Шара мектептің өнерлі шәкірттерінің концертімен басталды. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары театрландырылған көрініс түрінде көрерменге ұсынылды. Мектеп директоры Гүлназ Эндуарқызы жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жарқын өмірдің туын биікке көтерген азат еліміздің амандығын тіледі.

Мерекелік бағдарлама «Қазақ ауылында» жалғасты. Жылдағы дәстүрмен мектеп ауласына ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ұлтымыздың болмыс-бітімін
танытатын ақ отауларды безендіру, жасақтау бойынша сайыс өтті. Қатысушылар дастарқанның байлығы, шаңырақтың биіктігі бойынша бәсеке-лесті. Қазылар алқасы әр үйді аралап, өз бағасын берді. Мереке соңында «Ұйымшыл», «Қонақжай», «Өнерлі» әрі «Ата дәстүр - ұрпаққа өнеге» номинациялары бойынша әр топ дипломмен марапатталды.

- Мереке жылдағыдай көңілді өтті. Биыл тіпті ата-аналардың ауызбірлігі мен ұйымшылдығы жоғары деңгейде болды. Мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Ана мен баланы, оқушы мен ұстазды жақындата түсетін осындай мерекелерде бір жасап қаласың, - дейді ата-ана Орынтай Кереева.

Бұдан бөлек, Наурызды тойлауға келген жұрт қолөнер-шілердің жәрмеңкесін де тамашалады. Онда он саусағынан өнер тамған оқушылар мен ұстаздар жасаған әшекей бұйымдар, тоқыма заттар, көркем суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, асық атқан балақайлар, кір көтерген жігіттер мен арқан тартқан ата-аналар мерекенің көрігін қыздыра түсті. Шахмат пен тоғызқұмалақты ойнауға кезекке тұрғандардың да қарасы қалың болды.

Көктемнің бұл мерекесімен адамның игі үміттері тығыз байланысты. Сондықтан да, үкілеген үміттеріңіз ақталып, тілеген тілектеріңіз орындалсын!

 

Айжан ТӘКЕНОВА.

saryarka-samaly.kz