- Облысымызда міндетті әлеу-меттік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық шаралары қалай жүргізілуде?

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА:

- Аймағымызда жаңашылдықтың қыр-сырын халыққа түсіндіруге бағытталған жұмыстар үздіксіз қолға алынуда. Осы мәселе бойынша емдеу мекемелерінде түрлі іс-шаралар, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылуда. Өкінішке қарай, кейбір адамдардың тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты жері сәйкес келмейтіндіктен, қиындықтар туындауы мүмкін. Сол үшін биылғы жылдың сәуір айынан бастап 31 маусымға дейінгі аралықта тұрғындар өз мекенжайы бойынша орналасқан емдеу мекемесіне барып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін анықтап алуы қажет. Ол үшін азамат емханаға жеке куәлігімен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазуы керек. Қосымша анықтамалар алудың қажеті жоқ. Ал үйінде немесе жұмыс орнында интернеті бар тұрғындар «Электронды үкімет» порталы (еgov.kz) арқылы жеке мәліметтерін жіберуіне болады. Оның сұраным хатын емханадағы жауапты маман қабылдап, талон береді.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң бойынша кейбір азаматтар сақтандыру жарнасын өзі төлеуге міндетті болса, енді біреулеріне жұмыс беруші немесе мемлекет қолдау көрсетеді. Ең дұрысы, кез келген адам өзі тіркеуде тұрған емханаға барып, қай санатқа жататынын анықтап алғаны жөн. Қазіргі таңда облыстағы емдеу мекемелерінде осы мәселеге қатысты тіркеу кампаниясы жұмыс істеуде.

- Нақты қандай санаттағы адам-дарға мемлекет жарна төлейді?

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА:

- ҚР-ның «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеуден 15 түрлі санатқа жататын азаматтар босатылады. Атап айтар болсақ, олар: зейнеткерлер, кәмелет жасына толмаған балалар, көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан азаматтар, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде, сонымен қатар, резидентура формасындағы ЖОО-нан кейін білім алып жатқан азаматтар, бала тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімімен демалыста отырған әйелдер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар.

Міне, осы азаматтар үшін жарнаны мемлекет аударып отырады. Сондықтан, олар өзі тіркеуде тұрған емдеу ұйымына барып, еш қиындықсыз медициналық көмек алуына мүмкіндігі бар.

- Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматқа жарнаны мемлекет төлейді дедіңіздер. Бұл ретте, екі қолға бір күрек іздеп жүрген адам нені білуі қажет? Яғни, жұмыссыз жанға қатысты қандайда бір шектеу немесе талап бар ма?

Хелуа ҚАШКЕНОВА:

- Жұмыссыз азамат өзі тұратын ауданға немесе қалаға қарасты жұмыспен қамту орталықтарына барып, уақытылы тіркеліп тұруы қажет. Ал ондағы мамандар жұмыссыз ретінде есепке алынған адамның біліміне, мамандығына, қабілетіне байланысты бос орындарды ұсынады. Егер азамат мекеме тарапынан ұсынылған жұмысқа 2 рет келісімін бермеген жағдайда, ол жұмыссыздар санатынан алынып тасталады. Сондай-ақ, мұндай азаматқа мемлекет тарапынан сақтандыру жарнасы төленбейді.

- «Міндетті әлеуметтік медици-налық сақтандыру туралы» Заң бойынша жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын өзі төлеуі тиіс. Ал осындай санатқа жататын азаматтар жарнасын қандай банкке немесе қай мекемеге аударады?

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА:

- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істейтін болады. Сақтандыру жарнасының қаржысы осы қорға аударылады. Жаңа жүйе үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылады және алғаш болып жарнаны жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер аударатын болады. Сондықтан осы бағыттағы жаңалықтар мен өзгерістер бойынша тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тағы да қосымша хабарлайтын боламыз. Ал әзірге біз азаматтардың нақты қандай санатқа жататынын анықтаумен айналысудамыз.

- Ауылдық жерлерде үй шаруасында отырған жұмыссыз әйелдер көп. Себебі, жұмыс жоқ. Олар сақтандыру жарнасын қалай төлейді? Жалпы, осындай санаттағы жандарға жеңілдіктер қарастырылған ба?

Хелуа ҚАШКЕНОВА:

- Елді мекендердегі еңбек етпейтін әйелдер жұмыссыз ретінде тіркеуге алынуы тиіс. Бұдан соң біз оларға бос жұмыс орындарын ұсынатын боламыз. Ал малмен айналысып, нәпақасын тауып жүргендер өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сақтандыру қорына өз тараптарынан жарна аударуы қажет. Егер ауылдағы жұмыссыз әйелдер ұсынылған жұмыстан бас тартса және жеке кәсіпкер санатына енбеген жағдайда барлық медициналық қызмет тек ақылы түрде ғана көрсетіледі.

- Сақтандыру жарнасын тұрақты түрде төлеп тұрған азаматтарға диагностикалық шаралар, мәселен, ультрадыбыстық зерттеу, томография және басқа да қызмет түрлері 100 пайыз тегін көрсетіле ме?

Салтанат ТӨЛЕГЕНОВА:

- Ай сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнасын үзбей төлеп тұрған адамдарға диагностикалық зерттеу-лер мен медициналық қызметтің өзге де түрлері тегін көрсетіледі. Бірақ бұл жүйеге стоматологиялық қызметтің қатысы жоқ екенін айта кеткен жөн. Яғни, тісін емдететін әр адам стоматологтың көмегіне жүгінуі үшін ақысын төлейтін болады. Ал балалар мен жүкті әйелдерге бұл қызмет түрі тегін көрсетіледі.

- Әңгімелеріңізге рақмет!

 

 

Обырдың емі Табылды

Ресей ғалымдары қатерлі ісіктің барлық түріне және кезеңіне қарсы ойлап тапқан гендік-инженерлік дәріні ғарышта сынақтан өткізді

Бұл жөнінде Федеральды медико-биологиялық агенттіктің (ФМБА) мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, профессор Андрей Симбирцев мәлім-деді. Оның айтуынша, қатерлі ісікті емдеуге арналған жаңа дәрі биотехнологияның көмегімен алынған. Ғарыштық сынақты сәтті өткізген институт енді клиникаға дейінгі сынақты жақсы аяқтап, онкология саласындағы ғылыми жетістікті жетілдіре түсуді жоспарлап отыр. Ғалымның сөзіне қарағанда, препарат меланом және сарком секілді қатерлі ісік түріне шалдыққан тышқан мен атжалманға салынған. Аталған дәрінің сырқаттың кез келген кезеңінде де тиімді екені дәлелденген.

 

Тісіңізді жұлдырмайсыз...

Қазақстанда тісті қалпына келтіретін жаңа дәрі шығып, ел аумағындағы бірқатар қалаларда қолданыла бастады.

Бұл жаңалықты «InnoDent» ЖШС-нің директоры Бауыржан Айтуов орталық коммуникациялар қызметінде жария етті.

- Біздің жаңалық тіс жегісінің алғашқы кезеңдерінде тісті бұрғыламай-ақ емдеуге мүмкіндік береді. Технология тіс эмалінің табиғи қайта қалпына келуін имитация-лайды. Егер клиникада сізден немесе балаңыздан тіс жегінің алғашқы белгісі анықталатын болса, біздің өнімнің бір тамшысы тісіңізге тамызылады. Бір айдың ішінде тістің сыртқы қабаты қалпына келеді. Өлген тіндер қайта өседі. Жаңалығымыздың инновациялық тұсы - бұл бір реттік емшара. Тіске пломба салу және тісті тесудің қажеті жоқ. Аталмыш технология халық үшін өте қолжетімді және бағасы қарапайым пломбалау әдісінен арзан, - дейді Б.Айтуов.

Әзірге бұл өнім Алматы, Астана қалалары мен Ресей, Украин мемлекеттеріндегі бірқатар тіс емханаларында пайдаланылуда. Көп кешікпей еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізіледі деп күтілуде.

 

Бедеулікке жол жоқ!

Неміс ғалымдары бедеуліктен құтқаратын жаңа әдіс ойлап тапты. Бұдан былай балалы болуды армандаған жұптардың айы оңынан тумақ.

Бүгінде жұмыртқа жасушасының әлсіздігі, эндрометриоз, яғни, жатыр мойынының патологиясы және жас ерекшелігі сияқты бедеуліктің жиі кездесетін себептерінен көптеген әйел ана атана алмай жүр. Ал мамандар бұл жағдайдың 20 пайызы ер адамның денсаулығына байланысты екенін дәлелдеген. Десе де, қалған 80 пайызы әйелдің денсаулығына тікелей қатысты екенін анықтаған ғалымдар «Спермбот» деп аталатын аппарат ойлап тауып, соның көмегімен ерлі-зайыптылардың балалы болу мүмкіндігін дәлелдеді.

Айта кетерлігі, бұл емшара ауруханада ғана жасалады. Болашақта аталмыш құрылғы жасанды ұрықтандыруда маңызды қызмет атқаруы мүмкін,-дейді ғалымдар.

 

Беттің үйлестірушіс - Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz