- Тіл мәдениетін көтеру, талапты жастарды табу және көркем әдебиетті, оның ішінде қазақтың үлкен мақтанышына айналған Сұлтанмахмұт шығармаларын дәріптеу, насихаттау мақсатында осы шараны биыл 8-ші рет өткізіп отырмыз, - дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман. – Сондай-ақ байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды жыл сайын ақынның туған жері Баянауыл ауданы Торайғыр ауылына арнайы әкеліп, кесенесіне тәу етіп, музейін аралату дәстүрге айналды. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып отыр, - дейді ол.

Байқауға қатысушыларға 4 талап қойылды: Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазықты?», «Қамар сұлу» туындыларынан сахналық көрініс, поэмалары мен өлеңдерінен үзінді оқу, «Өлең қоржынынан» атты бөлімде өлеңдерін мәнерлеп оқу және ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру.

Үміткерлердің арасында байқауға тыңғылықты дайындалғандары баршылық екен. Олардың арасынан №43 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гросс Инга, №37 орта мектептің 8-сынып оқушысы Шолпан Ахметова, №25 орта мектептің 10-сынып оқушысы Дамира Түсіпбекова, Қ.Бекқожин атындағы №12 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әнел Атамбаева, «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Нұр Дәулетқан тәп-тәуір өнер көрсетті.

Байқау қорытындысында төрт сынақтан да бәсекелестерінен оқ бойы озық шыққан Инга Гросс 1-ші орынды жеңіп алды. 2-орынды Нұр Дәулетқан мен Дамира Түсіпбекова еншілесе, 3-ші орынды №30 орта мектептен қатысқан Ажар Кеңес пен ПМПУ-дің 2-курс студенті Ұлжан Әбсадықова иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ бірнеше қатысушы арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

27 қазан күні «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық байқауға қатысушылардың бір тобы Баянауылдағы Торайғыр ауылына жол тартты.

Жолаушылар алдымен ақын кесенесіне барып, тәу етіп, ауыл ортасындағы музейін аралап көрді.

Бір атап өтерлігі, Торайғыр ауылының көркі, тазалығы бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсарған екен. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда соңғы бір-екі жылда осы ауылға келетін туристердің де саны артқан. Сондай-ақ ауыл мектебі биыл 8-ші рет «Мен - қазақ, «қазақпын» деп мақтанамын» атты Сұлтанмахмұт оқуларын өткізіпті. Ауылдың жас-кәрісінің бәрі Алаш ақынына айналған жерлестерін мақтан тұтатыны, өлеңдері мен шығармашылығын жақсы білетіндіктері байқалады. Олардың арасынан әсіресе Олжа Ахмет, Қайрат Алдияр, Ризада Бейсембай, Камила Шаблина, Қарақат Ғайбиран, Нұрай Сейітова сынды балалар талаптарымен көзге түсті.

Павлодардан келген оқушылар, жастар мектеп ұжымымен, ауыл оқушыларымен кездесті. Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман сөз сөйлеп, С.Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Мектеп оқушыларының арасында ақын шығармашылығын жатқа айтып, жүлдегер атанғандарға арнайы әкелген ескерткіш төсбелгі мен әдеби кітаптар тапсырды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасының шыға бастағанына 20 жыл толуына орай ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан көзге түскен Павлодар қаласы №25 орта мектептің оқушысы Дамира Түсіпбековаға және Торайғыр ауылындағы С.Торайғыров атындағы орта мектептің 2-сынып оқушысы Олжа Ахмет пен 7-сынып оқушысы Қарақат Ғайбирамға газеттің атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлық тапсырылды.

Кездесуде ардагер ұстаз Шолпан Жақыпова ақын шығармашылығы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ біздің өңіріміздегі әйгілі тұлғалар туралы қалам тартуға арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы, ақын Мерей Қарт пікірін білдіріп, талапты шәкірттерге ақ жол тіледі.

Торайғыр ауылының тұрғыны орман шаруашылығы мен туризм саласының ар-дагері Жұмагелді Дүйсекеев Павлодар қала-сынан барған оқушылар мен студенттерді зерттеушілер «Мұртты қорған» деп атап кеткен көне қорымдарға апарып, көне дәуірден жеткен тарихи ескерткіштер, тастар қасиеті туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ақын мерейтойына арналған шаралардың мәнді әрі маңызды өтуіне ұйытқы болып, кездесулерді ұйымдастыруға атсалысып, қонақжайлылық танытқан ауыл әкімі Арғын Абраровқа көпшілік ризашылық білдірді.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық байқау, ақынның ізі қалған туған жеріне саяхат, мектеп оқушылармен кездесу ұмытылмастай әсер сыйлады.


Сая МОЛДАЙЫП, Баянауыл.

saryarka-samaly.kz