Бұл үйлердің құрылысы 2019 жылдың ақпан айында аяқталады деп жоспарланған. Дегенмен мердігерлер межелі мерзімнен бұрын қолданысқа тапсырамыз деп отыр. Аталмыш үй ІІІ жайлылық класы бойынша салынуда. 1 шаршы метрі 165 000 теңгеден болады.

- «Өз үйім» бағдарламасы бойынша бұл үйлерді сатып алу үшін сатып алушының есепшотында пәтер құнының 50 пайыз мөлшерінде бастапқы жарна болуы тиіс. «Өз үйім» бағдарламасына қатысудың басты талабы да - осы. Кейін банк жылдық 7% мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген займ бере отырып, қолжетімді баспананы сатып алуға көмектеседі. Сонымен бірге, қарыз алушы тағы бір маңызды басымдыққа ие болады. Бірнеше жылдан кейін несие мерзіміне байланысты клиент бұдан да төмен жылдық 5% мөлшерлемеге ауыса алады, - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Павлодар облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің маманы Мақсат Отыншиев.

Өңірімізде аталмыш бағдарлама бойынша өтініш қабылдаудың алғашқы кезеңі 1 шілде мен 2 тамыз аралығында өткізілген. Оған 200-ден аса өтініш түсіп, оның тек 37-сі бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алған. «Өз үйім» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдаудың басталу уақытын банк клиенттері baspana.kz порталынан біле алады. Мұнда тек банк жаңалықтарынан хабардар болып қана қоймай, сонымен бірге, пәтер таңдап, өтініш қалдыра алады.

Айта кетейік, «Өз үйім» – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке бағдарламасы. Ол банк салымшыларына бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz