Облысымыздың бірқатар аудандары астық жинау науқанының нәтижесін шығаруда. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 24 қазанындағы көрсеткіштер бойынша дәнді дақылдардың 722 мың гектары, 99,5 пайызы жиналған. Нәтижесінде қамбаға 900 мың тоннаға жуық өнім түсті. Астықтың шығымдылығы көңіл көншітерліктей. Аймақ диқандары гектарынан орташа есеппен 12,3 центнерден жинаған. Өткен жылмен салыстырғанда 1,6 центнерге көп. Бұл ретте, ең жоғарғы көрсеткіш Железин ауданында тіркеліп отыр. Онда астық шығымдылығы гектарынан 13,1 центнерді құрады. Ал гектарынан орташа есеппен 13 центнер жинаған тереңкөлдіктер екінші сатыда. Үздік үштікті астықты аудан саналатын Ертіс өңірі қорытындылап тұр. Бұл ауданда бір гектардан 12,7 центнерден өнім алған. Облыстағы ауқымы жағынан ең көп егістік алқабы да Ертіс ауданының иелігінде (жалпы көлемі 182 мың гектардан астам).

Барлық аудандар картоп, бақша дақылдарын жинауды аяқтады. Биыл облыс бойынша 17,8 мың гектар алқапқа картоп отырғызған. Оның орташа өнімділігі 291 центнерге жетіп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, аймақ шаруалары барлығы 518 мың тонна картоп жинаған. Бұл облыс тұрғындарының тұтынатын көлемінен бірнеше есеге жоғары. Сондықтан кәсіпкерлер өнімдерінің біраз бөлігін еліміздің өзге өңірлері мен көршілес шет мемлекеттерге саудалап, тағы біраз бөлігін қоймаларға тасымалдауда.

Облыста бақша дақылдарының көлемі 2,7 мың гектарды құраған. Бұл ретте, жалпы жиналған өнім көлемі 84,2 мың тоннаны құрап отыр. Көкөністер бойынша да көрсеткіш көңіл көншітерліктей. Соңғы деректер бойынша 6,7 мың гектардың 96 пайызы жиналған. Жалпы өнім көлемі 199,6 мың тоннаға жетіп отыр.

Биыл облыс шаруалары мал азығын дайындау бойынша ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізді. Жалпы көлемі 1 млн. 519 мың гектар шабындықтан 1311 мың тонна шөп дайындалды. Бұл биылға жоспарланған көлемнен 144 пайызды құрайды.

Аймақта күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 21 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оның 6 мың тоннасы шілде айында, 7 мың тоннасы тамыз айында, ал қалған 8 мың тоннасы қыркүйек айында игерілген. Дизаль отыны шаруаларға арзандатылған бағамен сатылды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл облыс бойынша егістік алқаптарының жалпы көлемі 1 млн. 50 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары көрсеткіш.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz