Алқалы жиын барысында саяси құры-лымның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды. Бұл маңызды қызметке бұған дейін Ақсу қаласының әкімі болған Николай Дычко лайықты деп танылды. Атап өтерлігі, есептік-сайлау конференциясына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко Астанадан арнайы келіп, қатысты. Жерлесіміз жуырда ғана осынау жоғары қызметке тағайындалған болатын. Бұған дейін бірнеше жыл партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған оның еңбегі жоғары бағаланды.

- Бұл - еліміздегі меритократиялық жүйенің партиялық билік тармақтарында сәтті жүзеге асырылып жатқанының дәлелі. Илья Теренченконың еңбегі Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы тарапынан еленіп отыр. Соның нәтижесінде саяси құрылымның облысымыздағы филиалының жұмысына зор баға беріліп отыр. Өз тарапымнан Илья Сергеевичті жаңа қызметімен құттықтаймын және табыс тілеймін, - деді аймақ басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Б.Бақауов.

Сондай-ақ, облыс әкімі мәртебелі мейманға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы мұндай жоғары қызметке жерлес партияластарының қажырлы еңбегі, облыс басшылығының қолдауы нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өтті.

- Партияның Павлодар облыстық филиалы - елімізде үздіктер қатарында. Саяси құрылымның маңызды бастамалары алғашқы болып осы өңірде қолға алынып, сәтті жүзеге асырылатыны жасырын емес. Оған биыл қолға алынған ІТ-сыныптарды ашу жобасы дәлел бола алады. Бірлесе атқарған жұмыстарыңыз үшін баршаларыңызға алғысымды білдіремін, - деді И.Теренченко.

Бұдан кейін аймақ басшысы партиялық қызметтегі өзінің жаңа орынбасарын таныс-тырды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне бұған дейін Ақсу қаласының әкімі болған Николай Дычко тағайындалды. Ол әр жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, облысымыздағы индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2015-2017 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары болды. Ал өткен жылдың қараша айынан бастап энергетиктер шаһарының басшысы қызметін атқарған болатын. Енді Н.Дычко партиялық қызметтің «дәмін татып» көрмек.

- Бүгінде «Нұр Отан» партиясының жұмысы жаңғыртуды басынан өткеруде. Бар күш-жігеріміз нақты, маңызды іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған. Осы бағытта, саяси құрылымның қалалық, аудандық филиалдарының және бастауыш партиялық ұйымдардың жұмысын одан әрі дамыту міндеті тұр. Елбасы, партия төрағасының бастамасымен қолға алынған жобалардың сәтті жүзеге асуына бақылау жасау қажет. Сондай-ақ, партияның сараптамалық жұмысын күшейтуді тапсырамын, - деді облыс әкімі Б.Бақауов. Ал Н.Дычко артылған сенім үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметте бар күшін салатынын айтты.

Есептік-сайлау конференциясы барысында партияның өткен кезеңде атқарған жұмыстары да сөз болды. Бүгінде саяси құрылымның облыстық филиалының құрамында 65 мыңнан астам мүшесі бар. Аймағымыз бойынша 13 филиал жұмыс істеуде. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаеваның айтуынша, саяси құрылым мүшелерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде бірқатар белестер бағындырылды. Алысқа бармай-ақ, биыл жүзеге асырылған бірқатар маңызды бастамаларды мысал ретінде атап өтуге болады. Облысымыз бойынша нұротандықтардың ұйытқы болуымен 20 ІТ-сынып, 25 коворкинг-орталық ашылған.

- Алда әлі де атқарылатын жұмыс көп. Әсіресе, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысты ақпараттардың аймақтың әрбір тұрғынына жетуін қамтамасыз етуіміз қажет. Себебі, бұл бағыттағы жұмыс өз деңгейінде жүргізілмей отыр, - деді Ж.Тәйкебаева.

Жиын соңында И.Теренченко есептік-сайлау конференциясы партияның 20 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

- Алдағы жылы партияның негізі қаланғанына 20 жыл толады. Сондықтан бұл маңызды кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижесін ғана айтып қоймай, саяси көшбасшылығымызды нығайтуға күш салуымыз керек, - деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы.


Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz