеваторы», «АТО Шарбақты элеваторы», «Мыңкөл элеваторы» серіктестіктері, «Агро» фирмасы, «Павлодарлық Нива» және «Ертіс Агро» кәсіпорны. Бұл кәсіпорындар жалпы көлемі 264,3 мың тонна астық қабылдауға қауқарлы. Соның ішінде, 195,5 мың тоннасы элеваторлық болса, 68,8 мың тоннасы - қоймалар.

Бүгінде облыс бойынша элеваторларға 103,5 мың тонна астық жеткізілген. Оның 77 мың тоннасы - бидай, 18,35 мың тоннасы - арпа, 1,17 мың тоннасы - жүгері және тағы басқа дақылдар. Яғни, астық қабылдау кәсіпорындарының жүктемесі шамамен 40 пайызға ғана толтырылған. Мұның да өзіндік себебі бар, дейді мамандар. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Сәбит Қаратаевтың айтуынша, көптеген орта және ірі шаруа қожалықтарының өз қоймалары бар. Астықтың ылғалдылығы шамадан аспаған болса, жиналған өнімді сол қоймаларда сақтайтын көрінеді. Онымен қоса, элеваторлар қызметінің құны да арзан емес. Әйтпеген жағдайда, тасымалдау, қабылдау жағынан айтарлықтай проблема жоқ. Керісінше, астық қабылдау кәсіпорындарының есігі диқандар үшін ашық. Дей тұрғанмен, күзгі жиын-терім жұмыстары толығымен аяқтала қойған жоқ. Шаруалар майлы дақылдарды жинауда. Сондықтан элеваторлардағы жүктеме өзгеретіні түсінікті.

Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz