«Каустик» кәсіпорныңда хлор және каустик содасын өндіру бойынша елімізде теңдесі жоқ заманауи технологиялар пайдаланылуда. Ол - аймағымыздағы химиялық кластердің әлеуетін арттырып тұрған зауыттардың бірі. Мұнда жылына 30 мың тонна каустик содасы, 25 мың тонна шамасында хлор, 45 мың тонна көлемінде тұз қышқылы өндіріледі. Хлор бойынша негізгі тұтынушы - Өскемен қаласының титан-магний комбинаты. Олар хлорды титан өндірісінде пайдаланады. Сондықтан қазір өнімді саудалау бойынша мәселе жоқ. Керісінше, кәсіпорын басшылығы өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Өкінішке қарай, бұл жоспардың орындалуына бірқатар жайттар кедергі болып жатқан көрінеді. Негізгі мәселе зауыттың өндірістік ерекшеліктеріне байланысты болып отыр.

- Кәсіпорында хлорды каустик содасынсыз, ал каустик содасын хлорсыз өндіре алмаймыз. Бұл – өзара тығыз байланысты өндіріс. Осы себептен әзірге кәсіпорын қуатын арттыру мүмкін болмай отыр. Себебі, елімізде хлорға деген сұраныс аз, - дейді «Каустик» АҚ-ның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Владимир Рагулин.

Сұраныстың аз болатын жөні бар. Бүгінде Қазақстанның қалаларындағы су тазарту кәсіпорындары хлорды бұрынғыдай көп көлемде пайдаланбайды. Бұл бағыттағы сұраныс шамамен жылына 2-3 мың тоннаны ғана құрайды. Қазір су тазарту жұмыстарына хлорды қажет етпейтін жаңа технологияларды енгізуге тырысуда. Бірақ, В.Рагулиннің айтуынша, олар алдағы 6-7 жылда хлордан толығымен бас тарта қоюы екіталай. Дей тұрғанмен, бұл көлем жалпы өндіріс ауқымын арттыру үшін аздық етеді. Осылайша, елдегі хлорға деген сұраныстың төмендігі каустик содасының өндіріс көлемін арттыруға кедергі болуда.

- Каустик содасына деген сұраныс елімізде жылына 90 мың тонна шамасында. Бұл біз өндіретін көлемнен үш есе көп. Яғни, нарық толық игерілмеуде. Бірақ, жоғарыда аталған себептен каустик содасының өндірісін арттыра алмай отырмыз. Қазіргі уақытта хлор нарығын кеңейтудің барлық жолдарын қарастырудамыз. Хлордан өндірілетін хлорлық кальций, гипохлорид кальциі, хлорлық темір сияқты бірқатар өнімдерге сауда нарығын іздеудеміз, - дейді В.Рагулин.

Қалай дегенмен, бұл салада нарық тұрақсыз болып тұр. Алпауыт бәсекелестер де бар. Атап айтсақ, Қытайдың Үрімші қаласында жылына 600 мың тонна каустик содасын өндіретін кәсіпорын бар. Баға тұрғысынан алатын болсақ, отандық кәсіпорындарға павлодарлық зауыттың өнімін сатып алу тиімдірек.

Қазіргі кезде «Каустик» АҚ-да 550 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылары алдағы жылы қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға көбейтуді жоспарлауда. Оған қатысты қосымша шығындар келер жылдың қаржылық жоспарына енгізіліп қойған. Қазірдің өзінде зауыттағы орташа жалақы 178 мың теңге шамасында.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасқан тағы бір кәсіпорын – «УПНК-ПВ» ЖШС. Қыздырылған мұнай коксын өндіретін зауыт 2015 жылы іске қосылған болатын. Сол кезден бері аяққа нық тұрып, дамудың бірқатар сатыларын артқа тастады. Кәсіпорын өндіріске қажетті шикізатты, яғни, мұнай өндірісінен шығатын қалдықтарды Павлодар мұнай-химия зауытынан алады. Бұдан бөлек, шикізаттың белгілі бір бөлігін Ресейдің «РусАл» кәсіпорнынан да тасымалдайды. Оның да өзіндік себебі бар. Бұл тұтыну-шылардың таңдауына қарай әр түрлі сападағы қыздырылған кокс ұсыну үшін жасалуда.

Бүгінгі таңда зауыт өнімінің негізгі тұтынушысы – «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ. Ол мұндағы жалпы өнімнің 30 пайызын сатып алатын көрінеді. Негізінде, «УПНК-ПВ» кәсіпор-нының құрылғандағы мақсаты да – осы. Отандық алюминий өндірісінде қыздырылған коксқа деген сұранысты толық қамтып, шетелдік шикізатты ығыстырып тастау көзделген. Бүгінде зауыт осы мақсат жолында талмай еңбек етіп келеді.

«УПНК-ПВ» ЖШС директорының орынбасары Рашит Галинуровтың айтуынша, жергілікті электролиз зауыты сатып алатын қыздырылған кокс көлемін едәуір арттыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұдан бөлек, павлодарлық кәсіпорынның өнімі Ресей, Тәжікстан мен Қытайға жөнелтіледі.

Зауыттың жобалық қуаты – жылына 250 мың тонна. Өткен он айда мұнда 148 мың тонна қыздырылған кокс өндірілген. Жыл соңына дейін тағы 40 мың тонна шамасында өнім шығару жоспарлануда. Қазіргі кезде серіктестікте 407 адам еңбек етуде. Қосымша тағы 10 маман қажет. Жұмыскерлердің орташа жалақысы 120 мың теңге шамасында.

- Елбасы биылғы Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 42 мың теңгеге жеткізуді тапсырды. Мемлекет басшысының бұл бастамасын біз де қолдап, алдағы жылдан қызметкерлеріміздің жалақысын біршама көтеруді жоспарлап отырмыз, - дейді Р.Галинуров.

Атап өтерлігі, кәсіпорында мұнай коксын қыздыруға арналған үшінші өндірістік пеш салу жоспарланған. Бұл жылына қосымша тағы 140 мың тонна қыздырылған кокс шығару мүмкіндігін береді.


Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz