Материалдық база нығаяды

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың сөзіне сүйенсек, Павлодар облысы жүйелі түрде спортпен айналысатын адамдардың саны бойынша республика көлемінде 4-ші орында тұр. Бүгінде өңірдегі 228 мыңға жуық адам бұқаралық спортпен шұғылданады.

- Аймағымызда салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың саны жыл санап артып келеді. Жыл соңына дейін біз еліміз бойынша спортпен белсенді түрде айналасатын үздік үш аймақтың қатарына енуді жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы облыстағы 160 мыңнан астам адамның қатысуымен 1124 спорттық шара өтті. Бүгінде мектептердегі әрбір төртінші оқушы спортпен тұрақты түрде айналысады. Мектептер мен колледждердегі сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы спорт залдарды сабақтан тыс уақытта көпшіліктің пайдалануына рұқсат. Бүгінде облыс көлемінде 202 футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Олардың 10-ы толық өлшемді алаңдар болса, 192-сі жасанды жамылғылы шағын футбол алаңдары. Айта кетерлігі, алдағы 5 жылға бұқаралық спортты дамытудың стратегиясы әзірленді. Сонымен қатар гугл-күнтізбесі негізінде облыстың спорттық-сауықтыру картасы жасалды, - деді Мейрам Бегентаев сөзінде.

Сондай-ақ М.Бегентаев «Қазақ-стандық STREET WORKOUT федерациясына», «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «ЕRG» компаниясына көпфунционалдық спорттық алаңдар салуға мұрындық болғаны үшін ризашылық білдірді. Мәселен, бүгінге дейін «ЕRG» компаниясының демеушілігімен аймақта 62 көпфунционалды алаң іске қосылған. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы 14 спорттық нысанды ел игілігіне пайдалануға берген. Айта кететін тағы бір жайт, өңірдегі қысқы спорт түрін дамыту мақсатында алдағы уақытта Баянауыл ауданына қарасты Қаражар ауылында Мырзашоқы тау шаңғысы базасы ашылатын болады.

Алдағы уақытта Павлодар облысында 5 ірі спорттық нысан іске қосылады. Бұл туралы Павлодар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев айтып берді.

- Облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 5 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, сыйымдылығы 1 мың адамдық жабық жеңіл атлетика манежін салу ойымызда бар. Жаңа спорттық нысан толықтай халықаралық талапқа сай жабдықталады. Сондай-ақ Павлодарда жабық футбол манежі де бой көтереді. Бұл нысан футболшылардың қыс мезгілінде де дайындықтарын кедергісіз өткізуге мүмкіндік жасайтын бірден-бір орын болмақ. Облыс орталығында олимпиадалық резерв даярлау орталығын ашуды да жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, ескек есуге арналған арнайы орын мен Усолка өзені арнасында триатлон мен биатлон саябағын ашу көзделуде. Аталған жаңа спорттық орында 2,5 шақырымдық жүгіру жолағы, 5 шақырымдық велосипед жолы, шаңғы мен биатлонға арналған 4 шақырымдық арнайы жол, нысана көздеу алаңы салынады, - деді басқарма басшысы.

Спорттық инфрақұрылымның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыста алға басу бар. Мәселен, былтырғы жылы түрлі меншік формасындағы 115 спорттық ғимарат пайдалануға берілген. Биыл Ақсу қаласы ауылдық аймағына қарасты Қызылжар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде Железин ауданы мен Павлодарское ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Аталған спорттық нысандар 2019 жылы ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Облыстағы футбол спортын дамыту мақсатында өткен жылдан бері 5 толық көлемді футбол алаңы іске қосылса, жыл соңына дейін тағы да 6 жасыл алаң бой көтереді. Олардың 4-еуі облыс орталығында салынса, екеуі Железин мен Ертіс аудандарына тиесілі. Алдағы жылы тағы да 5 футбол алаңының құрылысы жоспарланып отыр. Осылайша, болашақта облыстың әр ауданында футболдан өткізілетін жарыстарды жасанды жабыны бар жасыл алаңдарда өткізуге қол жеткізілмек.

Тікелей сауал - төте жауап

Баяндамадан соң журналистер қауымы спорт саласына қатысты сауалдар қойды. Олардың басым бөлігі тұтас қоғамды толғандырған, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді қаузады. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында қолданыстағы спорт ғимарат-тарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажет екенін қадап айтқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыс біздің облыста мықтап қолға алынуда. Айталық, облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасы бойынша мектеп, колледж, университеттердегі спорт залдарында сабақтан тыс уақытта, яғни сағат 18.00-22.00 аралығында кез келген адам жаттыға алады. Мейрам Бегентаевтың айтуынша, тіпті жаттығу уақыттарын қайта қарастырып, тұрғындарға қолайлы уақыт белгіленуі мүмкін. Тек тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаса болғаны.

Көше спортын дамытуда да ауқымды істер атқарылды, әлі де жалғасын таппақ. Өткен жылы облыс орталығында бірқатар Street Workout алаңдары ашылған еді. Алдағы уақытта тағы бірнешеуі қолданысқа берілуі мүмкін. Бұл ретте олардың вандалдардың «қармауына» түсіп қалмауын қадағалау маңызды. Сондықтан, Павлодар қаласындағы 50 алаңды күтіп, бақылау жұмысы «Ертіс» спорт клубына жүктелген. Ал жаңадан ашылатын нысандар пәтер иелері кооператив-терінің құзырына беріледі. Жалпы, бүгінгі күні облыста ашық аспан астындағы спорт алаңдарынан бөлек, 37 аула клубы жұмыс істейді. Мұндағы үйірмелер тегін жүргізіледі. Оған қатысу үшін облыстық спорт және дене тәрбиесі басқарма-сының ресми сайтындағы элект-ронды күнтізбені пайдаланып, өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдауға болады. Бұл электронды күнтізбе Google-күнтізбе қосымшасымен синхрондалған.

Спортпен айналысу бір бөлек те, жаттығудың қыр-сырын үйрететін мамандарды дайындау бір бөлек. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, бұған дейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті тек дене шынықтыру пәні мұғалімдерін оқытып келді. Ал осы оқу жылынан бастап облыс орталығында ашылған мамандандырылған олимпиадалық резерв колледжі жаттықтырушыларды да дайындайтын болады. Тіпті, студенттерге әлем чемпиондарының сабақ беруі жоспарланған. Демек, бір-екі жыл дересінде кәсіби, білікті спорт жаттықтырушыларының қатары қалыңдай түсуі тиіс. Олардың жұмыссыз қалмасы анық. Себебі облыс аумағында бірқатар нысан пайдалануға берілмек. Әсіресе, көпшілік Павлодар қаласында 50 метрлік бассейн мен жаңа мұз айдынының қолданысқа берілер сәтін тағатсыздана күтуде. Марат Айдашевтің айтуынша, алғашқысы жыл соңына дейін, ал мұз айдыны келесі жылы ел игілігіне беріледі. Көпшілік көптен күткен нысандардың тағы бірі – Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тау-шаңғы базасы. Мейрам Бегентаев бұл нысанның құрылысына ERG корпорациясы 300 млн. теңге бөлгенін және қыс келе базаның толықтай іске қосылатынын тілге тиек етті. «Бұл қысқы спорт түрін дамытып, туристерді тартуға оң әсер етеді деген сенім мол» деді Мейрам Мұхамедрахымұлы.

Осы орайда павлодарлықтарды қысқы және жазғы Олимпиадаға дайындау жұмысы да жүйелі жүргізілетінін атап өту керек. Биыл Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиадаға 7 жерлесіміз қатысып, 3 шорт-трекші бесінші орын алған болатын. Марат Айдашевтің пайымынша, бұл – жақсы көрсеткіш. Балалар мен жасөспірімдердің қысқы спортқа ден қоюы үшін жоғарыда аталған мұз айдындары, өзен сапаржайы маңында шаңғы роллерлі трасса салынуда. Бес жыл аралығында Екібастұз бен Ақсу қалаларында да мұз айдыны бой көтеруі мүмкін. Сонымен қатар, бүгінгі күні 2020 жылы Жапония астанасы Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық басталып кетті. Республикалық деңгейде өткен жарыстардың жүлдегерлері арасынан үміткерлер іріктеліп алынды. Алдағы екі жылда олар тағы бірқатар сыннан өтіп, байрақты бәсекеге бір-екі ай қалған уақытта облыс пен ел намысын кімдердің қорғайтыны белгілі болады. Атап өтер жайт – Павлодар қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құны 3 млрд. теңге болатын олимпиадалық резерв дайындау орталығы салынады. Мұнда екі жаттығу залы, 1000 орындық үлкен зал болады. Ол айтулы спорттық сайыстардан бөлек, қоғамдық шаралар мен концерттер өткізуге де пайдаланылмақ.

Бұқаралық ақпарат құралда-рының қызметкерлері «күйіп» тұрған қос мәселеге қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы бар екенін білдірді. Біріншісі – «Ертіс» футбол командасының бүгінгі жағдайы. Еліміздің бес дүркін чемпионы премьер-лигадан шығып қалуы әбден мүмкін. Марат Айдашев маусым басында болжаған нәтиженің орындалмай отырғанын жоққа шығармады. Айтуынша, бұған дейінгі бас бапкер Жерард Нус жаңа ойын өрнегін енгізбекші болыпты. Тәжірибе көрсеткендей, бұдан ештеңе шықпай, павлодарлық команда турнир кестесінде төмен қарай сырғи берді, сондықтан клуб басшылығы испаниялық маман-мен қош айтысты. Кейін көпшіліктің сұрауы бойынша бұрынғы бапкер Димитар Димитров қайтып келді. Бірақ оның келуі командаға тың серпін берді дей алмаймыз. Қалай болғанда да, жергілікті билік өкілдері үмітті үзбейді, «ертістіктердің» премьер-лигада қаларына сенеді. Екіншісі – Усолка өзенінде ескек есу арнасын ашу. Бұл мәселе экологтардың наразылығын тудырып отыр. Себебі спорт нысанын салу үшін мыңдаған ағашты кесуге тура келеді.

- Бұл мәселе былтырдан бері көтеріліп келеді. Өткен жылдың қараша айында қоғамдық тыңдау болып, ол еш нәтиже бермеген еді. Сол уақыттан бері тиісті органдардың сараптамалық қорытындыларын алдық. Енді тағы бір қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қаланың кез келген тұрғыны қатыса алады. Тыңдау қорытын-дысы бойынша қатысушылардың 100 пайызы қолдау көрсеткен кезде ғана құрылысқа кірісеміз. Көпшілік алдында жаңа спорт нысанын салу экологияға қауіп төндірмейтінін дәлелдеуге тырысамыз, - деді М.Айдашев.

Осылайша, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев пен облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев аймақтық спорттың бүгінгі жағдайы, алдағы ахуалына қатысты сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz