Салтанатты шараға облыс әкімі Болат Бақауов арнайы қатысып, спортшыларды құттықтады.

- «Ертіс-Қазхром» жүйелі түрде өнер көрсетсе де, жеңіске қол созым жер қалғанда үнемі сәтсіздікке ұшырайды. Сондықтан да биыл біз әйелдер лигасына бәсекелес болуы үшін ерлер волейболының да жоғары нәтижелі өнер көрсетуіне көңіл бөліп отырмыз. Алдағы маусымда спортшыларға сәттілік тілеймін! Сіздер біз күткен әдемі ойын өрнегін көрсетеді деген ойдамын, - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Айта кетерлігі, жергілікті команда сапына жаңадан 4 ойыншы алынды. Кристина Карапетян, Инна Молодцова, Светлана Парукова және Татьяна Серік алдағы маусымда жергілікті команданың намысын қорғайтын болады. Облыс әкімі Б.Бақауов командаға қабылданған жаңа ойыншыларға спорттық жейделерді табыс етті.

Команданың бас бапкері Светлана Котова өңір басшылығына, клуб қызметкерлеріне, сондай-ақ жанкүйерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

Айта кетерлігі, «Ертіс-Қазхром» маусымдағы алғашқы ойынын 25 қазан мен 2 қараша аралығында Өскемен қаласында өткізеді.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz