Үш күнге созылған халықаралық фестиваль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. Кешегі Естай мен Майра, Жаяу Мұса мен Иманжүсіптердің ізін жалғап, солар салған әнді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген павлодарлықтар фестивальде Құрманғазының күйлерінен бөлек 10-нан астам шығарма орындаған.

- Қазақ ұлт аспаптар оркестрі бұл байқауға тыңғылықты дайындықпен барды. Оркестрмен бірге өңірімізге белгілі халықаралық байқаулардың лауреаттары да барды. Олардың қатарында Нұржан Сарқамбаев, Олесья Скорикова мен Артем Александров бар. Байқау барысында біздің өнерпаздар асқан шеберліктерімен көзге түсе білді. Тағы да бір атап өтетін жайт - аталмыш өнер ұжымы 15 қараша күні павлодарлықтар үшін шығармашылық кеш өткізбек. Мұнда көрермендерімізді тосын сыйлар күтіп тұр, - дейді Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры Амангелді Қожанов.

Фестивальдің жабылуында Құрманғазының дүниеге келген сәтінен бастап өмірінің соңғы сәттеріне дейін суреттелетін моноспектакль қойылған. Күйшінің ұстазы Ұзақпен сырласуы, қазақ батырлары Исатай, Махамбетпен кездесу сәттері көрініс тапқан. Байқау барысында Құрманғазының танымал туындыларымен қатар сирек тартылатын күйлері де орындалған.

Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов қазақ халқын әлемге танытқан Құрманғазы күйлері туралы былай дейді:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Құрманғазының құдіретті күйлері жайында «Қазақ халқы барда Құрманғазының есімі мәңгі өшпейді» деген болатын. ХIX ғасырда дүниеге келген дәулескер күйшінің бүгінде сақталған 68 күйін көпшілік жақсы біледі. Исатай мен Махамбет көтерілісіне арнап шығарған ең алғашқы «Кішкентай» күйінен бастап, «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Көбік шашқан», «Қайран шешем», «Кедей зары», «Қызыл қайың - Серпер», «Адай», «Сарыарқа» тәрізді күйлері қазақтың болмысымен, арман-ойымен тікелей астасып жатқандығын көруге болады. Құрманғазы Сағырбайұлын XIX ғасырдағы орыс журналисі Никита Савичев: «Егер еуропалық білім алғанда, ол музыка әлеміндегі ең алып жұлдызға айналар еді», - деп бағалаған еді, - дейді Талғат Кәрімов.

Шараның гала-концертіне қазақ өнерінің хас дүлдүлдері Асанәлі Әшімов, Ұлықбек Есдәулет, Қатимолла Бердіғалиев, Жүрсін Ерман, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаевалар қатысыпты.

Айта кетелік, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі 2007 жылы құрылды. 2012 жылдан бастап оркестр Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның құрамына енді. Бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі - ҚР мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов. Өнер ұжымы 2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі - 2016» халық аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестивалінде 1-орынды иеленді. Бұл байқауда Ресей, Қырғызстан, Эстония, Татарстан, Түрік мемлекеттерінен және еліміздің өзге өңірлерінен қатысқан 11 оркестрлік ұжым өнер көрсеткен болатын.

Жерлестерімізді жеңісімен құттықтаймыз!

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz