Бұл азамат осыдан бірнеше жыл бұрын зейнеткерлікке шықса да, Ертіс ауданының балаларына тоғызқұмалақ ойынының қыры мен сырын үйретуден жалыққан емес.

- Әлі есімде, 2000 жылдардың бас кезінде Ертіс ауданында тоғызқұмалақ ойынынан ауқымды жарыс өтті. Жер-жерден келген спортшылардың ойынына қарап, ерекше күйге бөлендім. Ойынды үйренуге аңсарым ауды. Жарыс біте салысымен сол кездегі аудандық спорт бөлімінің басшысы Шәріп Қашкеновтен тоғызқұмалақты үйретуді өтіндім. Ол кісі ұлттық ойынның нағыз жанашыры ғой. Өтінішімді жерге тастаған жоқ. Ойнап көрдім. Тұнып тұрған математика. Осыдан бастап ұлттық ойыннан бір елі ажыраған емеспін. «Сарыарқа самалы» газетінің жыл сайын өтетін турнирі шәкірттерімді ғана емес, мені де шыңдады. Турнирдің қазіргі деңгейін алғашқы жылдардағы жарыспен салыстыра алмаймын. Қатысушылардың саны мен сапасы әр жыл сайын артып келеді - дейді Д.Кохия.

Ауыл балаларын жинап, тоғызқұмалаққа үйретіп жүрген азамат бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Ол баулыған ұл-қыздар қай жарыста болса да жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Ұлты грузин болғанымен, қазақтың төл ойынын кәсіби түрде меңгерген маман өзі де ардагерлер арасында өткен облыстық, республикалық жарыстарда талай мәрте топ жарды. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің жүлдесі үшін өтетін айтулы жарысқа ол биыл да шәкірттерін бастап келмек.


Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz