Облыс әкімі Болат Бақауов Ақсу қаласының активіне Балғабай Ыбыраевтың кандидатурасын ұсынып, қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Ақсу қаласының әкімі болып Балғабай Жұмағұлұлы тағайындалды.

Өз сөзінде аймақ басшысы Болат Бақауов Балғабай Ыбыраевтың Ақсу қаласында көп жыл қызмет атқарғанын атап өтті. Сондықтан металлургтер шаһарындағы мәсе-лелер таңсық болмауы тиіс.

- Ақсу қаласы күллі облыс үшін стратегиялық мәнге ие, ал оның өндірістік әлеуетіне қашанда сұраныс бар. Бүгінде инвестиция тарту – бірінші кезектегі мәселе, инвестициялық әлеуетті арттыру әкім қызметіндегі негізгі басымдық болуы керек. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін қолданудан ұтарымыз мол. Ақсу қаласындағы бұл тағайындау жоғарыда аталған мәселелерге жаңа серпін береріне сенімдімін, - деді Б.Бақауов.

Ақсу қаласының жаңа әкімі Балғабай Ыбыраев бұған дейін Ақсу қалалық сәулет, қала құрылысы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы, басшысы, жергілікті «Горводоканал» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, Ақсу қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 2015 жылдан бастап күні бүгінге дейін Шарбақты ауданының әкімі болды.


Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz