Қалалық ТҮКШ бөлімінің жолдарды жөндеу секторының бас маманы Арсен Жұмабековтің айтуынша бұл мақсатқа 708 млн. теңге қаржы бөлінген.

- Мұндай шара жылына екі рет, нақтырақ айтсақ, сәуір-мамыр айлары мен қыркүйек-қазан айларында жүргізіледі. Қаламыздың жол-көлік қозғалысы да жетіліп келеді. Көшедегі жолдардың беткі қабатындағы ұсақ ақаулар бүтінделіп, олардың алды жөнделіп жатыр. Ескірген жерлер қалыпқа келтіріліп, жолдың беткі қабаты тегістелуде. Биыл аталмыш жұмыстар Торайғыров, Ленин, Академик Сәтбаев, Кутузов көшелерінен басталды. Жалпы 126 мың текше метр жолды жөндейтін мердігер - «Бонусстрой» ЖШС-і, - дейді А.Жұмабеков.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан басты көшелердің бірі – Ленин көшесі. Қазір бұл аумақтағы жолға асфальтбетон жабыны төселуде. Ондағы жолды жөндеу жұмыстары мамыр айына дейін жалғасады деп жоспарланған. Жолдың тақтайдай тегіс әрі сапалы салынуы мердігерден зор жауапкершілікті талап етеді.

- Барлық жұмыс технологиялық процесс бойынша жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, жолдың кепілдік мерзімі - 1 жыл. Бүгінде мұнда 8 адамнан тұратын екі бригада жұмыс істеуде. Алдымен асфальт жабындысын дайындайтын компрессоры бар көлік жүріп өтеді. Артынша битум мен асфальт тегістейтін техника жүреді. Жүргізушілерді ескертетін барлық жол белгілері бар. Әзірге жүргізушілер үшін пәлендей кедергі туындап жатқан жоқ, - дейді «Бонусстрой» ЖШС-нің басшысы Юрий Максимов.

Айта кетерлігі, жол жөндеу жұмыстарына байланысты тұрғындар тарапынан түскен өтініштер де қабылданады. Олар қала әкімінің блогына немесе 32-42-87 телефоны арқылы хабарласа алады.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz