Жыл сайын ұйымдастырылатын тазалық күнінде қаланы күл-қоқыстан тазартып, көшет отырғызу дәстүрге айналған. Жалпыхалықтық сенбілікке облыс көлеміндегі барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдар, жеке кәсіпорын қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері белсенді атсалысып, өздеріне берілген аумақтарды тазартты. Олар еңбек мерекесіне ерекше дайындықпен келген.

Облыс әкімі Б.Бақауов алдымен «Қазқонақ» табиғи ескерткішіне жақын маңда орналасқан мұнай құбыршылар аллеясының ашылу салтанатына қатысты. Одан соң «Ғашықтар» аллеясына аялдады.

- Мен осы жағалаудан өткен сайын спорт алаңдарының жанында әжелеріміздің кезекте тұрғанын көремін. Мұндай орындардың қалада көп болғаны - тұрғындар үшін тиімді. Денсаулықтарын күтуде тигізер пайдасы зор. Сондықтан мұндай спорт алаңын көптеп салуымыз керек, - деді Болат Бақауов.

Облыс әкімі Қайырбаев, Қамзин көшелеріндегі, «Жеңіс», Гагарин саябақтарындағы сенбілік жұмыстарына қатысып қайтты. Оның айтуынша, мұндай шара-лардың тәрбиелік мәні зор. Халықтың, соның ішінде жастардың тұратын жеріне деген сүйіспеншілігін қаланы көріктендіру мәселесі арқылы ғана емес, еңбек жолымен жеткізу керек. Сенбілік тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін арттырады.

Алдағы уақытта мұндай тазалық шараларының өту барысы жауапты басқарманың, облыс қалалары мен аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің тұрақты бақылауында болмақ.

Аталмыш шараға қала тұрғындары да белсене атсалысты. Солардың бірі - Майра Омарова. Ол екі немересін ертіп, сенбілікке үлесін қосуға шығыпты.

- Қаланы гүлдендіру, көк желекті молайту - әрбір ұрпақтың борышы екенін ұмытпау керек. Себебі ағаш отырғызу, тал егу - біздің ата-бабамыздың ұрпақтарына аманаттаған міндеттерінің бірі. Бүгінгі игі шара барысында тал егіп, тазалық жұмыстарын жүргізгенімізді қаламыздың гүлденуіне, көркеюіне қосқан үлесіміз деп білеміз, - дейді қала тұрғыны М.Омарова.

Сенбілікке облыс бойынша 20 мыңға жуық адам қатысып, 600-ден астам ағаш пен бұталар отырғызылды. 120 бірлік техника мен автокөлік жұмылдырылып, ескерткіш пен оған іргелес орналасқан аумақтар тәртіпке келтірілді. 5 мың тонна қоқыс шығарылды.

 

Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz