Имидждік жоба

Иә, соңғы кезде мемлекет пен жеке сектордың мүддесі тоғысқан түрлі тетіктер пайда болуда. Соның бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Яғни, белгілі бір мәселені шешуге мемлекетке инвестор қол ұшын береді. Бірақ, бизнесменнің де құр алақан қалмайтыны анық. Бұл дегеніңіз – қос тарапқа тиімді жоба. Елімізде мұндай әріптестік іске асырылғаннан бері инвесторлардың да қызығушылығы артып келеді. Мәселен, қазақстандық «Диагаль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақтияр Қажыбаев та - берілген мүмкіндікті мүлт жібермеуді жөн көргендердің бірі.

- Біздің кәсіпорын - Германияның Dragerwerk AG&Co.KGaA атты медициналық жабдықтар жасайтын компанияның өнімдерін елімізге тікелей жеткізумен айналысатын ресми өкілі. Аталмыш зауыт анестезиология мен реанимация жабдықтарын шығарады. Бір сөзбен айтқанда, шұғыл жағдайларда адам өміріне араша түсетін құралдар. Сондай-ақ, біздің фирма елімізде құрал-жабдықтарға сервистік қызмет көрсетеді. Елбасы кезекті бір Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолға алу жөнінде ұсыныс тастағанын білесіздер. Кәсіп иесі болған соң өз саламызға, нарыққа жиі талдау жасап отырамыз. Былтыр зерттеулеріміздің нәтижесінде Павлодар облысында реанимациялық жабдықтардың айтарлықтай ескіргенін аңғардық. Сондықтан жергілікті денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жасадық, - дейді Бақтияр Амангелдіұлы.

Ол ұсыныс, әлбетте, әріптестік еді. Б.Қажыбаев басқарып отырған серіктестік өңірімізге өз қаражатына жабдықтар сатып алып беруге ниет танытады.

- Қазына қаржысы, медицинаның «қалтасы» бір уақытта ондаған жабдық алуға жете бермейді. Себебі, біреуінің өзі орта есеппен 20 млн. теңге тұрады. Міне, осының 72-сін алу оңай емес. Сондықтан біз сапасын әлем ақ желеңділері мойындаған жабдықтарды орнатып беруді ұсындық. 72 жабдық орнату жобасы бізге 1 млрд. 585 млн. теңгені құрады. Енді бұл соманы облыс үш жыл ішінде бөліп-бөліп қайтарады. Әріптестік осы жағынан алғанда мемлекеттік құрылымдарға тиімді, - дейді Б.Қажыбаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Роза Жүсіпова да инвестордың уәжімен келіседі. Айтуынша, осыншама жабдықты бір жыл ішінде, тіпті бір уақытта алу арман еді. Дәл осы әріптестік аясында мүмкін болып отыр. Жұмсалған қаржыны қазына үшін бөліп төлеу әлдеқайда тиімді, дейді Р.Жүсіпова.

Инвестор қандай пайда көреді дейсіз ғой? Әрине, оған өзі өкіл болып отырған зауыттың өнімін барынша көбірек өткізген тиімді. Десе де, Бақтияр Амангелдіұлы аймағымызда жүзеге асқан әріптестікті имидждік жобаға балап отыр.

- Компаниямыз үшін өзіндік тәуекелдер бар. 2017-2022 жылдары, яғни бес жыл жабдықтарға сервистік қызмет көрсету – біздің мойнымызда. Сынған, істен шыққан бөлшектерін ауыстырамыз. Жабдықты сатып алған қаржымызды үш жылда бөліп-бөліп еш пайызсыз қайтарып аламыз. Ол уақытта девальвация, валюталық курстың өзгерулері сияқты құбылыстар болады. Бірақ, біз үшін «бір облыстың медициналық мекемелеріне бір мезетте 72 жабдық орнатып бердік» деген мәліметтің өзі компаниямыздың беделін өсіріп отыр. Нарықта бәсекелестеріміз аз емес. Сондықтан, инвестор ретінде бізге табыстан бөлек дәл осы тұсы ең тиімдісі десем болады, - дейді кәсіпкер.

Оған қоса, сервистік қызмет көрсетілетін кепілді мерзім аяқталғаннан кейін де инвестор әріптестік үзілмейтініне сенімді. Себебі, жабдықтардың қосалқы бөлшектерін ауыстыру қажет болса, германиядағы зауыттан еліміздегі ресми өкілдігі жеткізіп береді.

«Айналайын» аппарат

Инвесторға әріптестік қандай пайда әкелгенін түсінген боларсыздар. Ал нақты денсаулық саласына қандай септігін тигізді? Бұл жөнінде облысымыздың штаттан тыс анестезиологы, өңірлік кардиологиялық орталықтың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Инна Гловацкаядан сұраған едік.

Реанимация – медициналық мекеменің ең күрделі бөлімшесі. Мұнда кәсіби маманның біліктілігінен бөлек қажетті жабдықтардың толық әрі сапалы болғаны маңызды. Ауыр сырқатты науқастар түседі. Шұғыл операциялар жасалады. Өздігінен тыныс ала алмай, бір немесе бірнеше органы бірден істен шыққан азаматтар қабылданады. Операциялардан кейін де ерекше күтім керек. Сондықтан, заманауи жабдық сөзсіз ең қажетті «көмекшіміз», - дейді Инна Владимировна.

Ақ желеңдінің айтуынша, соңғы кезде медицинаның қарыштап дамуымен қатар кей күрделі салаға деген талап та күшейіп келеді. Мәселен, нейрохирургия, кардиология сынды бағыттарда бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталар қолға алынуда. Сәйкесінше, реаниматологтарға қойылатын талап та өзгерді, артты. Осындайда сенімді аппараттың болғаны абзал, дейді аймағымыздың бас анестезиологы.

Маманның мәлімдеуінше, был-тырғы көрсеткіштер бойынша облысымызда наркоздық-тыныс алу және өкпеге жасанды ауа беретін аппараттардың жетіспеушілігі 50 пайызды құраған. Көбінде өткен ғасырдың, яғни 1970 жылдарғы құрылғылар қолданыста болған. Мәселен, шұғыл ем-шара көлемі көп Павлодар қалалық №1 аурухананың өзінде аппараттар тапшылығы елу пайыздан асқан еді. Былтыр оларға 11 аппарат орнатылды.

- Міне, осы тапшылықты түсініп, құзырлы орган қолдау білдіріп, Елбасының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бастамасы аясында жабдығымыз жаңарып, көңіліміз аздап жайланған жайымыз бар, - дейді ағынан жарылған ақ желеңді.

Сапаға әсер етті

Әріптестік болмаса, әлгі аппараттар көпке дейін арман болуы әбден мүмкін көрінеді. Ал мұндай жабдықтар тыныс алу мүшелерінің жетіспеушілігіне шалдыққан жандарға да аса қажет. Тілдескен кезімізде Инна Владимировна жаңа аппараттардың артықшылықтарын айтудан жалықпады. Мәселен, заманауи аппараттар - әмбебап. Яғни, салмағы 300-400 грамдық шақалақтан бастап ересектерге дейін қолдануға болады. Түрлі режимі тағы бар. Өкпеге жасанды ауа беретін аппараттың ескілерінен ерекшелігі көп. Мәселен, құрылғы айлап аппаратқа танылған адамның ағзасына қарай бейімделе алады екен. Ескілері механикалық ауа үрлеумен ғана шектелсе, қазіргілері науқастың арасында өздігінен тыныс алуына мүмкіндік береді. Ал адамның шамасы жетпей қалса, демалуды жалғастыруға аппараттың өзі автоматты түрде жәрдемдеседі. Режимді науқастың жағдайына қарай дәрігер таңдайтын көрінеді.

- Біз, посткеңестік кезеңнен келе жатқан дәрігерлер, ескі апараттардың көмегімен де ауыр науқастардың бетін бері қаратуға үйрендік қой. Бірақ, ол үдеріс тым ұзаққа созылатын. Емдегеннен кейін қалыпқа келуі де біраз уақытты қажет етті. Ота жасаған кезде хирургтардың алаңсыз жұмысы үшін науқастың өкпесі мен санасы жасанды түрде аппаратқа қосылады. Отадан кейін адамның оянуы кезінде құрылғыдан ажыратуға тура келді. Ал жаңаларында аралық режим бар. Сонысымен де құнды, - дейді Инна Гловацкая.

Дәрігердің сөзіне сенсек, аппараттарды қолданудан қызмет сапасы айтарлықтай артқан. Енді аудандық ауруханаларды осындай аппараттармен қамту мүмкіндіктері қарастырылуда.

Тиімділігі

Инвестор қаржысына сатып алынған жабдықтардың қызмет көрсету мерзімі - 10 жыл. Өндіруші осылай межелеген. Десе де, одан көп уақыт кәдеге жарауы әбден мүмкін.

- Алғашқы аппараттарды Павлодар облыстық балалар ауруханасына орнату кезінде ондағы жабдықтардың 2003 жылдан бері қолданыста екенін көрдім. Біздің жұмыс істейтін неміс компаниясының өнімі. Яғни, 15 жылға жуық қызмет етуде. Демек, күтіммен қарап, дер кезінде тексеріліп, ретке келтірілсе, аппараттардың жарамдылық мерзімі аз емес, - дейді бизнесмен Б.Қажыбаев.

Айтпақшы, 72 жабдыққа сервистік қызмет көрсету үшін бюджеттен жыл сайын 20 млн. теңге бөлінеді. Бес жыл бойы құзырлы орган аппараттардың іркіліссіз жұмыс істеуіне бас ауыртпайды. Ол жауапкершілік – инвестордың мойнында. Кәсіпкердің айтуынша, инженерлер тоқсан сайын арнайы келіп, құрылғыларды тестілеп отырады. Қажет жағдайда сүзгілері мен датчиктерін ауыстырып береді.

Басқарма басшысының орынбасары Роза Жүсіпованың мәлімдеуінше, облысымызда былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алты жоба іске асырылып, 2 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Екібастұз қаласының орталық ауруханасына және Павлодар қалалық №1 ауруханаға компьютерлік томограф сатып алынған. Одан бөлек, екі ауылдық дәрігерлік амбулатория, кеншілер шаһарының емханасы бес жылға сенімді басқаруға беріліпті. Басқармадағылар сенімді басқару кезінде инвестордың ғимаратқа жөндеу жүргізіп, жабдықтар сатып алу жағын бақылайтындарын айтады. Бүгінде Екібастұздағы емханаға кәсіпкер жөндеу жұмыстарымен қатар, жаңа жабдықтар сатып алуда. Ал биыл аймағымызда жалпы сомасы 817 млн. теңге болатын 2 жоба жүзеге асқан. Оның бірі – медициналық ұйымдарға орнатылған 12 эндоскопиялық жабдық болса, екінші жоба бойынша Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға жеке инвестор қаржысына компьютерлік томограф алынған.

Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда тағы 5 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.


Түйін:

Билік пен бизнестің бірлесе іске асырып жатқан әріптестігі әлді екені сөзсіз. Қай тарап та ұтылмайды. Әркім өз пайдасын көреді. Ал медицина саласына келсек, бұл - алдымен азаматтардың басты байлығына жасалып жатқан инвестиция. Аурулардың алдын алып, емдеу ісін ілгерілетудің амалы. Әрбір секунды маңызды саналатын салаға салынған әр тиынның адам өміріне араша екенін ескерсек, әріптестіктің қазіргі қоғамдағы мәнін түсіндірудің өзі артық болар.


Сандарды сөйлетсек:

- Облысымыздың 12 медициналық мекемесіне 26 наркоздық-тыныс алдыру аппараты, 46 өкпеге жасанды ауа беру аппараты орнатылды.
- Мұндай аппараттар тапшылығы былтыр 50 пайызды құраған еді.
- Инвестиция көлемі – 1 млрд. 585 млн. теңге.
- Жұмсалған қаржыны мемлекет үш жыл бөліп төлейді.


Керек дерек:

- Медицина бағытында былтыр облысымызда 6 жоба жүзеге асты. Оған 2 млрд. теңгеден астам инвестор қаржысы тартылды.
- Биыл екі жоба іске асты. Инвестиция көлемі – 817 млн. теңге.
- Бес жоба бойынша келіссөздер жүргізілуде.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz