Ресми сауалдың мазмұны мынадай: 10 қазан, сәрсенбі күні Павлодар қаласының әкімдігінде қалалық мәслихаттың кезектен тыс 42-сессиясы өткен болатын. Осы жиында депутаттардың алдында есеп берген қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қ.Қапуов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Белялева, білім беру бөлімі басшысының м.а. Г.Әлкенова сынды қызметкерлер өз баяндамаларын 100 пайыз орыс тілінде оқыды. Бөлім басшыларына депутаттар тарапынан қойылған сұрақтар да, олардың жауаптары да орыс тілінде болған еді. Бұл – ҚР Мемлекеттік тіл туралы заң талаптарын орындамай отыр деген сөз. Заң бойынша, мұндай ресми жиындар екі тілде өтуі керек. Яғни, ресми тілде жасалған баяндамалардың қазақша нұсқасы қоса ұсынылуы тиіс. 2018 жылдың басында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «ПАРЛАМЕНТ ПЕН ҮКІМЕТТІҢ ЖҰМЫСЫ ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС» деген тапсырма берді. Мұның – еліміздегі барлық әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелерге де қатысы бар екені белгілі. Міне, осы мәселелерді атай келе:

«Құрметті Әнуар Қайыргелдіұлы! Павлодар қалалық әкімдігінің бөлім басшылары мен мәслихат депутаттары еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілін неге толыққанды қолдамайды? Жағдай бұл ғана емес, бұдан бұрынғы жиындар да бастан аяқ орыс тілінде өтіп жүр. Ал, мұндай жиналыстарға қатысушылардың жартысы қазақ тілін меңгермеген жағдайда ілеспе аударма құрылғысын неге қолданбасқа? Алдағы уақытта осы мәселені қолға алып, жиналыс-тарды мемлекеттік тілде өткізуге мүмкіндік бола ма? Осы сауалға жауап беруіңізді сұраймыз», деген нақты сауал жолданған еді.

Бұл сауалға Павлодар қаласы әкімінің орынбасары А.Балашовтың атынан жауап келді. Хат мәтінін толықтай ұсынуды жөн санадық:

«Павлодар қаласы әкімінің атына келген Сіздің өтінішіңізге Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Білім беру бөлімі басшыларының ресми тілдегі баяндамалары бойынша хабарлаймыз.

Жоғарыда көрсетілген бөлім басшыларының атына «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңын сақтау туралы хат жолданған болатын, сонымен қатар, болашақта ресми тілде жазылған баяндамаларға қазақша аудармасы қоса ұсынылатын болады.

Осы жауаппен келіспеген жағдайда Қазақстан Республи-касының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының 14-бабы 6-тармағына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен Сіздің оған шағым жасауға құқығыңыз бар».

Шаһар басшылығы жоғарыда берген уәдесін орындайды деген сенімдеміз. Бұл мәселе әлі де біздің бақылауымызда болады.


Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz