- Ассалаумағалайкүм, Мұрат Сәбитұлы! Сексеннің сеңгіріне жетіпсіз, мерейжасы-ңыз құтты болсын! Осы Кереку өңірінен талпына ұшып, талай үлкен белестерді бағындырдыңыз. Осы күнге дейін өмір-ден не түйдіңіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ...

- Өмір қызығы мен шыжығы мол дастанға ұқсас дүние ғой. Жас кезіңде алынбас қамал жоқтай көрінетін. Есейе келе, зер салсаң бұл өмірдің бұлтарыстары, оңай шешіле бермейтін жұмбақтары көп екен. Шым-шытырық қайшылықтары өзіңді баурап алып, дөңгелетіп әкеткенде, сол тосқауылдардан сүрінбей өз жолыңды таба білсең, міне, дұрысы сол ғой. Армандау, мақсат тұту, алға үмтылу, өссем, жетілсем деп талпыну өмірдің нағыз қызығы ғой.

- Сіз 1955-1956 оқу жылы Сталин атындағы жетіжылдық мектепте мұғалім болып істегенсіз, мен сонда жетінші сыныпта оқығанмын. Есіңізде болар...

- Иә, ол кез менің жүрегіме ешқашан ұмытылмас із қалдырды. Алғаш еңбектің дәмін көріп, өмірге деген құлшынысымды оятты. Мықты, іскер ұжыммен жұмыс істей бастадым. Сол жылы Алматыға барып, оқуға түсе алмай, үйге қайтып оралғанда мектептен орын табылып, қызметке орналасуым елеулі оқиға болды. Мектеп директоры Сәрсен Жұмабаев ағамыз ақыл-кеңес беріп, оқушылардың алдында өзіңді қалай ұстау керек екенін айтып, қойылатын талаптарды қатаң ескертетін. Мектепті жаңа ғана бітірген маған бірден мұғалім болу оңайға соққан жоқ. Себебі, «мұғалім» деген атаққа сай болу үшін бірінші алдыңдағы оқушыға сапалы тәлім-тәрбие беру болса, екінші - мектептің қалыптасқан ұжымынан өз орныңды таба білу. Мен де соған тырысып-ақ бақтым. Бірақ кейде балалармен бала болып, бірге ойнап кететін кездерім де болды... 5-7-сыныптарға физика мен неміс тілінен сабақ бердім, педагогикалық ұжымның өміріне белсене араласып, мектептің қабырға газетін шығарып тұрдым. Еңбек жолым осылай басталған еді.

Осы мектепке қызмет істеген кезеңге орай бір оқиға есіме түсіп тұр. Оқу жылы аяқталып, Алматыға оқуға түсуді армандап, көңілім алып ұшып жүрген кезім еді. Дәл уақыты есімде жоқ, маусым айының орта тұсы болар. Мектеппен қош айтысып, «Жаңа таңға» үйге қайттым. Ертіс тасып жатқан кез еді. Күн ыстық болатын, жар жағалап осы Сталин ауылының ойы астындағы суға қарай бет алдым. Су жиегінде бір-топ ұсақ бала ойнап жүр екен. Мен олардан аулақтау шешініп, суға түсіп, біраз жерге малтып барып жиекке қарап тұр едім, бір бала ауыл жақтан жүгіріп келіп, шешіне сала суға «күмп» етіп түсіп кетті. Қатты екпінмен секірген ол тереңге қарай малти жөнелді. Қақалып-шашалып, су қармап, біресе батып, біресе қайта шығып, жанталасты да қалды. Бұл «батырдың» су түбіне кетіп бара жатқанын сезген мен тез құлаштай малтып бардым да, аяғымды жерге тіреп, бар күшіммен оны жиекке қарай итеріп жібердім. Сонда судың менің бойымнан асып кеткені есімде. Әлгі бала жағалауға шықты да, маған бір ауыз сөз айтпас-тан киініп, келген жағына кете барды. Бастауыш сыныптың оқушысы болуы керек, мен оны танымадым. Ал ол маған содан кейін кездескен емес... Тіс жарып басқа адамдарға да айтқан емеспін. Бірақ сол мезетте батыл қимылдауға өзіме деген бір сенім күші көмектесті. Сол жылы менің арманым іске асып, университетке түсіп кеттім. Мүмкін, мені сол баланың ақ тілеуі қолдаған шығар...

- Жоғары оқу орнындағы студент кезіңізде қандай қызықтар болды?

- Жоғары оқу орын табалдырығын алғаш аттаған кезде қиындықтар кездескені рас. Өйткені біз орысша оқыдық. Әсіресе, ауызша сабақтарды (СОКП тарихы, политэкономия, философия, алғашқы әскери дайындық) түсініп, оны қайта мұғалімге айту қиын болатын. Бірінші тоқсанда математика мен физикадан емтиханды жақсы тапсырдым. Бірақ әскери дайындықтан бір подполковник «құлатып» жіберген еді, сөйтіп бір тоқсан бойы шәкіртақы ала алмай қалғаным бар. Бұл ауылдан келген қазақ балаларының көбіне тән қиыншылық болатын. Осы тұста жақсы достар таптық. Бірге оқыған он бес студент бітірген соң Қазақстанның әр түкпіріне кетті. Оқу бітірген соң да отбасымызбен араласып, қуаныш-қайғымызды бірге бөлісіп, өмір кештік. Қазір соның жартысы кетіп, ортамыз опырайып қалды. Бұл жігіттер мен қыздардың көбінің ғылым кандидаты, доктор, доцент, профессор деген атақтары бар. Бірақ біз атақ-даңққа онша мән бермейтін едік, емін-еркін ойнап-күліп достық қосын тіге білдік. Екіншіден, мен жас кезімнен спортқа жақын едім, көп уақытымды боксқа арнадым. Мұнда да біраз жетістіктерге жеттім. Бір жарыста республика бойынша екінші орын алдым, Қазақстанның құрама командасына мүше де болдым. Әлі күнге дейін бокс десе, делебем қозып, елеңдеп тұрамын.

- Университеттен кейін философияға ден қойып, ғылым кандидаты, докторы, профессор, лауреат атандыңыз. Бұған қалай жеттіңіз?

- 1961 жылдың қазан айында Алматыда бокстан бір жарыс өтетін болып, соған дайындалып жүргенмін. Көшеде Қабдықайыров Құрмет деген бір таныс математикпен кездесіп қалғаным бар. Сол азамат маған менің болашақ ғылыми жетекшім Жабайхан Әбділдинмен кездесуге кеңес берді. Оның қайда қызмет істейтінін, тұратын үйінің адресін де айтып берді. Міне, солай, аяқ астынан Жәкеңмен таныстым. Содан бастап философияға бет бұрдым. Физиканың философиялық мәселелерімен айналыстым, сөйтіп бірқатар ғылыми дәрежелерге қол жеткіздім. Академик Жабайхан Мүбәракұлының менің өмірдегі рөлі ерекше десем, артық айтқандық емес. Ол ағамыздың адамгершілігі мен халқымызға сіңірген еңбегі жайлы мен талай айтып та, жазып та жүрмін. Ал Ертіс бойындағы бір ауылдан, бір мал дәрігерінің отбасынан екі бірдей академиктің шығуы - бұл үлкен құбылыс!

- Енді өзіңіздің атқарған жұмыс-тарыңызға, қол жеткен нәтижелеріңізге көңіліңіз тола ма?

- Мен өзімді философиялық ойдың шыңына шықтым деп айта алмаймын. Дегенмен оның шырқын бұзбай, философиялық ой-өрістің ішкі алқабынан өз орнымды таба алдым деп есептеймін. «Мен философпын» деп дандайсудан мүлде аулақпын. Философ болудың өзіндік бір ерекшелігі бар: «Мен философпын» деп еш күмәнсіз айтуға, кеуде қағып мақтануға жол жоқ. Нағыз философ болудың, философия атынан үкім шығара сөйлеудің жауапкершілігі тым жоғары. Философиямен айналысу бар да, философ болу бар. Бұл екеуі бір жерге тоғыса бермейді. Нағыз философ бүкіл адамзаттың мәдени-тарихи дамуының ішкі өзегін тап басып, айқара аша алатын хакім адам болуы тиіс. Ал бұл - әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Міне, сондықтан да бұл саланың нағыз білгірлері санаулы ғана. Мысалы, Сократ, Платон, Аристотель, Лао-цзы, Конфуций, әл-Фараби, Фома Аквинский, Спиноза, Лейбниц, Кант, Гегель, М.Хайдеггер, Абай тақылеттес ұлы ойшылдарды ғана атап өтуге болады. Осы ұлыларға қарап бой тіктеу, «болмасаң да ұқсап бағудың» өзі - үлкен мәртебе. Нағыз философ әрдайым «терең ой» (Абай) дересінен табылуы тиіс, түпсіз ойдың тұңғиығына сүңгіп, ой машақатына малтыға жүріп, ақиқатқа апарар жолды тап басуға ұмтылуы керек. Ал бұл - ұстараның жүзіндей өткір де тауқыметі зор майдан. Мұнда оң мен сол, жеңіс пен жеңіліс, ақиқат пен адасу аударыспақ ойынындай сусып тұрады. Өйткені өмір шындығының өзі де сондай тиянағын тап басып айтуы қиын дүние ғой. Сондықтан философ та осы дүниенің бақташысы тәрізді, соның дүрілі мен гүріліне құлақ аса отырып, ойлы көзбен байқастап қана дабыл қағуы тиіс.

- Сонда бұл түпсіз ой майданының адам баласы үшін, қоғам үшін қандай пайдасы бар?

- Философиядан пайда іздеу және табу - өте қиын іс. Былай қарағанда философиядан да, философтардан да еш пайда жоқ сияқты, қайта зияны көп көрінуі мүмкін. Кезінде антика заманында Сократты қудалап, түрмеге жауып, ол у ішіп өлуге мәжбүр болған. Кезінде Платон мемлекетті философ басқаруы тиіс деген екен. Әл-Фараби да осындай көзқарасты ұстанған. Алайда философтарды мемлекет басқаруға көп жолатпайды билік басындағылар, өйткені саясат пен философия бір жерге тоғыспайды. Саясаттың көздеген мүддесі әрдайым ақиқатқа сай келе бермейді. Саясат «ойыны» құбылмалы, ауыспалы, онда шындық пен ақиқаттан гөрі көз бояп, жұрттың көңілін тауып, мауқын баса отырып, өз дегенін күйттеу басым. Билік деген биіктікке жету қиын, ал одан түсу одан да қиын болар. Ал философ болса, ақиқатын айтып, жөн сілтеп, сыни ескертпелер жасауға тура келеді. Бұл кімге үнайды? Философтардың пайдасын ақшамен өлшеп, не қолға ұстап салмақтау мүмкін емес. Ол пайда - рухани дәннің өсіндісі. Нәтижесін сезіну, байқау үшін сол руханилықтың тиегін ағыта білу қажет және оның нәтижесін көру үшін көп уақыт керек етуі мүмкін. «Бүгін ал да, ертең бер» деп талап ету мұнда орынсыз.

- Бұл салаға өзіңіз қандай үлес қостыңыз?

- Жазған азын-аулақ еңбектерім бар. Нақтырақ айтқанда, диалектикалық логиканың категориялары мен принциптері жүйесін зерттеуге қатынастым. Философия мен ғылымның алдыңғы шебі болып табылатын физиканың философиялық логикалық мәселелерін осы тұрғыдан тоғытуға тырыс-тым. Мұнда әсіресе кванттық механиканы интерпретациялау мәселелерін терең мән бере зерттедім және айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздім. Бұдан бөлек тіліміздің хал-күйі, тәуелсіздігіміздің баянды болуының шарттары туралы сыни-философиялық толғауларым да баршылық. Аударма ісімен де шұғылдандым. Тәлімгер-педагог ретінде көп мақтана алмаймын, мен педагогикадан гөрі ғылым жағына жақындаумын деп ойлаймын. 4 ғылым докторын, 15-16 ғылым кандидатын дайындадым. Шәкірттеріммен қарым-қатынасым жақсы, бірде-біреуін ренжіткен жоқ сияқтымын. Бір шәкіртім (бұл арада атын атамай-ақ қояйын) тіпті маған арнап кітап та жазды. Мұндай ілтипат мені рухтандырып, күш-қуат бергені анық.

- Алға қойған жоспарларыңызға байланысты «Әттеген-ай» деген кездер бар ма? Енді не жоспарлап жүрсіз?

- Әрине, бар. Мен - өзіме-өзім сыншымын. Ішкі сын маған маза бермей ойландырады, күмән туғызады. Сондықтан менде жайбасарлық әдет бар. Бір мәселені мың ойланып, жүз толғанып барып шешемін. Ойлаған дүнием әбден піскенде ғана қолым жүре бастайды. Алдағы жоспарларыма келер болсам, оқулықтар жазғым келеді. Аудармамен де айналысу ойымда бар. Ең бастысы - екі немереміз Айжан мен Динардың және екі шөбереміз Үміт пен Санжардың қызығын көрсек болғаны. Қазір солардың тілеуін тілеп, жақсы да жайдарлы адам болып, ешкімнен қиянат көрмесе екен, бәле-жәледен аулақ болса екен деп Аллаға жалбарынып қоямыз.

- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан – Бақыт БАЙМҰРАТҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz