Үлгілі полиция образын жасау Елбасының Жолдауында айтылды. Осы ретте, Мемлекет басшысы «Ішкі істер органын жаңғыртудың жол картасын» қабылдауды тапсырды. Бұл құжат штаттық қысқарту, әлеуметтік көтермелеу және тәртіп сақшысының беделін өсіру мәселелерін қамтуы тиіс. Ел тұрғындарының тәртіп сақшысына деген сеніміне селкеу түсірмеуге күш салынады. Ол үшін құқық қорғаушылар қатарында тек қадірлі кадрлар қызмет етуі қажет. Сол себепті, алдағы қаңтардан бастап Ішкі істер органын жаңа қырынан көру күтілуде. Осы жаңашылдықтардың аясында аймақ полицейлерінің жұмысында нендей өзгерістер болатыны Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжіліс барысында сөз болды. Жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері, барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Жаңа жылдың басынан облыстық ішкі істер департаменті «Полиция департаменті» деген атауға ие болады. Сондай-ақ, бұған дейін жергілікті атқарушы органдарға бағынышты болған жергілікті полиция қызметі толығымен аталған департаменттің қарамағына өтеді. Реформа болса, мамандар арасында қатаң іріктеу мен жүйелі реттеу жүргізілетіні сөзсіз. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіровтің айтуынша, полицейлерді үлкен сынақ күтіп тұр.

- Алдағы жылдың қаңтар айынан полицияның барлық қызметкерлері аттестациядан өтетін болады. Оларға жоғары талаптар қойылмақ. Сондықтан біз қазірдің өзінде жеке құрамның жауапкершілігін және жұмыс сапасын арттыруға баса назар аударып отырмыз. Құқық қорғау органдарының сапында сынақтан сүрінбей өткендер қалады, - деді А.Әубәкіров.

Реформа аясында құқық қорғау саласында бірнеше жұмыс орындары қысқаратыны белгілі. Жауапты орган өкілдерінің бұған дейін хабарлағанындай, бүгінде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді қызметінен босатпас үшін, бос тұрған вакансияларды қысқарту жоспарланған. Алайда аймақ басшысы барлық вакансиялардан айырылып қалмауды ескертті. Қазіргі кезде облыс бойынша ішкі істер саласында 300-ден астам бос жұмыс орындары бар. Соның ішінде, 40 вакансия учаскелік полиция инспекторларына тиесілі. Егер қысқа уақытта аталған бос орындар қамтылмайтын болса, онда жаңа құрам жасақтау жайында әңгіме қозғамай-ақ қойса да болады.

Бұдан бөлек, А.Әубәкіров қалалар мен аудандардағы полиция бөлім-шелерінде фронт-офистер ашылатынын айтты. Онда облысымыздың әр тұрғыны тәртіп сақшыларының барлық қызметтеріне, құқық қорғау саласына қатысты кәсіби кеңес ала алады. Сондай-ақ, алдағы уақытта кинологиялық қызметті күшейтпек. Жақын болашақта Екібастұз, Ақсу қаласында және аудандық бөлімшелерде кинологтар жұмыс істей бастайды.

Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы саладағы бірқатар шешімін күткен мәселелерді де атап өтті. Аймағымызға миграциялық қызмет орталығын құру қажет. Ол үшін миграциялық полицияға тиесілі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамту керек. Бұл мақсатқа 300 млн. теңге шамасында қаражат қажет екен. Бұдан бөлек, аймақтағы 111 учаскелік полиция бөлімшесіне де талай жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Олардың компьютерлік техникамен қамтылу деңгейі де төмен. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл мәселелер бойынша тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz