- Әділбек Жолдасбекұлы, жұртшылық арасында соңғы уақытта мобильді байланыс құралдарын абоненттік нөмірге тәуелді ету бойынша әңгіме желдей есіп тұр. Яғни ұялы байланыс тұтынушылары өздерінің қалтафондарындағы IMEI-кодты нөміріне тіркемесе, келер жылдың басында құрыл-ғылары бұғатталады екен. Бұл қаншалықты заңды өзгеріс?

- Құрылғының сериялық нөмірін, яғни IMEI-ді (аймей) телефон нөміріне «байлау» ешбір жаңашылдық емес. Бұл норма - жеке және заңды тұлғалардың ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу міндеті 2016 жылы еліміздің «Байланыс туралы» заңына экстремизм мен терроризмге қарсы күресті күшейтуге бағытталған түзетулер пакетінің аясында енгізілді. Аталған норманы Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК бірлесе отырып әзірлеген болатын. Бастама терроризммен және экстремизммен күресті күшейту, сонымен қатар телефон ұрлығының алдын алу үшін қолға алынып отыр. Бұған дейін 2018 жылдың 1 шілдесінен осы жаңашылдыққа көшеміз деген жоспар болған. Оған ұялы байланыс операторлары дайын болмай, уақыты шегерілді. Ендігісін бұл талап келер жылдан міндетті нормаға айналады.

Негізі еліміз бойынша көп құрылғылар белгілі бір ұялы операторға тіркеліп, IMEI-коды телефонға байланған. Алайда бұл құрылғылар, атап айтқанда, сериялық нөмірлері тұтынушының ЖСН-не тіркелмеген. Жаңа заң бойынша абоненттің телефон нөмірі мен құрылғысының сериялық нөмірі ЖСН-ге тіркелуі керек. Яғни мәліметтер орталықтандырылып, бірізді етіледі.

- Бұл жаңашылдықтан тұты-нушы не ұтады?

- Әлгіндей орталықтандырылған мәліметтер базасы ұрланған, болмаса контрафактілі жолмен келген ұялы телефондарды анықтауға, лаңкестіктің алдын алып, қылмыскерлерді табуға таптырмас көмек. Өйткені қазір смартфонның IMEI-коды болғанымен, оның кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Егер базаға тіркеліп тұрса, иесін бірден табуға болады. Ал тіркелмегені жаппай бұғатталады.

Мәселен, сіздің телефоныңыз қолды болды делік. Сіз құрылғыңыз жоғалғаны туралы полицияға өтініш жаза отырып, IMEI-кодыңызды көрсетесіз. Полиция сериялық нөмір бойынша телефон қосылған сәтте жылдам тауып алады. Аппарат «ұрланған» санатына жатқызылған соң, бірден бұғатталады да, оны алған адам үшін жарамсыз болып қалады. Ұры не өзі пайдалана алмайды, не сата алмайды. Сайып келгенде, қалтафон ұрлығы пайдасыз болып шығады. Нәтижесінде ұрлықтың бұл түрін біржола жоямыз деген сенім зор. Келешекте ұялы телефонын екінші біреуге сатқысы келген азамат міндетті түрде сатып алушымен ұялы байланыс салонына барып, қайта тіркеу рәсімдерінен өтуге міндеттеледі.

Бұл жерде тағы бір ескеретін жайт, аппаратқа бір нөмір байланса, ол сонымен ғана жұмыс істейді. Егер әлгі аппаратқа тіркелмеген өзге SIM-картаны салсаңыз, оны қабылдамайды. Сондықтан бірнеше SIM-карта ұстайтындар телефонының сериялық нөміріне әлгі нөмірлердің барлығын тіркеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда тіркелмеген нөмірлер автоматты түрде сөндіріледі.

- IMEI-кодты және ЖСН-ді өз нөмірімізге қалай тіркейміз? Сондай-ақ міндетті тіркелуге қандай құрылғылар жатады?

- Тіркеу процесі өте қарапайым. Ол үшін қолданыстағы телефонның IMEI-кодын және жеке куәліктегі сәйкестендіру нөмірін білсеңіз болғаны. Тіркеу онлайн түрде немесе байланыс операторларының кеңсесінде жүргізілуде. Ал егер ұялы телефонның нөмірі тіркелмеген немесе басқаның атында болса, өзіңізге ауыстыру керек. Мысал үшін, бүгінде көптеген жеке кәсіпкерліктер жүздеген, мыңдаған ұялы нөмірді әлдебіреудің атына жазады да, көшеде сатып жүреді. Асығыстықпен кей жағдайда әлгіндей SIM-картаны сатып алып, кейін тұрақты пайдалануыңыз мүмкін. Ондай нөмір операторда тіркелгенмен, сізге және аппаратыңызға байланбаған. Сондықтан оны міндетті түрде өз атыңызға аударуды ұмытпағайсыз. Әйтпесе, IMEI-код басқаның атына жазылып немесе байланыс құрылғыңыз бұғатталып қалуы мүмкін. Шалғайда тұратын азаматтар интернет қолжетімді болса, ұялы байланыс операторларының сайтына кіріп, сол жерден рәсімдей алады.

Тіркеуге ішіне SIM-карта салынатын кез келген аппарат жатады. Олар – ұялы немесе смарт телефондар, смарт және GPS-сағаттар, планшеттер, моноблоктар, тағысын-тағылар.

- Ұялы байланыс операторлары бұл өзгерісті қалай қабылдап отыр? Олардың жүйесі жаңашылдыққа бейімделген бе?

- Операторлар өзгеріс туралы жақсы біледі. Өз қызметтерін соған сай оңтайландырып, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Абоненттеріне SMS-хабар-ламалар жіберіп, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түрлі ақпараттар жариялауда. Ең бастысы, азаматтар мұны дұрыс түсіне біліп, нөмірлерін уақытылы тіркесе деген тілек бар. Бұйыртса, бұл жаңашылдықты ТМД мемлекеттері арасында Қазақстан алғашқы болып іске қосады. Еуропалық мемлекеттер тәжірибесінен алынған бастама нәтижелі болып, қылмыспен күресуде өз тиімділігін дәлелдейтініне сенім зор.

- Әңгімеңізге рақмет!


Біле жүріңіз:

Телефоныңыздың IMEI-кодын білу аса қиын емес. Ең оңайы – құрылғыны сатып алғанда берген сыртқы қаптама – қорабын тексеріңіз. Егер онда көрсетілмесе, қарапайым телефондарда артқы қақпағының ішкі жағында, болмаса аккумуляторының астында жазылуы тиіс. Ал мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаса, телефоныңыздан *#06# командасын теріңіз. IMEI автоматты түрде экранға шығады. Телефоныңызда 2 SIM-карта тұрса, 2 IMEI-код шығуы мүмкін. Оператор екеуін де тіркейтінін ұмытпаңыз.


Әңгімелескен – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz