Бүгінде олар мемлекеттің қаржылай қолдауы нәтижесінде ісін дөңгелетіп, қалалықтарға сапалы қызмет ұсынып отыр. Соңғы жылдары үнемі шынығып, шымыр болуға талпынатын тұрғындардың қатары артып келеді. Олардың кәсіби мамандар көмегімен түрлі жаттығу жасап, сымбаты мен денсаулығын сақтауы үшін қызмет ететін орындардың бірі – «Гладиаторы» фитнес-орталығы. Аталмыш спорт нысаны осыдан екі жыл бұрын орталық көшелердің бірінде ашылған болатын. Кәсіпкер Максим Дубовой 2016 жылы орталықтың жұмысын бастау үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 7 пайыздық мөлшерлемемен несие алған еді. Ал былтыр кәсібін кеңейту үшін тағы мемлекеттік көмекке жүгінді. Сөйтіп, қосымша қаржы алды. Ол жаңа жаттығу құралдарын сатып алуға, соның нәтижесінде келушілер қатарын арттыруға оң әсер берді.

Бағдарламаның игілігін көрген-дердің тағы бірі – Ризагүл Тұрсынова. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» арқылы жеңілдетілген несие алып, Павлодар қаласында «Игілік» балаларды сауықтыру-дамыту орталығының жұмысын бастады. Қазір мұнда бір жарым-үш жас аралығындағы 150-ге жуық бала тәрбиеленеді. Айлық төлем – 19 мың теңге.

- 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, ғимаратты жөндеп, балаларға арналған орталық аштық. Өткен жылы осы бағдарлама аясында тағы қаржылай қолдауға ие болдық. Қазіргі уақытта қазақ және орыс тілдерінде тәрбие беретін топтар жұмыс істейді. Біз баланың тәлім-тәрбиесіне ғана емес, денсаулығына да баса мән береміз. Есту, көру қабілеттерін дамытып, сөйлеуге үйретеміз. Одан бөлек, сауықтыруға арналған тұз шахтасы бар, - дейді орталық әдіскері Салтанат Сексенова.

Орталықтың ашылуы нәти-жесінде 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім берумен қамтылып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде мұнда 30 адам еңбек етеді.

Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Асиповтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы басталғалы 600-ден астам коммерциялық жоба 72 млрд. теңгеге қаржыланды-рылды. Жалпы, облыс орталығында 30 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысаны тіркелген.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz