Өңірімізде асыл тұқымды ірі қараның санын көбейту ісі кеңейіп келеді. Мұндай ілкімді істен Аққулы ауданына қарасты Шарбақты ауылы да шет қалып отырған жоқ. Ірі қараны асылдандыру ауылда мықтап қолға алына бастады. Нақты жоспарларды түзіп, шаруалар арасында жаппай насихат жұмыстары жүргізілген.

Соның нәтижесінде бүгінде Тұлпар сынды арлан жастар кәсіппен айналасып, ел игілігі үшін қызмет етуде. 2010 жылы небары 25 жастағы жігіт мал шаруашылығына бет бұрады. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың жолын тауып, асыл тұқымды мал сатып алып, өрісін кеңейтті.

- Бала күнімізде әке-шешеміз еңбекке ерте баулыды. Есейе келе шаруа қожалығын құрдым. Мемлекет тарапынан да қолдау көп. Малды асылдандыру бойынша бағдарламаның арқасында қаржы алып, асыл тұқымды мал басын көбейттім. Бұл үлкен демеу болды, - дейді кәсіпкер.

Бүгінде жас кәсіпкердің шаруашылығында 50-ден астам жылқы, 100-ден аса бұқа, 150-ден астам қой бар. Кәсіпкердің айтуынша, асыл тұқымды мал кәдімгі жай малдан екі-үш есе қымбат бағада саудаланады. Қазіргі уақытта жем-шөп қоры да жеткілікті. Жем-шөпті араластырып, қай азықтың қанша берілуі керектігіне дейін мөлшерлеп беретін құрылғылары да бар.

Осылайша асыл тұқымды ірі қаралардың санын көбейтіп, бордақылап, сатуды мақсат етіп отырған «Тұлпар» жеке кәсіпкерлігінің алдағы күндерден күтер үміті зор.

Павлодар мен Семей арасын жалғайтын жол бойында ерсілі-қарсылы көлік ағыны қалың. Оның үстіне республикалық маңызы бар жол күрделі жөндеуден өтіп, алдағы уақытта тақтайдай тегіс жолға айналмақ. Бұл ретте Аққулы ауданында жол бойы сервисі айтарлықтай дамып келеді. Мұнда ауыл мен ауылды, ел мен елді жалғайтын жол бойында халыққа қызмет көрсету нысандары көптеп салынуда. Қызмет көрсету жағынан бірінен-бірі асатын нысандардағы жұмыс ырғағының қалыпты екені қасындағы көліктердің қарасынан аңғарылады. Бір ғана Шарбақты ауылында мұндай 9 нысан қызмет көрсетуде. Бұл аудан экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға айтарлықтай септігін тигізіп отыр.

Кәсіпкер Тұлпар Мұхтарханның иелігіндегі қызмет көрсету сервисі де табысты орынға айналыпты. Бүгінде мұнда демалу үшін тоқтап, ауқаттанатындар қатары артқан. Кәсіпкер мұнымен шектелмей, алдағы уақытта техникалық қызмет көрсету сервисін іске қоспақ. Сондай-ақ, қонақ үй салып, кәсібін кеңейтпек. Олардың құрылысы келер жылы басталады.

- 1997 жылы әкем жол бойы қызмет көрсету сервисімен айналыса бастаған болатын. Алайда техникалық ақауларға байланысты 2001 жылы сол кездегі нысан өртеніп кетті. Бұдан кейін қайтадан жаңа орынның қабырғасын қалап, жұмыс істей бастадық. Кәсібіміз кеңейіп келеді. Қазір келімді-кетімді адам қарасы қалың, - дейді кәсіпкер.

Қазір мұнда күніне шамамен 30-ға жуық жүк көлігі мен жеңіл көлік тоқтайды. Осылайша жас кәсіпкер ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып отыр. Бұл орын алыс жолға шыққан адамдардың тынығып алуына ыңғайлы етіп жабдықталған. Мұнда тоқтағандар көліктерінің қауіпсіздігіне алаңдамайды, дәмді тағамға, қызметкерлер көрсеткен қызмет сапасына алғыс айтып кетеді.

Бұған дейін аудан көлемінде көпшілік басын қосып, қызық думанын өткізетін бір тойхананың жоқтығы жанға бататын. Ауыл тұрғындары балаларының тойын жасау үшін артынып-тартынып облыс орталығына дейін сабылатын. Әрине, бұл тұрғындар үшін қолайсыздық тудырды. Заманауи тойхана болса деген сөз көңіл түкпірінде атойлап жатқаны айқын еді. Енді, міне, жергілікті жұртшылықтың көптен күткен арманы орындалды десек те болады.

Жалпы, Тұлпардың осы салаға келгеніне 8 жылдай уақыт болған. Ең алғаш шағын банкет залын ашып, ісін бастаған жігіт бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай тойхананың қазығын қақты. Оның халыққа қызмет көрсету нысандары ел көңілінен де шығуда.

- «Әр қазақтың отбасында той, мереке болсын» деген ниетпен тойхана салуды қолға алған едім. Ол ойымды ауыл тұрғындары да қолдады. Ел игілігі үшін жасалатын ісім мұнымен шектелмейді. Алла сәтін салса, халық үшін қызмет ететін нысандардың қатары көбейетін болады, - дейді кәсіпкер жігіт.

Иә, жаңадан ашылған әрбір нысан халыққа қызмет етіп қана қоймайды, елді жұмыспен де қамтамасыз етіп, табыс табуына мүмкіндік береді. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта жаңа тойханада ауыл тұрғындары тұрақты жұмыс істейтін болады. Тойхананың ішкі сәні қаладағы әсем сарайлардан кем түспейді. Тойға жиналған жұртшылық үшін мұнда барлық жағдай қарастырылған. Іші жарық әрі кең. Би залы мен шайхана залы да жеке-жеке орналастырылған. Бүгінгі таңда тойхана 150 адамға дейін қабылдап, сапалы қызмет көрсете алады.


Мереке АМАНТАЙ,
Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz