Арқан жолы ашылды

Баянауыл ауданы. Мырзашоқы тауы. Бұл орын қысқы туризмнің мекеніне айналмақ. Мұнда көптен күткен арқан жолы іске қосылды. Дегенмен, демалушыларды қабылдауға ерте, дейді мамандар. Қар әлі жұқа. Жауапты мекеме өкілдері аталған нысанға арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Болат Бақауовқа тау шаңғы базасы алдағы қыс айларында туристерді қабылдай бастайтынын айтты.

- Арқан жолының ұзындығы 960 метрді құрайды. Оған әрқайсысы екі адамға шақталған 63 орындық орнатылған. Шамамен 700 метрді құрайтын таудың шыңына 11–24 минут аралығында көтерілуге болады. Бұл – арқан жолының жылдамдығына байланысты. Мұнда қауіпсіздік үшін желдің жылдамдығын өлшейтін құрал орнатылған. Егер жел секундына 25 метр жылдамдықпен ұйытқыса, арқан жолы тоқтатылады. Бұдан бөлек, ауа райына байланысты электр жарығы өшіп қалған жағдайда қосымша дизельдік генератор қарастырылған, - дейді арқан жолының бас операторы Медет Жетпісбаев.

Атап өтерлігі, қазіргі кезде нысанда 4 адам жұмыс істейді. Олар - Мырзашоқы тауының жанында орын тепкен Қаражар ауылының тұрғындары. Қар қалың түсіп, демалушылар ағыла бастаған кезде жұмысшылардың санын екі-үш есеге дейін арттыру жоспарланған. Осылайша, тау шаңғы базасының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін де аса тиімді болып отыр.

Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында тау бөктерінде екі қабатты ғимарат салынған. Онда киім ауыстыратын орын, демалыс бөлмесі бар. Сондай-ақ, қысқы спорттық киімдер мен шаңғы, сноуборд сияқты спорттық жабдықтар сатып алынған. Оларды жалға беру көзделуде. Атап өтерлігі, тау шаңғы базасы күніне 5 мың туристі қабылдай алады.

Колледждер «тағдыры» түбегейлі өзгермек

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы аудандағы аграрлық-техникалық колледжде болды. 250 адамға шақталған оқу орнында 180 студент білім алуда. Былтырға қарағанда студенттер саны 17 пайызға қысқарған. Ғимараттың біраз бөлігі бос тұр. Мұнда студенттер аспаз, газ-электр дәнекерлеуші, слесарь, бухгалтер, тас қалаушы сияқты мамандықтар бойынша білім алуда. Студенттердің жағдайымен танысқан облыс әкімі аудандардағы кәсіптік колледж басшыларының басын қосып, арнайы жиын өткізді.

- Елбасы жоғары оқу орындары мен кәсіптік колледждердегі білім сапасы түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейімен өлшенетінін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беруіміз қажет. Өкінішке қарай, аймағымызда аталған колледждер жұмысына қатысты олқылықтар көп, - деген Болат Жұмабекұлы төмендегідей деректерді келтірді. Биыл Баянауылдағы колледжді бітірген 55 түлектің тек 16-сы ғана еңбекпен қамтылған. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Аймақ басшысы колледжде бір студентті оқыту үшін мемлекет қазынасынан жылына 1 млн. 200 мың теңгеден астам қаражат бөлінетінін атап өтті. «Егер студенттер өз мамандығы бойынша жұмыс істемесе, онда қыруар қаражат шығындап, оларды оқытудың қажеті не?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал жұмысқа орналасқандарының жалақысы төмен. Оқытушылар құрамына қатысты да сұрақтар бар. Соңғы үш жылда бірде-бір оқытушының біліктілігі арттырылмаған. Бірнеше жылғы көрсеткішті алып қарасақ, түлектердің еңбекпен қамтылу деңгейі 67 пайыздан аспаған.

Баянауылдық кәсіптік колледж студенттерін еңбекпен қамту мақсатында жергілікті «Жайма» шаруа қожалығымен келісімшарт жасаған. Алайда бірде-бір студент аталған шаруашылықта тұрақты жұмысқа орналастырылмапты. Колледж басшылығы мұны жолдың шалғайлы-ғымен түсіндіріп отыр. Осы ретте, аймақ басшысы шаруа қожалықтарымен келісімшарттар қағаз жүзінде, көрсеткіш үшін ғана жасалатынын айтып, колледж директорларын сынға алды.

Мектептер мен колледждердегі кәсіптік бағдарлау жұмысы да сын көтермейді. Оқушыларға мамандық таңдауға дұрыс бағыт-бағдар берілмейді. Мысалы, Шарбақты колледжінде 6 қыз бала слесарь және дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алуда. Б.Бақауов бұл қыздарға тән мамандық емес екеніне баса назар аударды. Олар колледж бітірген соң өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейтіні де бесенеден белгілі.

