Арман ЕВНИЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтты. Сондай-ақ Елбасы «Ауыл - ел бесігі» жобасының басталғанын жариялады. «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл - әкімшіліктердің міндеті», - деді Мемлекет басшысы. Біздің министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл - ел бесігі» атты жаңа арнайы жобасы аясында бірнеше негізгі индикаторға көңіл аударып отыр. Жоба қазірде әзірленіп, пысықталуда.

Өзіміз көріп отырғанымыздай, АӨК-ті дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы бизнес процестер тұрғысынан ауыл еңбеккерлерінің басым бөлігін қамтып отыр. Бірақ ауылшаруашылық өндірісінің басқа салалардан айырмашылығы мен оның ерекшелігі ауыл шаруашы-лығының тек өндіріс саласы ғана емес, ел тұрғындарының үлкен массасының өмір саласы болғанында. Жоба толыққанды іске асып кетсе, шалғай ауылдарда жаңа бизнесмендер көбейіп, жергілікті жерлердің әл-ауқатын көтеруге атсалысады.


Айгүл НҰРКИНА, Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:

- «Ауыл – ел бесігі» жобасы шалғай елді мекендердің тұрмысын тіктеуге жол ашады. Тек бұл тұрғыда ауылдағы инфрақұрылымдарды алдымен жөнге келтіру қажет болар. Бүгінгі таңда ауылды жерлерде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Шалғай елді мекендердегі тұрғындар үшін ең үлкен проблеманың бірі - ауызсу мәселесі. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердің 74 пайызы ауызсумен қамтылған. Десек те, таза ауызсуға зар болып отырған ауылдардың саны аз емес. Әсіресе, Павлодар облысында бұл мәселе әлі өзекті болып отыр. Тек соңғы жылдары ғана оның күрмеуін тарқатуға зор көңіл бөліне бастағаны қуантады.

Ауыл халқының келесі проблемасы – жол мәселесі. Өкініштісі, ауыл мен аудан арасындағы, қалааралық жолдардың сапасыздығынан күніне қаншама адам, қаншама көлік зардап шегеді. Қазіргі уақытта жергілікті жердегі жолдардың төрттен бірі күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Жолымыз жөнделсе, жағдайымыздың да жақсарары белгілі ғой. Міне, осы екі мәселе оң шешімін тапса, еліміздегі ауыл-аймақтардың өрісі кеңейер еді. Ең алдымен жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табу негізгі міндет болуы тиіс. Өйткені халықтың әлеуметтік ахуалын дұрыстамай, білімі мен денсаулығын түземей жақсы нәтижеге қол жеткізу екіталай.


Амангелді АПУШЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:

- Елбасы ауылдық жерлерді дамытуды бір сәт есінен шығарған емес. Қайбір жылдары Президентіміздің бастамасымен «Ауыл жылы» жарияланып, шалғайдағы елді мекендерді гүлденту үшін көп шаруа атқарылды. Жас мамандардың ауылда тұрақтанып қалуы үшін «Дипломмен - ауылға» бағдарламасын іске қосты, оларды қаржылық, материалдық жағынан қолдады. Дей тұрғанмен, көп ауылдардың еңсесі әлі де тіктелмей тұр. Оған себеп - бүгінде жергілікті жерлердегі әлеумет қартайып барады.

Көп ауылдарда әлі күнге дейін спорт кешендері жоқ. Талантты жастар ауылды жерлерден өсіп шығады дейміз. Ендеше жас жеткіншектер шұғылданатын спорт орталықтарын салуды қолға алған жөн. Ауылдағы медициналық мекемелерде жұмыс істейтін білікті жас мамандар да жеткіліксіз. Сол себепті, зейнет жасындағы қызметкерлер қызмет етіп жатыр. Тағы да айтам, жастарды ауылға тарту мақсатында жас мамандарға барлық жағдай жасалып отыр. Бірақ олардың көбі онда жұмыс істегісі келмейді. Ауылдың тұрмысы оңалса, тұрғындардың да көңілі жайланар еді. Мал өсіру мен егін шаруашылығына қолдау білдіріліп, шаруалардың нәтижелі еңбек етуіне жағдай жасалса, бұл мәселе біртіндеп шешімін табады деген үміттемін.


«Алаңды» үйлестірген – Мұрат АЯҒАНОВ.

saryarka-samaly.kz