- Облысымызда ірі шаруа қожалық-тарында кадр тапшылығы мәселесі өзекті тұр. Негізінде, шаруашылық-тарды кадрмен қамтамасыз етуі тиіс бірден-бір оқу орны – аграрлық колледждер екені белгілі. Алайда олар өз міндетін орындай алмауда. Кәсіпорындарда да осындай жағдай қалыптасқан. Мысалы, Бозшакөл кен-байыту комбинатында Қарағанды, Балқаш сияқты өзге өңірлерден, тіпті Қырғызстан, Өзбекстаннан келген мамандар еңбек етуде. Ал осыншалықты материалдық-техникалық базасы бола тұра біздің кәсіптік колледждердің аталған өндіріс орнына қажетті маман даярлай алмауы – үлкен олқылық, - деді облыс әкімі.

Жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, аймақ басшысы аграрлық колледждердің жұмысын түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Бұл ретте, облысымыз бойынша 12 колледждің «мемлекеттік мекеме» мәртебесі алынып тасталмақ. Аталған оқу ордаларының дербес түрде табыс табуларына мүмкіндік туады.

Красноармейка аграрлық-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаевтың айтуынша, студентерінің саны аз колледждерді қаржыландыру тиімсіз. Сондықтан аудандардағы 8 кәсіптік білім беру мекемесін бір жүйеге біріктіру жоспарланып отыр. Сәйкесінше, барлығына ортақ бір басшы болмақ. Жалпы, әкімшілік орталығы біреу болады. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл ретте басты мақсат білім сапасын арттыру екенін нақтылады. Алдағы жылға аймағымыздың техникалық және кәсіптік оқыту саласына 6,3 млрд. теңге бөлінген.

- Кейбір колледждердің жұмысын толығымен жаңа арнаға бұру қажет. Себебі, бүгінде әр аудандағы ірі шаруа қожалықтары өз жұмысында цифрлық технологияларға ден қоюда. Шаруашылық жұмысына заманауи техникалар сатып алынуда. Демек, сол техникалардың тілін түсінетін мамандар дайындау қажет. Сондықтан бірқатар аграрлық білім беру мекемелерін сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отыр, - деді аймақ басшысы. Бұл үрдіс Ертіс ауданында қазірдің өзінде пайдаланылуда. Ондағы колледжді «Оразбаев» шаруа қожалығы өз жауапкершілігіне алған. Сәйкесінше, өзіне қажетті мамандарды оқытуға мән беруде.

Колледждер жұмысын жетілдіру мақсатында оңтайландыру қолға алынған. Атап айтсақ, Павлодар қаласындағы монтаждық колледжі мен машина жасау колледжі, сондай-ақ, көлік және коммуникация колледжі мен темір жол колледжі біріктірілуде.

Жиын соңында облыс әкімі Б.Бақауов 10 қарашаға дейін аграрлық-техникалық колледждердің жұмысын дамыту бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Баспаналы болуда

Бұдан бөлек жұмыс сапары бары-сында аймақ басшысы Баянауыл ауылында бой көтерген жаңа тұрғын үйлерді аралады. Соның ішінде 24 пәтерлі екі қабатты үй бар. Мұнда жас мамандар қоныстанған. Жаңа пәтердің кілтіне ие болғандардың бірі - аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шайхым.

- Үстіміздегі жылдың маусым айында қоныс тойын тойладық. Жас мамандарға көрсетіліп жатқан осындай зор қолдау үшін облыс, аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл үйде тек мемлекеттік қызметшілер емес, мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да сұранысқа ие мамандық иелері тұрып жатыр, - дейді жаңа пәтер иесі.

Баянауыл ауданына оңтүстік өңірлерден де отбасылар қоныс аударуда. Солардың қатарында Нұрахмет Нүсіпұлы бар. Ол отбасымен Алматы облысынан көшіп келген.

- Павлодар облысында Баянауыл деген табиғаты көз тартатын жер бар екенін естіп жүретінмін. Биыл осы өңірге көшіп келудің сәті түсті. Мұнда аудан басшылығы, ауыл жұртшылығы да ерекше ықыласпен қарсы алды. Мемлекет тарапынан берілетін тиісті қаржылай қолдауға ие болдық, - дейді тұрғын.

Сондай-ақ, ол ауданның Шөптікөл ауылдық округіне қарасты Сұлужон елді мекенінен үй сатып алған. Алдағы уақытта сол ауылда тұрақтамақшы. Мал шарушылығын дамытпақ ойы бар. Бұдан бөлек Н.Нүсіпұлы қыран баптайды. Аудан басшылығы тарапынан қолдау болса, алдағы айларда бүркітшілердің республикалық сайысына Павлодар облысының атынан қатыспақ ниетте.

Жол қадірі

Аймақ басшысының Баянауылға жұмыс сапары барысында есте қалған тағы бір жайт – жол. Биыл Павлодар–Баянауыл бағытындағы жол бөлігі жөндеуден өткізіліп жатқаны белгілі. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқтала қойған жоқ. Кей бөліктерде әлі де арнайы техникалар жұмыс істеуде. Дей тұрғанмен, нәтижесі қазірдің өзінде білініп-ақ тұр. Бұған дейін облыс орталығынан Баянауылға дейін шамамен 4 сағат жол жүретін болсақ, бұл жолы 2,5 сағатта жеттік.


Данияр ЖҰМАДІЛ,
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz